Басты ақпарат

Абай рухы – ұлт шырағы

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай Құнанбайұлының шығармаларына арналған «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты шара өтті. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған басқосу дана Абайдың тағылымын жұртшылыққа тағы бір танытты. 

Тағылымды шараға Ғарифолла Есім, Серік Негимов, Мырзагелді Кемел, Оразкүл Асанғазықызы сынды ғалым, қоғам қайраткерлері, Тельман Нұркенов, Перизат Тұрарова қатарлы өнер өкілдері қатысып, Абай әлемін жан-жақты ашуға өз үлестерін қосты.
Абай кітаптарын неше рет ашсаңыз да, әр оқыған сайын жаңа қыры танылып, өзгеше ой мен таным биігіне көтеретіні, рухани әлеміңізді байытып, көкжиегіңізді кеңейте түсетіні ақиқат. Бұл орайда, философ, ғалым Ғарифолла Есім жиындағы сөзінде Абайды реформатор деп атады. Иә, «Абай – нені қолға алса, сол саланың бәріне реформа жасаған тұлға. Ол поэзияға да, қазақ музыкасына да жаңа леп алып келген, сол салаға байланыс­ты қалыптасқан ойлау жүйемізді өзгерткен» деді ол.
Мектеп мұғалімдері мен кітап­­ханашылардан құралған ау­ди­торияға арналса да, бұл кештің мәні мен мазмұны терең болғаны сүйсіндірді. Жиналғандар шара үстінде Абайдың қара сөзін ағылшын тілінде, ал әндерін француз тілінде тыңдап, кемеңгер тұлғаның жанынан туған шығар­малардың әлемнің ең көп тараған тілдеріне аударылғанына куә болды. Қазақ ұлттық өнер ака­демиясының ұстазы Тельман Нұркенов Абай әндері туралы айтып, қызықты ақпаратты көптің талқысына салды. Сөз арасында Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің бес нұсқасы, ал «Көзімнің қарасы» әнінің екі нұсқасы барын, солардың бір нұсқасы ғана халыққа көп та­рағанын әңгімеледі. Ал ән нұс­қалары көбейіп, Абайдың өзі орындаған түпнұсқа әуеннен қалай жаңылғанымызды Б.Ерзакович, А.Затаевич, бертінде А.Жұбанов, Л.Хамиди қатарлы музыка ма­ман­дарының өздері тыңдаған әншілердің орындауы бойынша нотаға түсіргенімен түсіндірді.
Абай – қазақ әдебиетін, қазақ философиясын, қазақ музыкасын, халық педагогикасын, жалпы қазақ руханиятын мол өніммен байытып, биік дәрежеге көтерген қайталанбас тұлға. Оның қара сөзі былай тұрсын, әр сөзі, әр өлең жолы бір-бір дәріске негіз бола алады. Біз қазір Абайды тану үстінде ғанамыз.
Ал Ғарифолла Есім осы жиын үстінде Ибраһим Құнанбайұлының азан шақырып қойған есімі ұмы­тылып, неге Абай атанып кеткені туралы қызықты жайтты сөз қыл­ды. «Шыңғысханның Абайхан деген немересі болған. Абайдың әжесі Зере найманның қызы ғой. Ол немересінің Абайхандай хан бол­ғанын, хан болмаса да биік тұлға болғанын қалады. Сөйтіп Құнанбай ұлына азан шақырып Ибраһим деп ат қойса да, Зере Абай деп атады. Анасын сыйлаған Құнанбай да оған қарсы келмей, ұлын Абай деп кетті. Егер «Абай жолы» кеңестік кезде жазылмай, тәуелсіз заманда туғанда, Мұхтар Әуезов осы шындықтың бәрін ашық жазған болар еді» деді ғалым.
Абай – есімі ғасырдан-ғасырға көшіп, уақыт өткен сайын қасиеті артып отырған тұлға. Абайдың өлеңдері мен қара сөзі әдебиет маржаны болса, әндері – қазақ ән өнерінің жауһарлары. Абай даналығы мың­жылдықтарда да адамның өзін-өзі тануына, тәрбиелеуіне, ұрпақты өнегеге баулуға, жақсы қоғам қа­лып­тастыруға, ел басқаруға, тура жолда адал өмір сүруге шырақ бола алатыны да шындық. Иә, Абай адамзат санасын сәулелендіріп келеді. Абай шығармалары ханға да, қараға да азық.
Тамыз айы – данышпан Абайдың дүниеге келген кезі. Демек, тағы­лым мен тағзым айында осындай ой тербеттік.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button