Таным

ОЛ ӨЛДІ «МӘҢГІГЕ ТІРІЛІП»

Марина Цветаева  туралы эссе

vfg

Алтындай көпір салған аудармасы

Марина Цветаева өзге ақын-жазушыларды жан-жүрегімен ұнатып, қастер тұтып, сүйінішін жырмен өрнектеп өткен ақын. Ол құдайдың сүйікті құлдарын, халық ардақтыларын – «Менің Пушкинім», «Блоктың киелі жүрегі» деп көкке көтеріп, жанына меншіктеудің ғаламдық шығандауын әдебиетке үлгі етіп кетті.

Қазақ әдебиетіне Цветаева жырларын Гүлнәр Салықбаеваның әкелуі тегін емес. Пушкин, Пабло Неруда, Блок жырларын Фариза Оңғарсынова қазақы өлең патшалығына оның көркемдік иірімін, ырғақ-күйін аудартпай жеткізді. «И звезда с звездою говорит» (Лермонтов), ақындық өнерде терезесі теңесу аударма үшін аса маңызды.

Жаралы жүректің ғажайып жоқтауы,

Сен бе едің ақ түннің адасқан баласы!

Қапқара бораның Руське соққалы,

Өксігің қанжардай қадалды, қарашы.

«Я научила женщин говорить» деп, абыздық қасиетін тасқа таңба басқандай танытқан, құдай қаласа әйелден зор тұлға туарын әдебиеттегі менмен ерлерге мойындатқан Анна Ахматоваға Цветаева елжірей жыр арнаған. Фариза Оңғарсынова Сара Тастанбекқызының ақындық мұрасынан қуаттанса, Ақұштап Бақтыгереева Мариям Хакімжановаға өлең арнап: «Жыр көшін өзің батыл бастамасаң, / Мүмкін біз бұл өнерден жасқанар ек» дейтіні бекер емес.

«Күн астындағы Күнекейдейін» қазақтың маңдайына біткен ақын қызы Гүлнәр Марина Цветаеваның тұпнұсқадағы «Моим стихам, как драгоценным винам,/ Настанет свой черед» деген тұлғалық «менін» – «Жырларымның – жазған бала жасымнан, / Байлығымның бағалы, / жырларымның – / шаң қабаты жасырған / ашылады бағы әлі…» деп аударды. Шараптың қазақы ұғымдағы «бағы ашылумен» ауыстырылуы артық емес.

Бере қоймас жүрегінің жүз кілтін – Біздейлерді кім есіне алыпты.

Гүлнәрдің Цветаевадан таңдап, іріктеп өз жанына қонатын жырларын аударуы оң. Цветаева поэзиясында А.С.Пушкин ықпалы орасан. Оның «Плач Ярославны» атты жоқтау өлеңі Пушкиннің «Ворон к ворону летит…» атты шотланд халық балладасынан еркін аудармасына стильдік жағынан туыс. «Тырс-тырс етіп жаңбыр жауса..», «Сыған тойы», т.б. өлеңдерінде Пушкин әсері нақ сезіледі.

«Цветаева Пушкин сияқты жер жаһанның мәдениетінен қорек алып өсті» деп жазды оның өмірі мен шығармашылығының аттай он екі жылын зерттеген Анна Саакянц. Марина Цветаева Пушкин, Блок сияқты биік стиль элементтеріне құмартты, таураттық сөз тіркестерін, афоризмдерді жырына енгізді. Афродита, Федра, Иштар, Манон Леско, көркем әдебиеттің дүниежүзілік мұхитында балықтай жүзетін алтын шашты Цветаева  («Адам емес, мен теңіздің /Құрсағында жаралғам. / Су перісі, көк теңіздің құрсағында жаралған», аударған –  Гүлнәр С.) символдық образдардың баршасына үзіліп жыр арнады. Өзіне тән кестелі, айқын, бейнелі, мәнерлі тілімен. Мәскеу, Кузнецкідегі Вольф кітап дүкенінде 17 жасар Марина Брюсовты кездестіреді, оның біреуге айтқан «Мен Ростанға табынбаймын» деген сөзін естіп толқып, оған өзі пір тұтқан француз ақынын ақтап хат жазады. «Жүректе жылайды өлеңі Ростанның, / Москвадағыдай тағы ұлып. / Ростанның ғажайып, тұңғиық сөздері» – ол «Парижде» атты өлеңінде жасөрім шақтағы сүйікті ақынына адал қалады.

Марина «Не самозванка я…» дейтіні, сөз патшасы өлеңге бөтендігі жоқтығын, кіндігі бір екенін айтқаны. Гүлнәр бұл өлеңді «Бетпердем жоқ, өз үйіме келдім мен, / Күң болардай нан сұрадым мен кімнен, /Іңкәріңмін, жексенбіңмін мен сенің – / Арманыңның аяулы бір бөлшегі» деп аударған. Цветаеваның «Менен кейінгі әйелге» аталған өлеңі Пушкиннің «Я вас любил: любовь еще, быть может» атты тұңғиық лирикасымен үндес.

Әулиемісің, сен әлде күнәһармысың күйе емі –

Қадамың ба бұл алғашқы құралып па едің сан күйреп –

Әйтеуір, есің кеткенше елжіреп, күйіп, сүй оны –

Жас сәбидей аялап, кеудеңе қысып, әлдилеп.

Құшағыңмен қажытып, ұйқысын бұзба киелі –

Тынығуы керек ол, оятқанша таң билеп.

М.Цветаеваны Белла Ахмадулина пір тұтты. Ахматова мен Цветаеваның дәстүрін Юнна Мориц жалғады.

Цветаева туралы жазу эпикалық құлашты қалайды, Төлегеннің сахараға қалыңдық іздеп шыққаны сияқты, «Көш алдына қараса, бір қыз кетіп барады» тәрізді ұзақ жол. Керуеннің бір теңін ашсақ ше?! Оның алтын көпір – аударма жанрындағы қолтаңбасы орыс поэзиясына                құнар бітірді.

Шекспир, Гете, Райнер Мария Рильке, неміс халық поэзиясының жырлары, ағылшын халық балладалары, бретон халық жырлары, Федерико Гарсия Лорка, Шарль Бодлер, болгар Елисавета Багряна,Никола Ланков, Людмил Стоянов, поляк Юлиан Пшибось, Люциан Шенвальд, Адам Важик, чех Ондра Лысогорский, еврей Герш Вевер, Ф.Корн, беларусь еврей ақындары, есімі белгісіз ақындар, украин Иван Франконы Марина Цветаева орыс тіліне жақұттай жарқырата аударды. Неміс, француз, ағылшын тілдерінен тіке тәржіма жасады. Грузин ақыны Важа Пшавеланың көлемді бір балладасы мен «Этери» атты поэмасын Цветаева қайтыс боларынан бір жыл бұрын жағдайсыз күйінде тәржімалаған. Пушкин мен Лермонтов өлеңдерін французшаға аударды. Неткен биік азаматтық рух! Марина Цветаева бұл жанрдың хас шебері екеніне Важа Пшавеладан жасаған классикалық аудармасы айқын дәлел. Грузин әдебиеті десе Шота Руставелидің есімін оқымай-ақ айта саламыз. Цветаевадан соң Пшавела жырлары маған жанартау атқылағанда табылған алмаз кеніштей әсер еткенін, ерек көркем, құнды сезілгенін жасырмаймын. Ынтызар оқырманын сондай сиқырға бөлеу ұлы ақын-жазушылардың еншісінде.

Тылсым тағдыр тыншыды бейуақта

Марина Цветаеваның өмірі мен өлімі – тылсым нысаналы. Өзі өлгенімен сөзі өлмейтін, аты өшпейтін классикалық әдебиет шоғырына барып қосылған жарық жұлдыз – Марина Цветаева.

Қадыр Мырза Әли 2004 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан кітабын «Жазмыш» деп атады. «Жазмыш. Қасірет кітабы» – дүниежүзілік әдебиеттегі ақын-жазушылардың маңдайға жазған ешкімге ұқсамайтын қайғылы тағдырын таңбалайды. Ақын-жазушылықты, тегі өнерді еріккеннің ермегі, оңай жол санайтын адасқақ жұрт айналада толып жүр.

«Дүние жүзіндегі ең бақытсыз әйелдердің біріне есептелетін Надежда Мандельштам – ақын Осип Мандельштамның жесірі Марина Цветаева туралы: «Марина Цветаеваның тағдырынан асқан сұмдық тағдыр көрген жоқпын» деп жазған еді. Шынында, жоқтықтан, қайғы-қасіреттен бас көтермеген ақын. Ол екі қыз, бір ұл тапқан ана. Екі қыздың бірі ана сүтіне жарымай, аштан өледі. Енді бір қызы Ариадна бүкіл жастығын түрмеде өткізеді. Жалғыз ұлы Отан соғысы кезінде опат болады. Күйеуі Сергей Эфронды Совет үкіметі ату жазасына кеседі. Надежда Мандельштам айтса, айтқандай.

1931 жылы әдеби сыншы Марк Слонимнің жазуына қарағанда, Марина Цветаеваның халі тіптен нашарлап кеткенге ұқсайды. Тойып тамақ жемегеннен қаны сұйылып, басы айналатын жағдайға жетеді. Қартаймай жатып шашы түсе бастайды. Кей күндері кішкене Ариаднаның тоқып сатқан бас киімі, яки содан түскен бес франктың арқасында өзек жалғап жүреді.

Міне, осындай ауыр кезеңдердің бірінде Марина Цветаева Прагадағы құрбысы Анна Тесковаға: «Қарапайым оқырмандардың алдына ұялмай киіп шығатын бір көйлек керек, бір ғана кешке» деп хат жазады». (Қадыр Мырза Әли. «Жазмыш», 51-52 бет). «Марина Цветаева да көріпкелдіктен құралақан емес. Ол өмір бойы картамен бал ашып өткен. Көптеген болжамдары бұлжымай орындалған. Ол Осип Мандельштам, Сергей Эфрон, тіпті өзінің өлімі туралы да көрегендікпен сезе білген». («Жазмыш», 17 бет).

«Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ, / Иілтіп екі басын ұстаған хақ. / Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ, / Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ». Абай «Лай суға май бітпес қой өткенге» атты діни сенімін, бір Жаратушыны ойынан шығармас асыл қалыбын танытар дегдар өлеңінде жарық дүниені құдайдың қолындағы жақ, садаққа теңейді. Бұл мифтегі батыр Геракл, Одиссей, Алпамыстың  аңыздағы садағы емес, күллі ғарыштың гүрзісіндей, космос сипаты. Көкжиекке ғана емес, санаға сыймайтын құдірет. Адамнан сүйеніші жоқ жалған дүниеде қиыншылыққа тап болған сайын адаспауды өмір талап етеді.

Поэтов путь: жжя, а не согревая,

Рвя, а не взращивая – взрыв  и взлом –

Твоя стезя, гривастая кривая,

Не предугадана календарем!

Шығармашылықты, ақ өлеңді махаббаттан бөле-жармаған Марина Цветаеваның «Анадан ерке туғанмен, / Өмірге қиын еркелеу» (Ақұштап) қилы тағдырына тарихтың төңкерістер, репрессия, екі дүниежүзілік соғыс аралығындағы қасіретін арқалауға үкім етілген бүкірейген шағында, сұмдық бұлғағында өмір сүріп, азат жаны бекзат туса да, жоқшылық пен қорлық, қаза мен жоғалтудың небір күйзелісіне шыдау; ақыры қор болған мұңлық-зарлық ғазиз жаны әбден әлсірегенде өгей шешеден бетер өксіткен бетпақ өмірден өз еркімен жеру жазылған екен. Өлерінен 5 күн бұрын Цветаева «Литфонд кеңесіне. Мені Әдеби қордың ашылған асханасына ыдыс жуушы қылып алсаңыздар екен» деп хат жазды. Бұл XX ғасырдағы орыс поэзиясының ұлы қосынына енген, орыс әдебиетін керемет байытқан, анық олжа салған қас асыл, адал, таза, нағыз ақынның қайыршылыққа ұшыраған азасы кісіні мойытпай ма?! Жан азасын оқыған сәтте көзге бір тамшы жас оралмай ма?!

«Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?», – дей келе,  «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, / Сәулесі бар жігіттер бір ойланар» – дегенде Абай адамзатта таңдаулы болудың бағынан соры басым екенін жырлайды.

Марина Цветаева 18 жасында әлем әдебиетінің тұңғиығын таныды. Кіл классиктерді таңдап оқыды. Ол әлемді біртұтас қабылдайды, мифтік уақыт жаңғырығы санасында сағымдай толқып тұрады. «Живите в доме – и не рухнет дом. / Я вызову любое из столетий, / Войду в него и дом построю в нем» деп жырлаған Арсений Тарковский кітапқұмарлық пен ақын-жазушының стихиясын тұспалдайды. Биік мұрат, ақындық рухани жаратылысын, сезімтал, сұлулық аңсаған нәзік жаны, кейде күпіршілікке құлап түсіп, құдаймен алысатын Марина Цветаева асығы, жары Жаратушы Ие құдайға мерейлене тіл қатқандай нұрлы жан сарайын былай деп жырлайды:

Не самозванка – я пришла домой,

И не служанка, – мне не надо хлеба.

Я –страсть твоя, воскресный отдых твой,

Твой день седьмой, твое седьмое небо.

Там, на земле, мне подавали грош

И жерновов навешали на шею.

– Возлюбленный! Ужель не узнаешь?

Я ласточка твоя – Психея!

«– О, ғашығым, жылытшы енді түсіңді, / Таныдың ба Психея құсыңды?» Грек-рим мифология­сында адам жанының кейіптелуі – асқан сұлу Психея. Ендеше мынау эйфория мен суицидтің арасы жұмақ пен тозақтай. Психея туралы мифтің керемет поэтикалық нұсқасын ежелгі рим классик жазушысы Апулей жазды, өмірден тек махаббат аңсайтын адам жанының оны іздеп аласұруын бейнеледі.

Сені атқан тағдырдан жаралы болғандар

Өледі өлсе де мәңгіге тіріліп.

Ахматованың азасын Цветаева жүрегімен сезді. Асылып өлуге ұлы ақынды итермелеген нендей құса екенін айтудан еш пайда жоқ. Сайтанша иектеп алған жаманшылыққа Маринаның дегдар рухы төзбей кетті. «Сен әлде қиналар ма екенсің / Анаңдай сығымдап басыңды» деп ол, қиналған ана, қызы Ариаднаға құсалы жыр арнады. Қайран ақын сплин, түңіліс, дағдарған, дұғасы қабыл болмаған екіталай психологиялық сұрапыл мезеттің құрбаны болды. Марина Ивановна Совет одағы ақсүйек, ауқатты, тектіні тентіретіп, аз ұлттың таңдаулысын қуғын-сүргінге айдап, атып-асып, тірі қалғанын лагерь мен жоқшылық құлдыққа байлап қойған құдайдан безген беймезгіліне дөп түсті.

Недотыкомка серая

Все вокруг меня бьется да вертится, –

То не Лихо ль со мною очертится

Во единый погибельный круг?

Орыс поэзиясының күміс ғасырының бір мықтысы Федор Сологуб сол дәуірді торлаған зұлымдықтан тараған түңілісті, депрессия сарынын бейнелеу үшін «недотыкомка серая», фольклордағы домовой сияқты мистикалық жұмбақ кескін, ойдың жегідей жеуін, жүйкенің бұзылуын тұспалдайтын, жаны ауырған күйзелісін көрген түстей нанымсыз бір құбылысты суреттейді. Дүние төңкерілгенде осы тектес құлазу-аласұрулардан Брюсов, Бальмонт, Бунин, Белый, Блок, Гумилев, Ахматова, Ходасевич, Есенин, Клюев, Мандельштам, Пастернак, Г.Иванов, В.Иванов, Цветаева тегіс сау болмағаны хақ.

Эмиграцияның «бірінші толқынынан» А.Толстой, А.Куприн сияқты туған отанына оралған Марина Цветаева 49 мүшелінде опат болды. «Отчаетесь! Поэтовы затменья / Не предугаданы календарем». Бірақ, арылу үшін ажалға жүгіну, болмыс құрсауына  шыдас бермей морт сыну жоқшылық пен қорлықтан бөлек, тоқшылық бар жерде де боларын ағылшын жазушысы Вирджиния Вулфтың жазмышы айғақтайды. Ол Цветаевамен түй құрдас, екеуі де 1882 жылы туып, 1941 жылы өлген. Цветаеваның әкесі Иван Владимирович Москва  университетінің (әйгілі Бейнелеу мұражайының негізін салушы)  профессоры болса, Лондонның мәдениет, интеллектуалды элитасына жататын, Вирджиния Вулф тарихшы, әдебиеттанушы Лесли Стивеннің қызы. Алапат сұм соғыстың басталуын жан-дүниесімен сезіну қос жақсыны мерт қылды.

Заповедей не блюла, не ходила к причастью.

Видно, пока надо мной не пропоют литию,

Буду грешить – как грешу – как грешила: со страстью!

Господом данными мне чувствами – всеми пятью!

Цветаеваның дінге көзқарасы қайшылықты, өмір сырын күнәдан ақтап алғысы жоқтығы мүнәфиқтық, жалған сопылық жат жаны тазалығынан. «Қызғаныш» атты өлеңі ерен. «Махаббаты қашқан жерді қаңырап, / Ажал ғана арман етер, жерінбес». Марина Цветаева өмірді елжірей сүйген, жаны нұрлы бұла ақын болып миллиондардың көкейінде шамшырақтай тұрады.

Тасқа жаздым есіміңді,

Тақтайға да тырналап.

Құмға да атың көшірілді,

Мұзға сыздым сырғанап.

Айгүл Кемелбаева,

жазушы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button