Басты ақпарат

Із кесуші кинолог

Жалпы, ит атаулының қоғамдық өмірде, күнделікті тұрмыс­та, шаруашылықта алар орны ерекше. «…Ит жинасаң сырттан жи – мал бермейді қорадан» деп Бұқар жырау бабамыз айтқандай, ықылым заманнан бері адамдар иттің көмегіне жүгініп келе жатқандығы рас. Өйткені ит – жаратылысынан адам баласына етене жақындығымен қатар тілін де, жанын да түсінетін өте қамқор хайуан санатынан.

Сондықтан болар «Иттің де тәңірі бар» деп ырымдап, жеті қазынаға балап, өмірде, тіршілікте, шаруашылықта біте қайнасып кеткендігіміз. Бүгінгі таңда итті мал бағуға, аң аулауға, үй күзетуге, тіпті қылмыскерді құрықтауға, лаңкестік әрекеттерге қарсы күреске де пайдаланудамыз.
Соның бір айғағы елордадағы ІІД қарасты Кинология қызмет орталығы дер едім. Әу баста үш-төрт адамнан құралған шағын ғана құрылым бүгінде үлкен ұжымға айналған. Атал­мыш мекемеде кәсіби дайын­дықтан өтіп жатқан 35 ит бар. «Алуан-алуан кәсіп бар, таңдай біл де, талап қыл» демекші, осы иттерді белгілі бір кәсіби бағытқа дайындап үйрететін – кинолог мамандар. Айтуға оңай көрінгенімен, көпшілікке беймәлім осынау кәсіптің сан қырлы тұстары да жетіп артылады. Негізінен, кинологтар хендлер, сарапшы-кинолог, нұсқаушы және грумер деп бірнеше топқа жіктеледі.
Қалың оқырманға түсінікті болу үшін тарқатып айта кетсек, хендлер адамдар шоғыр­ланатын мәдени орындар – театр, стадион, көрме және басқа да бұқаралық жиындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін иісшіл иттерді баптаса, сарапшы-кинолог иттің тұқымын генетикалық тұрғыда зерттеп, зерделеп, олардың жеке қасиеттерін анықтайды. Ал нұсқаушы өз кезегінде кинология саласына жаңадан келген жас кинолог мамандарға дәріс беріп, бағыт-бағдар көрсетсе, грумер иттің сыртқы пошымына көңіл бөліп, артықшылықтарын белгілейді.


Бас қаламыздағы кинология орталығындағы иісшіл иттер жоғалған адамды іздеу­ге, ұрылардың ізін ке­суге, есірткі жә­не жарыл­ғыш заттарды анықтау­ға дағдыланған. Қолдағы ақпаратқа сүйенсек, республика аумағындағы есірткі қылмысының 60 пайызы қыз­меттік иттердің көмегімен ашылады екен. Былтырғы жылы Дэн атты иісшіл ит Нұр-Сұлтан қаласында автокөлікте жасырынған 47 келі есірткіні қолға түсіруге септігін тигізген. Бұл – үлкен көлемдегі есірткі тасымалы. Ал ағымдағы жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша иісшіл иттер 15 жедел іздес­тіру шарасының бел ортасында болып, 34 қылмыстың бетін ашып, 10 келі есірткі затын ауыздықтаған.
Міне, осыдан-ақ кинолог маманның еселі еңбегін аңғаруға болады. Демек, кинолог үшін тек ит жетектеп жүру ғана емес, оның сыр­тында иттің анатомиясын, физио­логиясын, тіпті психологиясын да тап басып үйлестіре білу, маңдай ақы, адал тердің арқасында тамаша көрсеткіштерге, айтулы нәтижелерге қол жеткізу, сондай-ақ иттің бабын таба білу де асқан шеберлікті қажет етсе керек.
Біз кинология орталығының инспекторы, полиция аға лейтенанты Дәметкен Әлмусинаны сөзге тартқанымызда:

– Ит деген – ғажайып ­ха­йуан. Тура адам секілді бәрін түсінеді. Ал егер итпен дұрыс түсініспесең, айбат шегіп, дене зақымына ұрындыруы әбден мүмкін. Бастапқы кезде қолы-басымыз тыртық, жара болып жүретін. Мекемемізде 6 әйел бар. Біз көбіне қалада өтетін мерекелік шараларда жүреміз. Ғимараттарды тексереміз. Президент күзетімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз, қажет кезде көмектесеміз. Ит иесіне өте адал. Мейлі, сен демалысқа кетіп қалып, бір-екі жылдан кейін оралсаң да ұмытпайды ғой. Иесінің келе жатқанын алыстан аяқ алысынан сезіп, жүрісінен таниды, – деп ағынан жарылды.

Жоғарыда тілге тиек еткен 35 иттің 2-уі Австрия­дан әкелінген көрінеді. Олар еуропалық әдіспен үйретілген. Басқаларын күшік кезінен асырап, алты ай толғанда кәсіби тұрғыда үйрете бастайды екен. Әрине, әр ит­тің анатомиясы, жараты­лысы, мінез-құлқы әртүрлі болып келеді. Сол себепті қызмет бабында итті дұрыс жұмсай білудің 70 пайызы көбіне-көп кинолог­қа байланысты да, қалған 30 па­йызы итке тиесілі екен. Тағы бір айта кетер тұсы, кинолог маман алғашқы көмек көрсетудің хас шебері болуы тиіс. Егер баптаған иті кездейсоқ жағдайға душар болып ауыр жарақаттанып қалған жағдайда, оны аман алып қалу жолында алғашқы көмек көрсете білгені абзал.


Қорыта айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласындағы Кинология қызмет орталығының қызметкерлері мен ондағы иісшіл иттердің қылмысты құрықтауда, қала тұрғындарының бейбіт өмірін, тыныш ұйқысын қамтамасыз етуде қосып жатқан үлес­тері қомақты.
«Ел жатпай – ит тынбас» деген. Демек, елді қалың ұйқыға жатқызып, өзі қырағы күзетке тұратыны да сондықтан болар.

Бейбіт ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button