Басты ақпаратҚала мен Сала

Жерүсті жолының тиімділігі зор

Бас қаламыздағы құрылысы тоқтап қалған ірі жоба – жерүсті жолы (LRT) туралы кейін­гі кезде көп айтылып жүр. Қазір оны қайтадан қолға алып, жүзеге асыру тиімді екені белгілі болды. Осыған байланысты өзімнің көкейімде жүрген ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

Дұрыс, LRT-ны бастаған екен, енді оны аяқтау керек. Бағаналардың үстін байланыстырып тұратын бетон жолдар қойылып жатыр. Соған қоса аялдамалар салса, қуатты электр энергиясын жұмсамай, оны үнемдеп, жаяу жол жүргіншілерге арнап жолүсті жолын да қоса салса деген ұсынысым бар. Мұны, сызбада көрсеткенімдей, түгел әйнекпен доғалай қаптаса, бұл Астананың қысында бораны, жауынды-шашынды, жазында қапырық ыстығы мен желі күні-түні жаяу жүргіншілер мен велосипед, самокат тепкендерге өте қолайлы орын болмақ. Астана бюджетіне аз да болса қаражат түсіп отырар еді.

Жерүсті жаяу жолдардың қандай тиімділігі болуы мүмкін? Ол алдымен жолау­шылардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Бұл өз кезегінде көшедегі көлік кептелісінің сейілуіне септеседі әрі жаяу жүрген адам денсаулығына өте пайдалы.

Соңғы уақытта сағат 07:30-09:00 мен 18:00-19:30 аралығында қаланың негізгі көшелерінде кептеліс көп болады. Бұл астаналықтар үшін айтарлықтай кедергі тудырып отырғаны анық. LRT-ның бағасын көтермей, оның жанынан жаяу жүргіншілер жолын салса, сол тиімді болар еді.

Жұрт өтетін аялдама тұсына сауда нүктелерін орнатуға болады. Яғни бұл орындар – шағын және орта бизнесті дамытуға арналған қолайлы орынның бірі. Арнайы ғимарат ішінде орналаспағандықтан, оның жалға алу құны да әлдеқайда арзандау болары сөзсіз. Мұндай сауда алаңдарына қызығушылық танытатын жұрттың қарасы қалың боларына еш күмән жоқ. Себебі бұл – қолданыста бар тәжірибе. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Алматы қаласындағы жағдайды мысал етуге болады. Жерасты немесе жерүсті өтпелі жолдарының қайсысына барсақ та, кәсібін дөңгелетіп отырған саудагерлерді көреміз. Бірі түрлі тәтті-дәмдісін сатса, енді бірі тігін шеберханасын ашып алған. Ал олар күзет қызметтерімен арнайы келісімге отырғандықтан, қауіпсіздігіне алаңдамайды. Сондықтан бұл бізге де қажет үрдіс. Жағдайы төмен отбасылардың өз күнін өзі көруі үшін аздап қол ұшын созғанымыз болар еді.

Айтпақшы, жерүсті жолына, әсіресе қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне қиындық туғызбас үшін арнаулы жеделсатыны да қоса орнатқан абзал.

– Басқа қалаларда, қолданылатын құрылыс әдіс­терінен бөлек, түрлі нұсқадағы конструкторлы текше пішінді өзара қосылатын жүйені таңдауға болады. Құрамдастар мынадай санатқа бөлінуі мүмкін: кіру тобы, эскалатор көтеру блоктары, желілік өтпелі орындары. Ал оларды біріздендіру және бірыңғай стандарт бойынша жүргізу оңай. Әрқайсысының өз ерекшелігі болуы мүмкін. Мәселен, эскалатор көтергіш блоктарда сатылар да, тіпті қажет жағдайда лифтілер де болады. Әр аялдамада жүргіншілерге керекті жарақтармен әжетханалар болады. Ал қолайсыз ауа райы жағдайында мұндай жабық аялдамалар жаяу жүргіншілердің жайлылығын қамтамасыз ете алады. Алдағы уақытта тіпті ғимараттан ғимаратқа дейінгі жабық өткелдер жаяу жол жүйесін одан әрі дамытуына негіз болады екен.

Тағы бір ұсыныс – жерүсті жолын, яғни LRT-ны те­мір­жол вокзалы  мен  әуежайдың арасында қосса деймін. Екеуінің арақашықтығы – 22 шақырым. Екі ортаға 11 аялдама керек.

2023 жылы қалалық әкім­дік осы LRT-ның жоспарын әзірлеп, халыққа арнайы таныстырса құба-құп болар еді. Бұған LRT – «Жібек жолы» деген атау берсе жарасар еді.

Қазір әлем көз тігіп отыр­ған бас қаламызға турис­тердің келуі де жыл санап артуда. Жаяу жолүсті жолын тиімді орнатса, қала­ның әдемі жерлерін жаяу жүргіншілер серуендеп тамашалар еді әрі қаланың көрікті жерлерінің біріне айналар еді.

Рысбек АСҚАРҰЛЫ,

Астана қаласының тұрғыны

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button