Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Зұлмат заман қасіреті

Қолдан жасалған қасіреттің құрбандарын еске алу – бүгінгі ұрпаққа – парыз, келер ұрпаққа – тағылым.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының қабылдануы халқымызға үлкен серпіліс әкелді. Қайта-қайта тарихқа үңіліп, құжаттарды парақтап, зерделеу, іздестіру жұмыстары жүргізілді, тылсым құжаттарға тіл бітіп, көптеген кітаптар шығарылып, мақалалар жазылды, ғылыми талдаулар жасалды, жазықсыз жазаланғандар ақталды. Тарихымыздағы «ақтаңдақ» беттер ел есінде мәңгі сақталуы үшін 1997 жылы Қазақстан ­Рес­публикасының Президентінің Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп бекітілді.

Ал 2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды, жер-жерде өңірлік комиссиялар жұмыс жасауда.

Қазақстан Республикасы ­Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен Астана қаласының мемлекеттік архиві бірлесіп  әзірлеген «Зұлмат заман қасіреті» атты архив құжаттарының көрмесі бір минуттық үнсіздік жариялаумен басталды.

Көрмеге Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Астана қаласы бойынша өңірлік комиссия мүшелері, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессор-ғалымдары, «Алжир» мемориалды-мұражай кешені қызметкерлері, Астана қаласының мемлекеттік архив қызметкерлері, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми қызметкерлері, докторанттар мен магистранттар, студенттер, мектеп оқушылары қатысты.

Кіріспе сөз сөйлеген Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, Phd доктор – Жандос Бекділдәұлы Болдықов пен Астана қаласының мемлекеттік архивінің директоры, Phd доктор – Берік Жолмұханұлы Төребеков көрменің маңызы мен мазмұнына тоқталды. Б.Төребеков өңірлік комиссия мен астаналық архив бірлесіп шығарған құжаттар мен материалдар жинағын, «Архив хабаршысы» ғылыми-көпшілік, әдістемелік-ақпараттық журналының 2023 жылғы № 1 (7) санын сыйға берді.

Жиналған қауым өткен ғасыр­дың 20-40-жылдарындағы естен шықпайтын, ұмытылмайтын тарихымыздың ауыр да, қасіретті кезеңінен сыр шертетін деректі фильмге назар аударды.

Ұлт тарихындағы ауыр трагедия­мен сипатталатын бұл қаралы ­да­ ­қайғылы оқиғалар әр қазақ отбасын шарпыды, сана мен жүректе ­терең қатпарлы із қалдырды. Адамды ­адам ­қасқырдай талаған кезең. Біреудің біреуді аямауы, бірін-бірі құзға құлатуы жырт­қыш аңнан да бетер еді. Жаппай ­репрессияға ұласқан «қызыл қырғынның», «үлкен қырғынның» диірменінен ­жүз­ мыңдаған қазақстандық­тар өткен, оның жиыр­ма мыңы сот­пен де, ­сотсыз да «үштіктің», «бес­тіктің» қаулы­ларымен ­өлім жазасына кесіліп, атылып кеткен

Одан кейін сөз кезегін алған     Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ғалым-профессоры Құрманғали Ғазизұлы Дәркенов: «Қуғын-сүргін большевиктер билік басына келген жылдардан басталды. Алаш зиялыларын қауіпті, сенімсіз элемент ретінде биліктен ығыстыру, шеттету, кейін әртүрлі себептермен қылмыстық істер ашылды.

Ал ашаршылық мәселесіне тоқталсақ, Кеңес Одағы ел ішіндегі азық-түлік дағдарысын шешу және шетелден өндіріске қажетті технология алу үшін ет дайындау жоспарын 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында күрт өсірді. Қазақстанды ет дайындау базасы ретінде қарастырған орталық шектен тыс, өте көп ет дайындау жоспарын бекітті.

1930-1931 жылдары Қазақстанға 493 500 тонна ет өткізу жоспарын берді. Бізде сұмдық ашаршылық болды деп Еуропарламентте, АҚШ Конгресінде көтерген, екінші орындағы Украина 434 800 тонна ет өткізуге тиісті болады. Міне, осылай қазақ жерінде мал сою пункттері ашылып, мал сойылып жөнелтіле бастады. Неге бізде алапат ашаршылық болды, ал көршілес елдерде мұндай жағдай болмады деген сұрақ жиі қойылады. Себебі ашаршылық қақпанына түспеген қазіргі Орталық Азияның үш мемлекеті – Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан небәрі 66200 тонна өткізуі керек болады. Қырғызстанға бекітілген ет дайындау жоспары тіптен аз болатын.

Архив құжаттарына сүйенсек, Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына 1931 жылдың ақпан-нау­рыз айларында жеткізілген еттің 53,9 пайызы, Ленинград қаласы мен Ленинград облысына жеткізілген еттің 43,3 пайызы Қазақстаннан жіберілді.

Ал РСФСР-дің Мәскеу мен Ленинградтан басқа аймақтарына жеткізілген еттің 57,5 пайызы Қазақстаннан жеткізілді.

Ал осы уақытта қазақ жерінде ашаршылық дендеп, халық аштан қырылды. Қайтсек аман қаламыз деп көтеріле көшті. Басқа облыстар жеріне, Ресей территориясына сыпырыла қозғалды. Қытай асты. Қазіргі ­Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан жеріне кетті. Т.Рысқұлов Сталинге жазған хатында 6-8 жасқа дейінгі балалардың көпшілігі қырылып қалды деп жазды. Жақында Фейсбукте Е.Төлеутай Қарқаралыда ашаршылыққа дейін 50 мың адам болса, ашаршылықтан соң 15 мың, Жаңарқада 25 мың адамнан 5 мың, ал Шет ауданында 26 мың адамнан небары 5 мың адам қалды деп жазды. Егер осы дерекке қарап отырса, қазақ аудандарында халықтың 70-80 проценті аштықтан қырылды немесе жан сақтау үшін босып кетті.

Ал қуғын-сүргінге келсек, ол әрине, аз айтылған жоқ. Қазақтың алаш жағында болғандары ғана емес, осы кеңес өкіметін қолдағандар, оны орнатуға белсене қатысқандары да қуғын-сүргінге түсті. Әлихан, Ахмет, Міржақып т.б. ғана емес, Сәкен, Илияс, Бейімбет т.б. олардың өздері ғана емес, отбасы да қорлық, зорлық көрді. Бейімбеттің әйелі Күнжәмила алты баласынан айрылып, Алжирге айдалып, қара жұмысқа салынды. Кейін лагерьден босап шығып балаларын іздеп барғанда, Ресейдегі балалар үйінде жүрген балалары аналарын танымады. Сәкеннің жары Гүлбахрам да осы күйді басынан өткізді. Сәкеннің жалғыз ұлы, артындағы тұяғы Аян осы қыстың суығында Алжирге анасымен айдалып келе жатқанда жолда өлді. Жүсіпбектің балалары да балалар үйіне жіберіліп, Жанағы – Женя, Евгений, Бектұры –Виктор болып, орыс есімін алып кетті.

Бұл – біздің қасіретті тарихымыз. Ендеше бұл кезеңдегі зұлматты ұмыту мүмкін емес» деп аяқтады.

«Қазақстан тарихының өткен кезеңдеріне терең мән бере, зер сала қарайтын болсақ, тағдырдың талай қысталаң шақтарында тапқанынан жоғалтқаны көп халқымыздың сан қилы қиындықтарды бастан өткергенін көреміз. Солардың бірі, зұлмат заман қасіретіндегі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезеңі болып табылады.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңына байланысты архив деректерінде көрсетілгендей: «БКП(б) ОК шешімі негізінде (1937 жылғы 17 қарашадағы) қуғын-сүргінге ұшыраған Кеңес­ке қарсы элементтердің қосымша санын ұлғайту» жөніндегі шешімге сәйкес, бірінші санат бойынша (ату) 1650 адам, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша 200 адамнан (Ақмола, Қостанай, Петропавловск т.б.), екінші санат бойынша (еңбекпен түзету лагерьлерінде 10 жыл) – 2600 адам, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы (Ақмола, Қостанай, Петропавловск т.б.) бойынша – 550 адам. Құжатта «резерв» деген баған болды, ондағы бірінші санат бойынша – 350 адам, екінші санат бойынша 400 адам бекітілді, демек, тоталитарлық жүйе жағдайында саяси негізде қуғын-сүргін, репрессияға жол берілгендігі сөзсіз еді. Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, ­М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, ­М.Жұмабаев, ­С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, ­Б.Майлин, ­С.Асфендияров сияқ­ты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар. Бұл құрбандардың басым көпшілігі халқына қалтқысыз қызмет еткен ұлт қаймақтары болатын.

Ұлт тарихындағы ауыр трагедиямен сипатталатын бұл қаралы да қайғылы оқиғалар әр қазақ отбасын шарпыды, сана мен жүректе терең қатпарлы із қалдырды. Адамды адам қасқырдай талаған кезең. Біреудің біреуді аямауы, бірін-бірі құзға құлатуы жыртқыш аңнан да бетер еді. Жаппай репрессияға ұласқан «қызыл қырғынның», «үлкен қырғынның» диірменінен жүз мыңдаған қазақстандықтар өткен, оның жиырма мыңы сотпен де, сотсыз да «үштіктің», «бестіктің» қаулыларымен өлім жазасына кесіліп, атылып кеткен.

Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.

Ұлттың төл мәдениеті мен түзу діні сақталған жерде зиялылардың дұрыс өсіп жетілетіндігін тарих дәлелдеді. Сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы діни адамдар елдің бірлігімен қатар, ұлттық бірегейлікті, қоғамның рухани тереңдігін сақтап отыруда үлкен еңбек сіңірді. Нәтижесінде, бабаларымыз шамасы келгенше ұлттық мүддеге қорған болып, сақтап қалды. Сонымен қатар, ұлттың тарихи санасын, бірегейлікті сақтауда дәстүрлі қазақ қоғамындағы діни институттың қызметін сақтап қалуға ұмтылғандығын да түсіну қиын емес. Яғни, қазақтың кейбір ауқатты адамдары қазақ қоғамындағы дін мен діни адамдардың рөлін күшейту арқылы, ел мүддесіне қызмет ететін зиялылардың жаңа буынының қалыптасуына қызмет еткен.

Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары әрқашан біздің жадымызда сақтау, одан сабақ алу және оны ұмытпау – біздің қасиетті борышымыз» деді өз кезегінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, тарих факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, өңірлік қуғын-сүргін комиссия­сының мүшесі Задаш Дүкенбаева.

Биыл туғанына 125 жыл толып отырған Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, сталиндік диктатура құрбаны Темірбек Қараұлы ­Жүргеновтің ұрпағы, зерттеу­ші-ғалым Бауыржан Иманғалиев Т.Жүргеновтің Қазақстан мен Орта Азия рес­публикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет пен әдебиет саласының өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы әңгімелеп берді, өзі құрастырған Т.Жүргеновтің еңбектерінің жинағын Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына сыйға берді.

Астана қаласы мемлекеттік архивінің қорынан Ақмола өңірінің 1920-1940 жылдардағы қоғамдық-саяси өмірі мен дәстүрлі шаруашылығындағы түбегейлі өзгерістер, әскери-саяси жағдай, ашаршылық, тәркілеу, босқыншылыққа қатысты бұйрықтар, нұсқаулықтар, қаулы-қарарлар мен шешімдер, статистикалық мәліметтер, сондай-ақ тақырыпқа байланысты құжаттар жинақтары, ғылыми, әдеби шығармалар көрмесі қойылды.

Жиналған қауымды Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басшысы Ж.Б.Болдықов және осы орталықтың жетекші сарапшысы, зерттеуші-ғалым Г.А.Бисенова «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркия, Үндістан елдерінің архивтерінен әкелінген тың деректермен таныстырды.

Көрмеге Түркиядағы қазақтар арасындағы белгілі ақын, жазушы Зейнел Сүрмелі Монғолия, Қытайдағы ұлт-азаттық қозғалысы, Оспан батырға арналған өлеңі, елге сағыныш, басқа да әртүрлі тақырыптағы өлеңдерінің қолжазбалары қойылды.

Үндістан ұлттық архив қорынан жеткізілген 3700 парақ архив құжаттарынан Үндістанға келген қазақ көшіне қатысты шешімдер, қазақ мигранттары туралы деректер – сонау бір қиын-қыстау кезеңдердің дәлелі. Кашмирге 1941 ж. Шыңжаң провинциясынан 3000 қытайлық қазақ, көпшілігі ауа райына бейімделмей, басқа да жағдайларға байланысты қайтыс болған. 1943 жылы Бхопал штатына келген 500 қазақ Бхопал штатындағы босқындар лагеріне орналастырылған. Олар Кашмирге 4000 жылқы, 3000 түйе, 20000 қоймен жетті деген деректер бар.

Бүкіл адамзаттың мұрасы болып табылатын архив құжаттарының көрмесіне жиналған қауым тың деректермен танысып, алмағайып заманның қасіретін сезінді, жазықсыз жазалы болғандардың рухына тағзым етті.

Ғазиза ИСАХАН,

Астана қаласы ­Мемлекеттік архиві ­ғылыми-зерттеу және

ақпараттық жұмыс

қызметінің басшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button