ӘлеуметБасты ақпарат

Жемқорлық індеттен де қауіпті

Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан, яғни, 820-дан 912-ге өскен. Бұл мәліметті кеше сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. «Transparency International ұйымының 2019 жылы өткізген сауалнамасының қорытындысы бойынша азаматтардың 28,7 пайызы мемлекеттік ауруханалар мен емханаларды сыбайлас жемқорлықтың ордасы деп атаған. Бұл басқа мемлекеттік мекемелермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, мысалы, полиция – 11,3%, жер қатынастары басқармасы – 7%, мемлекеттік балабақшалар – 6,9%. Өз денсаулығына алаңдап ауруханаға барған адамдардың қажетті медициналық көмек алу үшін кімге қанша ақша берем деп уайымдауына жол беруге болмайды» деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табысы азайып, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті.

Бірде әлеуметтік желіден танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың мынадай пікірін оқыдым: «Үкіметіміз ақпараттандыру мен цифрландырудың дамуына жұмсаған қаражатқа әлемнің ең жоғары технологиялы компанияларының тізімінің жартысын құруға болар еді. Америкалықтарда «Тек су қайтқанда ғана кім дамбалсыз жүзгені көрініп қалады» деген жақсы мақал бар. Өкінішке қарай, Білім министрлігі өзінің «Күнделігімен», Денсаулық сақтау министрлігі өзінің үлестес «DamuMedімен», e-gov электронды үкіметі, цифрландыру деп аталатын көпжылдық жобасы құмға сіңген судай ғана болып отыр. Алайда, Беларусь секілді осындай тапсырыстарды жеке IT компанияларға берсе, Қазақстанның IT секторын толығымен зор қарқынмен аяққа тұрғызуға болар еді. Олар осы жұмысты жүз, тіпті, мың есе арзанырақ жасайтындарына сенімдімін».
Жөн сөз. Шынында да біздің қоғамды құрдымға кетіретін жемқорлық десек қателеспейміз. Биыл наурыздан бері зәремізді ұшырып, күнделікті өмірімізді мүлдем өзгертіп жіберген індет елімізде жемқорлықтың түп-тамыры тереңдеп кеткенін көрсетті. Түйені түгімен, биені бүгімен жұтқан жалмауыз жемқорлардың саны күн сайын жауыннан ке­йінгі саңырауқұлақтарша қаптап келеді. Жаңалықтар таспасын қарап отырсаңыз, құзырлы агенттік күн са­йын бір жемқорды ұстайды. Бұлай бетімізбен кете берсек, індеттен мың есе қауіпті жегіқұрт ұлтымыздың түбіне жетері анық.

191 млрд теңге қайда жұмсалды ?

Ерте көктемде елімізді алапат ауру шошытқанда індетпен күресуге мемлекет қазынасынан 191, 9 млрд теңге бөлінгені мәлім. Одан бөлек, тағы 400 млн АҚШ долларына жуық қаражат жұмсалған. Таң қаларлығы сол, осы қаражаттың 600 млн теңгесі флешмобтарға, бейнероликтер түсіру мен беймәлім PR-науқанға жұмсалыпты. Ал 200 млн теңгенің қайда кеткенін әлі ешкім білмейді. Қайран, желге ұшқан миллиондар-ай!
Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қызметтің республикалық арнайы бақылаушылар тобының жетекшісі Айгүл Соловьева сарапшылар тобының індетке бөлінген ақшаның қайда жұмсалғанын тергеуге кіріскенін мәлім етті. «Менің қолымда 600 млн теңгенің жай флешмобтар көрсеткен қандай да бір пиар-нау­қанға жұмсалғаны туралы ақпарат бар. Бұл қаражатқа науқастарды емдеуге керекті дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтарды сатып алуға болатын еді. Солай істегенімізде індетке қатысты ахуал маусым, шілде айларында қатты ушықпас еді» дейді Айгүл Соловьева.
Ол 600 млн-ның 200 млн-ы қайда жұмсалғанын ешкім білмейтінін айтады. «Біз қазір талдау жасауға кірістік. Егер бұл ақша шынында жұмсалмаған болса оны да тексереміз. Бірақ ақшаның қайда кеткенін табу оңайға соқпайды. Өйткені ол тендер арқылы белгілі бір компанияның шотына аударылды ғой. Демек тендерді ұтып алған сол компанияның ақшасы деген сөз. Алайда біз індетке бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғанын толық анықтаймыз» деп түсіндірді мәселенің мәнісін бақылаушылар тобының жетекшісі. Желге ұшқан миллиардтарды жұмсаумен Денсаулық сақтау министрлігі айналысты.

Кімге сенеміз: Шолпанқұловқа ма, Цойға ма?

Індетпен күресуге бөлінген қаражаттың үш түрлі сомасы айтылып, жұртты шатастырғаны рас. Әуелі Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов: «Пандемия­мен күреске республикалық бюджеттен 191,2 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде бюджетті нақтылау аясында 125 млрд. теңге, Үкімет резервінен – 66,9 млрд теңге бөлінді» деді ол. Алайда вице-министрдің «Бұл ақша мемлекеттік сатып алудан соңғы тұтынушыға жеткенше бақылауда болады» дегені шындыққа жанаспай тұр.
Көп ұзамай-ақ Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой індетпен күресуге министрлікке 114,8 млрд теңге аударылғанын хабарлады. Сонда кімнің сөзіне сенеміз? Бұл әлгі жаңылтпаш айтатын балалардың ойынына ұқсап кетті. Соны сезгендей, Берік Шолпанқұлов: «Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайлов ол кезде барлық мемлекеттік органдар бөлген соманы айтты. Ал Алексей Цой өзінің министрлігіне қатысты соманы жеткізді» деп айырмашылығын түсіндірмекші болды.

«Фармация»-дағы былық-шылық

«Фармация» ЖШС 2009 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның жанынан құрылып, 4 жылдан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына өтті. Сол уақыттан бері, 11 жылда 6 төрағасы ауысыпты. Басынан дау арылмаған компанияның бірнеше басшысы істі болды. Солардың бірі – жуырда ұсталған экс-басқарма төрағасы Берік Шәріп. Алайда Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі 10 шілдеде қызметінен босатылған Б.Шәріпке қатысты: «14 тамыздан бастап соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Кінәлілігі туралы соңғы шешімді сот шығарады» деген ғана шолақ ақпарат таратты.
Індеген індет «Фармацияның» барлық былық-шылығын әшкерелеп берді. Ауру жұқтырған адамдардың саны көбейіп, дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бағасы күрт қымбаттап кеткенде құзырлы құқық қорғаушы мекемелер «СК-Фармацияның» қоймаларында науқастарға қажетті дәрі-дәрмектердің сөрелерге сыймай тұрғанын анықтады. Ол ол ма, еліміздің өңірлерін қажетті дәрі-дәрмек, медициналық бұ­йымдармен қамтамасыз ететін компания шетелдерден келген гуманитарлық көмекті қасақана кешіктіріп, таратыпты. Мысалы, мамыр айында Катардан әкелінген жүк шілденің басына дейін аймақтарға бөлініп, жіберілмеген.
«СК-Фармацияның» төңірегіндегі былықтарға бірден назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев компания­ға сенімсіздік білдірді. Президент Үкімет мүшелерімен өткізген жиында «кландық мүдделер топтастырылған» мекемеде жұрттың бәрі жұмыс істеуге ұмтылатынын сынға алды. Көп ұзамай, Президенттің тапсырмасымен Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі компанияны жемқорлық қылмыстарға қатысты тергеуді бастады. Берік Шәріптің орнына Премьер-Министр Асқар Маминнің келісімімен Ерхат Ысқалиевті тағайындады.

Қордың қоры қанша?

«СК-Фармациямен» қатар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының айналасындағы жанжалдың оты да бірге тұтанды. Халықтың миллиардтарының ұрланып, ешкімнің бақылауынсыз қалған қордың да басынан дау-дамай кеткен емес. Мәселен, МӘМС-тің бұрынғы басшысы Айбатыр Жұмағұловтың әйелі Гүлбаршын Заирова әлеуметтік желіден өзіне күйеуінің 12-ші жаңа автокөлігін сатып алып бергенімен мақтанып, халықтың ашу-ызасын туғызды. Кейінірек Жұмағұловтың өзі «бұл жалған ақпарат, ашық диверсия» деп мәлімдеді. Алайда бұл жердегі жемқорлықтың бар-жоғын құзыр­лы органдар әділ, ашық тергеуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтегі басқосуда Денсаулық сақтау министрі А.Цойға МӘМС-тің басшысы А.Жұмағұловты қызметінен босатып, оның орнына барынша іскер және сәнқой емес адамды тағайындауды тапсырды. Алексей Цой бұл орынтаққа Болат Төкежановты лайық көріпті. Әрине, жаңа басшылар халық пен биліктің өзіне артқан сенімін ақтай ма, жоқ па оны уақыт көрсетер.

Сарапшылар не дейді?

Қазір індеттің беті қайтып, жағдай біршама тұрақтала бастады. Алайда халықтың басына қауіп-қатер төнгенде, жүздеген науқастар ауруханаларда дәрі-дәрмектің жоқтығынан көз жұмғанда жауапсыздық пен жемқорлықтың барша қазақтың арқасына аяздай батқанын көзімізбен көрдік. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанса қайтпекпіз? Осығана орай, үш сарапшының ой-пікірін беруді жөн көрдік.

Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, экономист:

«Биыл жазда індет жайлағандағы алапат трагедияны Құдай басымызға енді бермесін! Әрине, кеудесінде жаны бар адамға өлімнің бір келері хақ. Бірақ ауыр­ған адамдардың дәрі-дәрмектің, өкпені жасанды желдету аппаратының, ауруханадағы орынның, дәрігердің жетіспеушілігінен көз жұмуы өте өкінішті және аянышты! Бұл – италиялық сценарий емес, соңғы 30 жылда бюрократия мен жауапсыздық жемқорлықпен қосылғанда көрген ауыр қайғымыз, жазылмас қасіретіміз!».

Рақым ОШАҚБАЕВ, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры:

«Біз бүгін МӘМС-тегі жалған реформаның құрдымға кеткенін мойындауға тиіспіз. Біз 2,5 жыл бойы ақшамызды осы құрылымға аударып келеміз, бірақ ешқандай көмегін көрмедік. Өз қалтамыздан қаражат төлесек те, індет жайлағанда дәріханалардың есігін тоз­дырып, ПЦР-тестілеуге шығындалдық. Бұл – бюджеттен тыс төленетін квазисалық! Ал МӘМС деген жабық, қараусыз қалған құрылым. Ондай құрылымның не керегі бар?».

Ерлан САИРОВ, саясаттанушы:

«Меніңше, аталған құры­лымдардағы жемқорлыққа қатысты жедел, өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Лауазымды тұлғалардың өз ісіне жауапсыздығынан қаншама адам қайтыс болды. Сол қоймадағы дәрілерді дер кезінде жеткізіп, қаншама адамның өмірін сақтап қалуға болар еді. Біз қиын сәтте жақындарымызға көмек бере алмадық.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button