Рухани жаңғыру

Абайдан Айбекке дейін…

Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын, философ, ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына және елорданың 20 жылдығына арналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразғали Сейітқазының «Жасай бер, киелі Семей» атты жеке шығармашылық концерті өтті. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырған кеште ұлы Абайдан бастап, Айбек Бекбосынға дейінгі қасиетті Шыңғыстау топырағынан түлеп ұшқан күйші, композиторлардың туындылары шалқыды.

Шындығында Семей топырағы­ның қазақ руханиятына бергені мол. Абай елінің қазақтың рухани Меккесі деп аталуы тегіннен-тегін емес. Басқасын айтпағанда, сол елден шыққан талай тұлға ән-әуен әлеміне сара жол салып, ұлттық музыкамызды байытты.
Мәселен, Шәмші Қалдаяқовты қазақ вальсінің королі деп атаймыз. Қасиеті де, қасіреті де көп Саржал жерінде туып, қырық жастың қырқасынан енді аса бергенде үзілген Бекен Жамақаевты да осылай атауға әбден болады. Кеште сөз алған академик Сейіт Қасқабасов осыған емеурін байқатты. Осыдан жарты ғасырдай бұрын Семей жерінде құрылған «Қаламқас» ән-би ансамблі кезінде бүкіл одақты дүрілдетті. Осы ансамбльден Жәнібек Кәрменов, Баян Сағымбаева қанаттанды.
Ал кеш иесі Оразғали Сейіт­қазы Құрманғазы атындағы консерваторияның прима-қобыз сыныбын Фатима Балғаевадан, қылқобыз сыныбын Дәулет Мықтыбаевтан бітірді. Бұған қоса, Тұрғыт Османовтан дири­жерлікті, Латиф Хамидиден музыкалық шығармаларды оркестрге түсірудің қыр-сырын үйренді. 1974 жылдан бері Семей жерінде жемісті еңбек етіп келеді. Осы жылдар аралығында қазақ ұлттық аспаптар оркестріне, үрмелі аспаптар оркестріне, симфониялық оркестрге, хорға, жекелеген музы­калық аспаптарға арнап талай шығарманы лайықтады. Ұстаз ретінде үш әдістемелік оқулық, оннан астам күй, отыздан астам ән жазды. Оразғали Сейітқазы туралы бұл мәліметтердің бәрін кеш тізгінін ұстаған «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбайдан естідік.
Таза ұлттық сипатта өткен концерт көрерменнің жансарайын ашып, халық демалып қалды. Кезінде Целиноград облыстық комитетінің екінші хатшысы болған Сейітқазы Нұрпейісов пен ұлағатты ұстаз Рузия Сағадиева­ның кеш соңында рухтанып сөйлеген сөздері соған анық көз жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button