Қоғам

Ұлттық қордың қарызын қайтара ма?

Елдің барлық азаматына белгілі болғандай, 2017-2021 жылдары ҚР Үкіметі рес­публика банкі секторына орасан зор қаржылық көмек көрсетті. Ол көмектің аты «сауықтыру» деп аталды. Естеріңізге салайын: триллион теңгемен өлшенетін бұл «сауық­тыру» көмегі болашақ ұрпаққа деп белгіленген Ұлттық қордың есебінен берілді.

Біз банктерді «сауықтыруға» халықтың ортақ қазына қаржысын жұмсадық. Халық есебінен май-шелпекке батқан банктер: «Жусан банкпен» біріккен АТФ банк пен «Цеснабанк», «Халық банк», «Еуразия­лық банк», «Центркредит» банкі, «Нұрбанк» және «РБК банкі» («РБК» бізге түсінікті – оның 100 пайыз акциясы «Бәйтерек» арқылы Үкіметтің иелігінде).

Дегенмен 2017 жылдан бері тағы да банк­тердің бірін екіншісіне қосуға арналған көптеген транзакция жасалып, нәтижесінде бір ықпалды топ бірнеше банкті толығымен «жұтып қойды». Мұның ақыры «Жусан банкке» байланысты әлемдік шырғалаңмен аяқталды. Дәлірек айтқанда, бұл жанжал әлі біткен жоқ, ел азаматтары мен Мәжіліс депутаттары болашақта бұл құйтырқының анық-қанығын анықтауы тиіс.

Депутат мырзалардың есіне салайын: егер Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) болмағанда, біз қазақ банкін шетелдіктер иеленіп кеткенін білмес те едік. Шетелдік қожайынның ешқайсысы ақша шығарып, «Жусан банкті» сатып алған жоқ. Тіпті «Жусан» «жұтып қойған» қазақстандық банктерді «сауықтыруға» бұл қожайындар көк тиын шығармады.

Енді, міне, менің сайлаушыларым Ұлттық қордың есебінен тойынған банктер өз акционерлеріне неге дивидендтер төлейді деген сұрақ қоюда. Есіңізде болса, өткен шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Нұров мырзаның белсенділігі мен табандылығының арқасында 2021 жылы «Жусан банк» дивиденд төлеуді тоқтатуға мәжбүр болған еді.

Бұл жағдайды тәптіштеп айтып отырған себебім – Ұлттық қордан миллиардтаған доллар көмек алған банктер халықтың қарызын қайтармай тұрып, неге дивиденд төлейді? Мәселен, алдағы маусым айында «Халық банкі» өз акционерлеріне дивиденд ретінде жарты миллиард долларға жуық ақша төлемек.

Сізге түсінікті болу үшін осы орайда ресми тараған ақпаратты орыс тілінде айтып берейін: «Народный Банк Казахстана» может направить на выплату дивидендов за 2022 год до 50% чистой прибыли за этот период, следует из материалов к годовому общему собранию акционеров, которое пройдет 25 мая 2023 года. Размер выплат составит 25,38 тенге за одну бумагу (около 277 млрд тенге из чистой прибыли 554 млрд тенге), – в два раза больше, чем дивиденды за 2021 год (138,64 млрд тенге).

Ұлттық қордың алдындағы қарызын қайтармаған «Халық банкінің» бұл 554 миллиард теңге «таза пайдасы» қайдан және қалай пайда болды? «Халық банк» және халықтың есебінен көмек алған басқа банктер Ұлттық қордың алдындағы қарызын халыққа қайтармай тұрып, дивиденд төлеу практикасын қалай түсінеміз? Өткен алты жылда және қай жылдары қай банк, оның ішінде «Халық банкі» бар, Ұлттық қордың қанша қарызын қайтарды?

Ермұрат БАПИ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button