ЖаңалықтарҚала тіршілігі

ЖОЛ ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

erm_3763-2-asli

Жастар шағын ауданынан басталатын Асан қайғы көшесіндегі небәрі 300 метр жол шұрқ-тесік болып  жатыр. Соның салдарынан автокөліктер 1 минутта өтіп кететін жерден 10-15 минут кідіріп, тасбақаның күйін кешуде. Ал осы жолды жөндеуге автомобиль жолдары басқармасы неліктен құлықсыз болып отыр?

Елордадағы негізгі көшелер тақтайдай тегіс болғандықтан «Астанада жолдың мәселесі жоқ шығар» деп ойлауымыз бек мүмкін. Өйткені жыл сайын бас қаланың негізгі жолдары сүріліп тасталып, оның орнына жаңадан асфальт төселіп жатады. Алайда Астананың қақ ортасындағы шұрқ-тесік жолды көрген кезде «Аспаннан киіз жауса, құлға ұлтарақ та тимейді» деген қазақтың мәтелі еске түсті. Мәселен, Асан қайғы көшесіндегі жол бірнеше жылдан бері жөндеу көрмей тұр. Ал автокөлік жүргізушілері болса, қаланың қақ ортасындағы көшенің назардан тыс қалып отырғанына қынжылыс білдіреді.
– Осы жолмен күн сайын болмаса да күнара жүремін. Өкінішке қарай, тап осы көшеге келген кезде кібіртіктеп жүре алмай қаламыз. Бұл жолдың кемшілігі қыс мезгілінде аса білінбейтін еді. Себебі қалың қар қотыр жолдың тесігін бітеп тастаған соң, әрі-бері қозғалу қиындық тудырмайтын. Әйтсе де, көктем келіп, қар ерігеннен кейін осы жол қайтадан ойдым-ойдым болып қалды. Осының кесірінен 1 минутта өтіп кететін жерден 10-15 минут тұрып қаламыз.
Бұл – бір. Екіншіден, жаман жолдың салдарынан көліктерімізді жөндеу орталығына апарамыз. Бұл да қалтаға салмақ салып тұр, – дейді Ақылбек Бейсенбек есімді жүргізуші.
Кез келген жүргізушіні тоқтатып «Асан қайғы көшесіндегі жолдың сапасы қалай?» деп сұрасаңыз «жылап» қоя береді. Сондай-ақ, осы жолдың бойында тұратын азаматтар да жолдың тез арада жөнделгенін қалап отыр. Алайда олар жол жөнделген жағдайда жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырып, балаларға қауіп төндіруі мүмкін деген пікірде.
– Әрине, біз шұрқ-тесік жолдың жөнделгенін қалаймыз. Алайда теп-тегіс жол салынған соң жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырып жібермей ме екен деп алаңдап отырмын. Себебі қаламызда автокөлікке отырса, жан баласына жол бермей кететін жүргізушілер жетерлік. Міне, осы мәселені алдын ала ескеріп, жолға жасанды кедергілер қойылса жақсы болар еді. Өйткені кейбір жүр­гізушілердің жылдамдықты арттырып, балаларға қауіп төндіруі мүмкін. Балалар тұрмақ, кей кезде үлкен кісілердің өзі жолдан өте алмай жатады, – дейді Азамат Оразалин.
Шынында да, тұрғындардың алаңдауына негіз бар. Өйткені оқыс оқиға Астанада жиі болмаса да, анда-санда орын алып отырады. Сондықтан да жол жөнделгеннен кейін жасанды кедергілер қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал 300 метр жолдың жырын Автомобиль жолдары басқармасы жылдан жылға қалдырмай шешіп тас­таса болар еді. Себебі Астананың қақ ортасындағы көшенің сыны өзге жұмыстарға көлеңке келтіріп тұр.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,
«Астана ақшамы»

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button