Қала тіршілігі

Жасыл желекке оранған Сарыбұлақ

Жалпықалалық сенбілікте қала әкімі Әсет Исекешев «Таза өзендер» шарасына атсалысып, Сарыбұлақ арнасының бойында ағаштар отырғызды. 

almaty

– Елорданы көгалдандыру, барлық аудандарда және шағын аудандарда гүлбақтар мен саябақтар санын арттыру – басты міндеттеріміздің бірі. Астанада дәстүр бойынша жыл сайын 20 мыңнан артық көшет отырғызылады. Биыл ботаникалық бақтың салынатынын ескерсек, бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Осының барлығы халықтың кү­шімен және қолдауымен жаса­­лып жатыр. Сенбіліктер та­залыққа тәрбиелейді. Осылайша біз қаламызға деген сүйіс­пеншілігімізді жеткізіп, пат­риоттық танытамыз, – деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.
Сарыбұлақ жағасы аз уақытта адам танымастай өзгерген. Айналдырған екі айдың ішінде футбол мен балалар ойынына арналған алаңдар салынды, спорттық тренажерлер орнатылды. Көпірдің айналасын көгалдандыруға да көп көңіл бөлінген. 400-дей тұрғын бұл жерде 926 көшет отырғызып, Сарыбұлақ бір-ақ күнде жасыл желекке оранып шыға келді. Оң өзгерістер жайлы Астана қалалық мәслихатының депутаты Саят Батпенов:
– Тұрғындар «Ағаш жоқ, балалар ойнайтын жер аз, спорттық алаңдар жетіспейді» деп жиі шағымданатын. Барлық талап-тілектерді ескеріп, аудан әкімдігіне Сарыбұлақ бо­йын абаттандыруға қатысты жоба ұсындық. Жоба­ның іске асу мерзімі күзге жос­пар­ланған болатын. Елорда әкімі Әсет Өрентайұлы бастаманы бірден қолдады. Белсенді жұмыстардың ар­қа­сында Қосшығұлұлы көшесінің аумағы серуендеуге, велосипед теуіп, жүгіруге таптырмайтын демалыс мекеніне айналды. Мемлекеттік тұрғын үй қорына жататын сары кірпіштен соғылған үйлердің көптігінен астаналықтар бұл жерді «сары аудан» атайтын еді. Енді болашақта көрікті жасыл мекенге айналары сөзсіз, – деп әңгімелеп берді.
Ал Сарыарқа ауданының әкімі Павел Кулагиннің айтуынша, келесі жылы Сарыбұлақты абаттандыру жұмыстарының екінші кезеңін жүзеге асыру көзделіп отыр. «Екінші кезеңі Ә. Жангелдин көшесінен Н. Тілен­диев даңғылына қарай со­зылады. Мұнда бір жарым мың түп ағаш отырғызылып, баскетбол, волейболға арнал­ған универсалды алаңдар құ­рылысы жүргізіледі. Сонымен бірге, қысқы маусым кезінде Сарыбұлақ бойында сырғанақ салу да ойымызда бар» дейді аудан әкімі Павел Кулагин.
Жалпы, күзгі экологиялық айлық аясында Сарыарқа ауда­нындағы сенбілікке 28 мыңнан аса адам қатысты. Олардың қатарында шағын және орта бизнес кәсіпкерлері, 138 ПИК, аудандық Ардагерлер кеңесі, мектеп оқушылары мен ұстаздары, студент жастар бар. Бұл күні ауданда 2 мыңға жуық көшет егілді.

Мәдина ЖАҚЫП

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button