Қала тіршілігі

ЖАСАМПАЗ ШАҺАРДЫҢ ЖАСЫЛ БЕЛДЕУІ

img_0440

Астананың айшығын жарастырып, келбетін келістіретін – кең көше­леріндегі тал-дарақтар. Ал айнала орын тепкен жасыл белдеу елорданың климатын өзгертіп, ауа­сын әрлегеніне ешкім дау айта қоймас. «Бас шаһардың бұрқасын бораны бұрынғыдай емес, басылған» дейтін қалалықтарды көп көріп жүрміз, өзіміз де куәміз. Сол жасыл белдеудің жайы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да, астаналықтардың да назарынан тыс қалған емес. Өткен сенбіде біздің де серуен сонда жалғасты.

Жәңгірдің жасыл бағы
Біле білсек, жер бетінде қолдан орман еккен алғашқы адам – қазақ, қазақ болғанда да, атақты Жәңгір хан. 1832 жылы Жәңгірдің ұсынысы бойынша Ресейдің Саратов қаласынан емен, қарағай және қайың көшеттері жеткізіліп, Бөкей ордасына отырғызылған. Нарын құмындағы осы орман әлі күнге жайқалып тұр. Мұндай жапырағы қамқа көк желек біздің Астанада да бар. Мемлекет басшысының тікелей қадағалауымен 1997 жылдан бері Астананы айналдыра ағаш егіп жатырмыз. Жасампаз ша­һар осы күні жасыл белдеуге ора­нып қапты. Он сегіз жыл бұ­рын отырғызылған көшеттер саялы бәйтерекке айналған.
Иә, қаланың қайнаған құрылы­сымен бірге, жасыл алқабы да жайнап келеді. Жыл сайын жаз­ға салым Президенттің арнайы барып, ағаштардың жай-күйімен танысатын әдеті бары аян. Сондай сапарлардың бірінде Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Елорданы Ақмолаға көшірген кезде қаланың ішіндегі климат нашар болатын. Қаланың ішін шаң басып кететін еді. Енді бүгінде алып орман ектік, қаланың ішіне де гүлзарлар мен ағаштар отырғызылды. Қазір қалада шаң жоқ. Астана маңында орманның жай­қа­лып өсуіне байланысты қа­ланың ішіндегі жел де азайды. Бас­тапқыда елорданың ма­ңына орман отырғызайық дегенде,
көбісі бұл жерде орман өс­пейді дегенді айтқан еді. Оған
қарамай, ғалымдармен ақыл­­дасып, орман отырғыза бас­тадық. Аз ғана жылдың ішін­де жайқалып өскен орманға айналды» деген еді.

2012-2016 жылдары жобаның 1,5 және 3 мың гектарды құрайтын екі сатысы толыққанды жүзеге асырылған. Осы уақыт аралығында 1 млн 846 мың түп ағаш отырғызылыпты. Оның 56 пайызы қылқанды жапырақты, ал қалған 44 пайызы жай ағаштарды құрайды.

Қырғауылы қырғын екен…
Бас шаһарды жағалай жатқан белдеудің аумағы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Орман биіктей, қалыңдай бас­тады. Тал-теректердің алды осыдан он сегіз жыл бұрын отыр­ғы­зылды, содан бері ауқымы кеңейіп, айы­лын кеңге созып келеді. Енді, міне, елорда әкімдігі Астананың жасыл бел­деуіне қосымша 15 мың гек­тарға жуық жер бөлді. «Астана орманы» ЖШС-нің директоры Мәулен Самамбетовтің айтуынша, бүгінде жасыл белдеудің жалпы аумағы 14827 гектарды құрайды. «Қазіргі уақытта Астананың жасыл белдеуін дамытуды екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі 1998-2004 жылдар аралығын
қамтыған еді. Алғашқы кезеңде, негізінен, қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. 2009 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезекті мәрте жасыл белдеуге кел­генінде, мұны тұтас орман алқабына айналдыру туралы тапсырма берген. Осы сәттен бастап екінші кезең басталды» дейді ол.
Мамандардан білгеніміздей, елорданың жасыл белдеуін жүзеге асыру алты сатыға бөлін­ген екен. 2012-2016 жылдары жобаның 1,5 және 3 мың гектарды құрайтын екі сатысы то­лыққанды жүзеге асырылған. Осы уақыт аралығында
1 млн 846 мың түп ағаш отыр­ғы­зы­лыпты. Оның 56 пайызы қылқанды жапырақты, ал қалған 44 пайызы жай ағаш­тарды құрайды.
«2017 жылдан бастап біз жо­баның үшінші сатысын жүзеге асыра бастаймыз. Ең бірінші кезекте әуежай аума­ғындағы
459 гектар учас­кені игеру қолға алынып, ондағы жұмыстар екі жылға созылады. Ал қалған сатылары қазіргі уақытта жобалануда. Жалпы, 2030 жылға дейін
бұл жұмыстар толығымен орындалады. Астана қаласының әкімдігі бізге қосымша 14827 гектар жер бөлмек. Қазіргі уақытта оның 8500 гектары берілді. Демек, бір-екі жылдан кейін біздің белдеудің аумағы шамамен 32 мың гектарға жетеді» деді М. Самамбетов. Оның атап өтуінше, Астана жасыл белдеуі аумағында велосипедпен серуендеуге арналған жол салу жұмыстары екі кезеңге бөлінген. 2011 жылы ұзындығы 4127 метрді құрайтын жол пай­­­­далануға берілген. Қазіргі уа­қытта екінші кезеңі аяқ­талуға жақын. Құрылыс жұ­мыстары осы айдың соңында аяқталғаннан кейін, велосипедпен серуендеуге арналған жолдың ұзақтығы 19127 метрді құрайтын болады. Бұл жол Қорғалжын және Қараөткел тас жолдарын жалғастырады.
Айтпақшы, біз жасыл белдеу­дегі серуен бары­сында орманға 200 қыр­ғауыл ұшырдық. Ал бүгінде бұл маңға шамамен 8 мың қырғауыл жіберілген.

erm_7855

Тәлімбақтың жұмысы тәнті етті
Астанада алдағы жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетін аумақта бота­никалық бақ салынып жатқаны белгілі. Ал дәл осы бақта отырғы­зылатын ағаштардың
90 пайызы «Астана көгал­дандыру құ­рылысы» АҚ-на қарасты тәлім­бақта өсіріліп жатқанын көпшілік біле бер­мейтіндігі анық. Біздің сапарымыз 1960-70-жылдары құрылған тәлімбақта жалғасты.
«Тәлімбақтың жалпы ау­мағы 349 мың шаршы метрді құрайды. Бұл жерде 600 мың түптен асатын ағаштың елуден астам түрі отырғызылған. Оның ішінде биік болып өсетін ағаштармен қатар, тапал бұталы ағаштардың да көшеттері бар. Жалпы, бұл тәлімбақтың негізгі мақсаты – елордамызды ағаштармен абаттандыру. Алпыс адам жылына тоғыз ай бойы үздіксіз жұмыс істейді» дейді «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісова. Оның айтуынша, бұл тәлім­бақта еліміздің солтүстік өңір­леріне тән, жерсінетін ағаштар дәне­гінен өсіріліп, бірнеше жылдан кейін елорда көшелеріне отырғызылады.
«Жалпы, біздің бесжылдық жоспарымыз бар. Бір жылда елордаға 20 мың үлкен ағаш­тармен қатар, 200 мың түп тапал, топырақсыз бұталарды жіберіп отырамыз. Ал биыл осы уақытқа дейінгі рекордтық көрсеткішке қол жеткізбекпіз. Жыл соңына дейін қалаға
40 мың түп ағаш береміз. Өйт­кені Астанада үлкен бота­ни­­калық бақ салынуда. Жұ­мысы осы жылдың қыркүйек айында басталған ботаникалық баққа биылдың өзінде 15 мың түп ағаш отырғызамыз. Негізі, бұл баққа 40 мың түп ағаш отыр­ғызу көзделген. Жоғарыда атап өткенімдей, оның 15 мыңын биыл егеміз» деді ол.
Тәлімбақ мамандарының айтуынша, Астананың бота­никалық бағын ағаштармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүр­гізілуде. Күніне 12-ден 40 түпке дейін үш метрлік қарағайлар елордаға жөнелтілуде.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button