Жаңалықтар

№24 ТАНКТІҢ СЕРЖАНТЫ

Астаналық майдангер Қаматай Тоқабаев 1942-жылы 18 жасында майданға аттанған.

Өрiмдей жастардан құралған дивизияны Сталинград түбiндегi алапат соғысқа жiберген. Қан майданда олар Паулюс басқарған немiс әскерлерiне жойқын соққы берді. Соғыстың аяқталуына аз қалғанда чех патриоттары немiс басқыншыларының Праганы екiнші Берлинге айналдырмақ болған сұрқия саясатын бiлiп қойып, қарсы тұрады. Осы соғыста елордалық майдангер де чех азаматтарымен бірге, жаудың соққысына төтеп берді.

Қаматай атаның айтуынша, соғыстың негiзгi ауыртпалығы совет әскерлерiне түскен. Сұрапыл шайқаста ол сержант болып, бөлімше басқарған. Осы бөлімшеге Влтава өзенi арқылы өтетiн көпiрдi күзету қатаң тапсырылған көрінеді.

1945 жылы 5 мамырда Чехословакияны фашизмнен азат етуде бiрнеше танк жолға шығады. Қаматай ақсақалдың қаруласы Иван Гончаренко мiнген танк Манес көпiрiне бiрiншi болып келедi. «Алайда жау танкiсi соққы берiп, зеңбiректiң астына алды. Сөйтiп майдандас досым Гончаренко қаза тапты. Жолдастарым қатты жараланса да, оны жергiлiктi госпитальға жеткiзді. Айтайын дегенім, лейтенант Иван Гончаренко мiнген танк нөмiрi 23 болатын. Ол бiздi бастап жүрдi. Мен 24 нөмiрлi танкте болдым. Осы шайқаста жауынгер жолдасым Жақия Кангужиннiң оң қолы жараланды.

Бүгінде қаруласым мінген атақты 23-танк Праганың орталық алаңына қойылған. Кезiнде ескерткiштiң ашылуына атақты совет маршалы Иван Конев қатысқан. Ал Гончаренконың ерлiгi туралы «Стальным тараном» атты кiтап жазылды. Танк экипажының аман қалған басқа мүшелерiне зор құрмет көрсетiлдi. Бәрi «Прага қаласының құрметтi азаматы» атағын алды»,–дейді атамыз бізбен әңгіме барысында.

Осыдан екі жыл бұрын Жеңiс тойын тойлауға Прага қаласына шақырту алғанымда, ең алдымен қаруласым мiнген танкiнi өз көзiммен көргiм келдi, дейді майдангер ата. Алайда 65 жыл өткеннен кейiн көрем деген үмiтi ақталмапты. Алаңда тұрған совет танкистерiне қойған ескерткіштi 1991 жылы алып тастапты. Атақты танкiнiң өзін техникалық мұражайға жiберiптi. «Мен Гончаренко қаза болған жердi көрдiм. Сол бiр сұрапыл жылдар кино лентасы тәрiздi көз алдымнан өте шықты. Майдан даласы, немiс машиналары, қарулас достарым, Отан үшiн опат болған боздақтар, қызыл қанға боялған жауынгерлер…, – деп атамыз көзiне жас алды.

Майдангердің айтуынша, 9 мамыр күнi Прага алаңында ардагерлердi Чехия Президентi Вацлав Клаус құттықтапты. Қорғаныс министрi Мартин Бартак Қаматай Тоқабаевтың кеудесiне медаль тағып, құрмет көрсеткен. Және атамен бiр полкта болған ардагер Жақия Кангужин ақсақалды да медальмен марапаттапты.

Жасы келгенiне қарамастан Қаматай Тоқабаев біздің газетіміздің белсенді оқырманы екен. Бүгінгі жастардың тәрбиесіне, олардың отан алдындағы парызын абыроймен атқаруына, сондай-ақ жеткіншектерге патриоттық сезімді сіңіру қажеттігін жетілдіруде алаңдайтынын жеткізді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button