Сұхбат

Жегі құрт жалмап жатыр

Бұлардың көпшілігі радикалды көзқарастан бас тартты десек те, мемлекетімізге төніп тұрған қауіптің қою бұлты сейілді деуге әлі ерте. Сотталғандар арасында біреулердің арбауымен діни жат ағымдардың жетегіне еріп санасы уланғандар өте көп. Оларды райынан қайтарып, ұлттың өмір салтын ұстануға бейімдеуге жүйелі жұмыс жасалып жатыр. Мәселенің мән-жайын тереңірек талдау үшін «Ақниет» ақпараттық-насихат және оңалту орталығының басшысы Әлім  ШӘУМЕТОВПЕН әңгімелестік.

– Әлім Фазылжанұлы, еліміздегі теолог мамандарды кімдер даярлап жатыр?
– Менің білуімше, теолог мамандарды қандай да бір мемлекеттік орган даярлауға міндетті емес. Қазақстан Республикасы 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері көптеген жоғары оқу орындарында «Дінтану» факультеттері ашылды. Теология ғылымының дамуына мемлекет барынша мүмкіндік жасады. Соның негізінде қазіргі уақытта дінтанушы мамандар елімізде жеткілікті деңгейде. Өз кезегінде мемлекеттік органдар заң шеңберінде өздеріне қажетті дінтанушы мамандарды қызметке тартуға мүмкіндік қарас­тырылған. Мен «Ақниет» оңалту орталығының теолог маманы ретінде түзету мекемелеріне жиі барып тұрамын. Ол жерде жұмыс істейтін инспектор-теологтардың арасында арнайы жоғары діни білім алған азаматтар да бар. Айта кететін жағдай, қазіргі уақытта Дін істері комитеті ішкі істер органдары қызметкерлері арасында діни білім деңгейін арттыру мақсатында түрлі тренинг, курс өткізеді. Осы арқылы арнайы діни білім алған, басқа саланы меңгерген теолог мамандардың білім дәрежесі мен біліктілігі жетіле түсуде. Ішкі істер органының түзету мекемелеріндегі теолог қызметкерлер соңғы 5-6 жылда лаңкестік, экстремистік іс-әрекетіне қатысты бас бостандығынан айырылған адамдарды радикалды көзқарасынан қайтаруға арналған іс-шаралар бойынша жақсы жетістіктерімен танылып отыр.
– Тергеу изоляторындағы теолог мамандардың жұмысы қалай жүргізіледі екен? Жалпы экстремистік көзқарастағы адамдарды олар қалай анықтайды?
– Жоғарыда атап өткендей, «Ақниет» оңалту орталығының басшысы ретінде мен түзету мекемелерінің мамандарымен бірге түрмелерде отырған экстремистік көзқарас ұстанатын адамдармен жиі кездесемін. Экстремистік көзқарастың пайда болу себебін, радикал ретінде және діни білімінің деңгейін анықтау – басты мәселе. Орын алған проблеманы дұрыс анықтау – нәтижеге жетудің негізгі кілті. Сол себептен олармен жеке кездесу тәсілі жиі қолданылады. Бұл тәсілдің тиімділігі сол, қарсыластың ашылып сөйлесуіне және теологтың оны бақылауына көп мүмкіндік береді. Экстремистік көзқарасты анықтау процесі әртүрлі бағытта жүзеге асады. Бірі сөзімен білдірсе, енді бірі психологиялық реакциясы арқылы көрсетіп жатады. Әңгімелесу барысында олар теолог маманды шатастыру үшін әртүрлі қулық жасап, діни ұстанымын жасырады. Бірақ оны анықтау мақсатында тәжірибелі мамандар, оның ішінде арнайы тартылған психолог мамандар, кей жерлерде тұтас бір топ жұмыс істейді. Солардың берген қорытындысына сүйеніп, теолог маман да жұмыс жоспарын құрады.
– Кейбір дінтанушылардың пікірі әр алуан. Мысалы, «түрме қазір радикалдардың ұстаханасы болып тұр» деушілер де бар. Осыған байланыс­ты сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Негізсіз айтылатын пікір көп. Сол түрмедегі азаматтармен жұмыс істейтін теологтардың басшысы ретінде айтарым, онда ешқандай радикалдардың ұстаханасы жоқ. Ондағы жазасын өтеуші әр азаматпен түрме қызметкерлері және «Ақниет» орталығының мамандары бірлесіп алдын алу, оңалту жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмысқа ҚМДБ-ның білікті теолог мамандары мен имамдары да тартылуда. Айта кететін жағдай, алғашқы жылдары экстремистерді жалпы түрмелерде ұстау олардың топтасып жүруіне мүмкіндік бергенін және қатарларына басқа сотталушыларды тартқанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ соңғы 6-7 жыл көлемінде бұл мәселенің алды алынып, экстремис­терді жалпы қылмыстық әрекетімен отырған сотталушылардан алшақтату, олармен профилактикалық жұмысты үздіксіз жүргізу қолға алынды. Мемлекет тарапынан жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін берді. Жалпы экстремизммен күресу, қалыптасқан сананы өзгерту оңай іс емес. Бұл бағыттағы халықаралық тәжірибелерде де көптеген қателіктер бар. Діни радикалды түбегейлі жеңу әзірге дамыған мемлекеттердің де қолынан келмей отыр. Біздің еліміз сияқты жас мемлекеттерге сыртқы күштердің діни идеология­ны пайдаланып, ықпал ету әрекетіне тосқауыл қою тіпті ауыр. Түрмеде отырған адамның бәрінде өкініш бар, бірақ одан сабақ алу барлығына тән емес.
– Жат ағымның шырмауына түсіп, тар қапастан бостандыққа шыққандардың қайта қылмыс жасап жататыны рас па? Ондайлар көп пе? Жалпы түзеу мекемелерінде дерадикализация бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?
– 2020 жылдың 3 ақпанында Тараз және Қарағанды қалаларында ДДА жақ­тау­шылары қатарынан топ ұсталды. Олардың барлығы – бұрын сотталғандар, 2010 жылы Қарағанды облысының түзеу мекемелерінде жалпы қылмыстық баптар бойынша жазасын өтегендер. 10 жыл бойы олар құқық қорғау органдарының назарына түскен жоқ және олар ешқандай есепте тұрмады. Радикалдану процесі түрмеде емес, бос­тандықта өткен. Мысал келтіретін болсақ, бүгінде құқық қорғау органдарының дерегі бойынша 700 бұрынғы тұтқын бостандыққа шықты. Олардың көпшілігі радикалды көзқарастан бас тартты, тек 2 пайыздан азы радикалды позицияға оралды (шамамен 10 адам).
– Өзіңіз басқарып отыр­ған орталық туралы да оқырмандарымызға айтып берсеңіз.
– Мен басқарып отырған «Ақниет» оңалту орталығы 2014 жылы қаңтар айында қоғамдық қор болып ашылған. Алғашқы уақытта үш теолог маман жұмыс істеді. Мақсатымыз – діни экстремистік идеологияның қоғам арасына енуіне жол бермеу және одан зардап шеккендерді оңалту. 2019 жылы Қазақстан Үкіметінің тапсырмасы бойынша «Жусан» операциясымен Сириядан қайтарылған отандастарымызға қатысты оңалту шарасы сеніп тапсырылып, міндетімізді абыройымен атқарып шықтық. Әлі де осы бағытта жұмыс атқарып жатырмыз. 2020 жылы «Ақниет» оңалту орталығы еліміздің 18 өңірінде филиалын ашып, 60-тан аса теолог, психолог маманды қызметке тартты. Қазір біздің орталық ҚР ІІМ ҚАЖК теолог мамандарымен бірге түрмеде отырған экстремистерді радикалды көзқарасынан қайтаруға арналған кешенді шаралар жүргізумен айналысады. Сонымен қатар біздің теолог мамандарымыз Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, ІІМ және ҚМДБ қызметкерлерімен бірлесіп, қоғам арасында радикалды діни ағымның таралмауын қадағалайды. Сондай-ақ жекелеген тұлғаларға қатысты профилактикалық шаралар өткізумен, өзге ағымға кіріп зардап шеккен кез келген отандасымызды оңалтумен және оларға психологиялық көмек көрсетумен айналысады.
– Баяғыда түрменің өзі түр-түрге бөлініп, түзеу мекемелерін «қара» мен «қызыл» деп жіктейтін еді ғой. Осы күні «жасыл зона» деген термин пайда болды. Экстремизм бабымен сотталғандардың түрмедегі ықпалы қандай? Олармен басқа қылмыскерлер санаса ма?

– Пікірлес адамдардың қай жерде де топтасып жүруі – заңдылық. Түрмеде де намаз оқитын, ислам шарттарын қатаң ұстанатын адамдардың бір-бірімен оңай тіл табысатыны, уақыт өткізу үшін бірге жүретіні, тіпті жақын дос болатыны да жасырын емес. Бірақ оның да пайдалы жағы бар. Егер сол топтың беделді өкілі радикалды ағымнан бас тартқан, зайырлылықты дұрыс түсініп, дәстүрлі исламға мойын ұсынған адам болса, ол өз ортасына әрдайым оң ықпал етіп жүреді. Қазір ДДА бойынша жазасын өтеп шыққан азаматтардың қатарында орталығымыздың оңалту, дерадикализациялау жұмыстарына тартылып жатқандары да бар. Теріс ағым жетегінде кеткен азаматтар ұлттық болмыс, ұлттық құндылық дегеннен ажырап, басқаның жетегіне еріп кетіп жатыр. Олар тек өздерінің отбасына ғана емес, қоғамға да теріс ықпал етуде. Демек, бұл біздің ұлтымызға, мемлекетімізге қауіп төніп тұрғанын көрсетеді. Сол үшін ауруды жасырмай, ушықтырмай, салдарымен дер кезінде күрескеніміз жөн.
 

Сұхбаттасқан

Бауыржан СЕГІЗБАЕВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button