Мәдениет

Жұмекеннің пиджагі

Елордадағы Ұлттық музейде тарихымызға, айтулы тұлғаларға қатысты құнды жәдігерлер көптеп кездеседі. Соның бірі ретінде аса көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің пиджагі мен галстугін айтсақ дейміз.

Бұл екі жәдігерді 2015 жылы «Музейге сый тарту» акциясы аясында ақынның қызы Әйкен Жұмекенқызы Нәжімеденова тапсырыпты. Ардақты азаматтың иісі сіңген пиджак екі түймелі, қара түсті былғарыдан тігілген. Қолда жақсы сақталған деп айтуға болады.
Айтпақшы, алдағы 28 қарашада ақынның туғанына 85 жыл толады. Әп дегеннен поэзияға өзгеше өрнегімен келіп, қазақ өлеңін биікке көтерген санаулы саңлақтардың қатарына қосылған қаламгердің қаламынан терең ой мен шынайы сезім қатар өрілген тамаша туындылар туды. Ол кісі проза жанрында да қажырлы еңбек етіп, «Ақ шағыл», «Даңқ пен ­дақпырт», «Кішкентай» деген сүйекті романдар жазды. Сондай-ақ Жұмекен ағамыз­дың мемлекеттік әнұран авторының бірі ретінде де есімі құрметпен аталады. Қабырғалы суреткер өмірден өткеннен кейін біраз жылдардан соң, яғни 2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен дастандар жинағына Мемлекеттік сыйлық берілді.
Ақынның досы, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбай «Жұмекеннің жүрегі» деген естелігінде: «Қазақ поэзиясының оқшау тұрған үш бәйтерегі – ­Қасым, Мұқағали, ­Жұмекен бір-бірімен тағдырлас өмір кешіпті. Жас жағынан үшеуі де қырықтың қырқасына шыққанымен, елудің етегінен ұстап үлгермегендер. Ал шығармашылық өмірбаян тұрғысынан келсек, біздіңше бұл үшеуі де негізінен айтарын айтып, жазарын жазып кеткендер» депті. Осыдан артық айту да мүмкін емес.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button