Руханият

Адал дос, абзал азамат

Студенттік жылдар…
Біз Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі ҚазМҰУ) журналистика факультетінің күндізгі бөліміне 1972 жылы еліміздің әр түпкірінен арман қуып келген елу өндір қыз-жігіт түстік. Жолдастығымыз жарасты. Достығымыз дәуірледі. Бірлігіміз бекіді. Курстастар – туыстастарға, достарға айналды.
Бүгін осы курстастарымыздың арасынан Орынбек Жолдыбайға арнайы тоқталудың мүмкіндігі келіп-ақ тұр. Ол курстастар арасында бірінші болып жетпіс жасқа аяқ артып отыр.

Әңгіменің ретіне қарай досымыздың өмірбаянына қысқаша шолу жасай кетелік. Орынбектің өз айтуы бойынша ол «Қаратау тәжі» Кентау қаласының маңындағы Ащысай кентінде дүние есігін ашыпты. Әлжуаздау болып өмірге келген нәресте бір жасқа жетпей анасының талқаны таусылып, екі перзентінің қызығын көру бұйырмай, өмірден баз кешіп кете барыпты. Бірге туған ағасы Тұрарбек сол кезде жетіде екен. Мұның алдында ­Нұрлыбек және Райымбек деген ағалары құлдыраңдаған бала шақтарында қара жерді томпайтыпты.
Әкесі Ендібай қос құлынына жетімдік тақсіретін тартқызбау ниетімен немере ағайынның жесір қалған келіншегін үйіне кіргізеді. Әйел жылуынсыз қалған шаңыраққа келген ақ жау­лық дәтке қуат еді. Әйткенмен де айы-күні толмай туған кішкентай сәби ана сүтінің нәріне қанбағандықтан әлжуаз болып өседі. Содан мектептің табалдырығын жетісінде емес, сегіз жасында бір жыл кеш аттайды.
Ер жете келе тұрқы шағын, бірақ бітімі шымыр болып бой түзеді. Ойының ұшқырлығымен, алғырлығымен ә дегеннен көзге түсті. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ, айтқанға, үйреткенге зеректілігімен, зейінділігімен ұстазын сүйсінтіп, оқу озаты болды. Жылдар жылдам жылжып, есейе түскен жас ұлан сыныптан сыныпқа көшкенде де барлық пәндерді бірдей жақсы оқыды. Білім ұясының қоғамдық өміріне белсене араласты. Жазу-сызуға талаптылығымен қабырға газетін шығаруға қатысты. Балалардың республикалық басылымдары «Қазақстан пионерінде», «Балдырғанда» балапан жазбалары жариялана бастады, ұстаздарының, оқушылардың «о, біздің ақын бала!» деген қолпашына ілінді.
Өмір тақтайдай түзу жол емес, оның ой-қыры мен бұралаңы жетіп артылады демеуші ме еді. Сол айтқандай, Орынбектің өміріндегі бұралаң жолдар мектеп қабырғасында жүргенде-ақ басталып кеткен тәрізді. Жас жеткіншектің тоғызыншы сыныптан кейін оқуды кешкі мектепке ауыстыруына тура келді. Оған себеп болған соңғы бірер жылда көз нұрының төмендеп кетуі салдарынан математика пәнінен үлгерімінің нашарлауы еді. Пән мұғалімі болса, әшейінде тәртібі мақтаулы, оқуына ықтиятты, бетке ұстар шәкірт үлгерімінің бұлайша құбылуына мән беріп, мәселенің мән-жайы­на тереңірек үңілудің орнына күллі сынып алдында жерден алып, жерге салып ұрыспай ма! Ұстаз бен шәкірт арасындағы күшейген реніш пен өкпенің ақыры Орынбектің кешкі мектепке ауысуымен тынды.
Бұдан кейінгі оқуын кешкі мектепте жалғастырған өрен кеніштегі поштаға газет-журнал, хат-хабар тасушы болып орналасты. Жұмыс істей жүріп, кешкі мектептегі сабағын да қалт жібермеді. Арманшыл жас орта білім алып, журналист болуға, осы мамандыққа даярлайтын оқу орнына түсуге жатпай-тұрмай құлшынды.
Ересектер атқаратын еңбекке ерте араласқан Орынбектің көрген-білген, түйсінген мақалалары, балауса жырлары «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Кентау кеншілері», «Оңтүстік Қазақстан» газеттеріне жариялана бастады. Әсіресе түрлі тақырыптағы жазбалары, өлеңдері облыстың қарашаңырақ баспасөзінде кешкі мектепті бітіріп, елден ұзап кеткенінше басылыпты.
Сонымен өмір тау­қыметі жасынан бұрын есейткен Орынбек он бір жылдық кешкі мектепті де бітірді. Бала шағынан есі-дертін жаулап алған асыл арманына жету үшін алыс жолға шығуды діттеді. Әкесі бұрын ауылдан ұзап көрмеген ұлын «шулы үлкен қалада құртымдай бойыңмен жоғалып, адасып та кетесің» деп шыр-пыры шығып жібергісі келмеді. Көңілі ала құйын бозбала жолға өзі-ақ жүріп кетейін десе, қаражат тапшы. Не істемек керек? Жүрек құрғыр асау аттай тулап, маза кетті, ұйқы қашты. «Қайтсем Алматыға аттанам» деп, көңілі қамығып та, шамырқанып та жүрген шақта қиын күрмектің түйінін екінші анасы шешіп жіберді-ау әйтеуір. Елу сом тауып, қолына ұстатып, ақ тілеумен сапарға шығарып салды.
ҚазМУ-дің журфагына құжат тапсырып еді, конкурстан өте алмай қалды. Тағы да намыс. Елге қайт­қысы келмей, Алматыдағы кәсіптік-техникалық училищеде оқуға қалып қойды. Келер жылы әскерге шақырылды. Қиыр Шығыста әскери міндетін өтеген екі жыл пайдалы болды. Әскери округтің «Суворовский натиск» деген газетіне тұрақты түрде орыс тілінде мақала жазып тұрды. Штаттан тыс тілші атанды. Жастайынан зерек Орынбек орысша мақаланы қиналмай, еркін жазуды үйреніп қайтты. Әскерде партия қатарына қабылданды.
Отан алдындағы екі жылдық әскери борышын өтеген соң бірден аулына бармай, баяғы айнымас арман жетегімен Алматыға тіке тартты. Коммунист-солдаттың тағы жолы болмады. Екі емтиханнан төрт алып, үшіншісінен «құлады». Университеттегілер оның партия мүшесі екенін білмеген, өзі де білдіртуге ден қоймаған ғой. Кейіннен университет парткомы айтады ғой, «сынақтан бұрын өзіңнің коммунист екеніңнен хабардар етпедің бе, сонда оқуға түсуіңе жеңілдік жасар едік» деп.
Иә, кеңес өкіметі кезінде компартия мүшелеріне басқаларға қарағанда айрықша артықшылықтар бар-тын. Мұндай «игіліктерді» пайдалана қоятын Орынбек пе! «Бәрібір түсемін. Журналистік білім алмай қоймаймын» деп ширықты. Артынша-ақ, сол жылы күзде журфактың сырттай бөліміне түсті. Осы жоғары оқу орнының маңайынан ұзап кетпей, оған жақын жерде болайын деп, Алматыда қалып, құрылысқа жұмысқа тұрды.
Университет бітірген соң Орынбек Жолдыбай Алматыда қалып, Қазақ телерадиокомитетінде аға редактор, «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында әдеби қызметкер, жетекші редактор, Қазақстан Республикасының Президенті мен Министрлер Кабинетінің аппараттарында аға референт, ҚР Парламенті Сенатының аппаратында редакциялық-баспа бөлімінің консультанты, бас консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымдарын атқарған тұлға дәрежесіне жетті. Соңғы қызметінен зейнетке шықты.
Жауапты лауазымдарды абыройлы атқара жүріп, есептеулі уақытты қапы жібермей, әдебиетанумен айналысып, филология ғылымдарының кандидаты атанды, әлемге әйгілі бірқатар тарихшы ғалымдардың орыс тіліндегі дүниелерін қазақшаға тәржімалады. Өзінің бірнеше жыр, деректі-публицистикалық жинақтарын, ғылыми зерттеулерге құрылған кітаптарын шығарды. Ел ерінің еселі еңбегін бағалайды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Орынбек Жолдыбай ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қазақстанның құрметті журналисі, Кентау қаласының құрметті азаматы атақтарына ие болды.
Қаламгер һәм қайраткердің бұл зейнетке дейінгі адал да белсенді еңбегімен жеткен мерейлі мәртебесі. Ал құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейінгі өнегесі қандай? Мағыналы өмір сүруді толассыз, тоқтаусыз еңбек ету деп ұғынатын Орынбектің соңғы жылдары мемлекеттік тұлға, ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған, салмақты саясаткер Қуаныш Айтаханов туралы «Азамат ажары» атты көлемді кітабы бай мазмұнымен, терең ғибратымен жоғары бағаланды. Осы жақында ғана жарық көрген «Жолдас болсаң жақсымен» деп аталатын қалың жинағының құндылығына да республикалық басылымдарда алғашқы жылы лебіздер білдіріліп жатыр.
Иә, «Адамның жан дүние­сі – оның ісі» деседі. Осы тұрғыдан келгенде, Орынбек Жолдыбайдың ең алдымен адамның адамдық қасиеттерінің негізгі өлшемдерінің бірі – еңбексүйгіштігін, журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыққан хас маманы ретіндегі майталмандығын, түрлі жанрдағы және тақырыптағы жазбаларымен танылып, бүгінде белгілі қаламгер қатарында өзінің ойып тұрып орын алған сан қырлы, алуан сыр­лы шығармашылығын, санау­лы, сауатты, тәжірибелі, шебер аудармашылығын, жалпы бір басына түрлі өнер қонғанын тәптіштеп айтып жату артық та болар.
Өзі кішіпейіл, өзі қарапайым, аңқылдаған ақкөңіл, жүзінен иман нұры төгіліп тұратын, көпті көрген көшелі адамға қашан да аға да, іні де үйір. Бұдан он жыл бұрын татар дәмі таусылған зайыбы Бейсенкүл де ағайын-туғанға, көрші-қолаңға, дос-жаранға дәйім есігі ашық, дастарханы жаюлы, кеңпейіл жан еді. Екеуі бір-біріне сай. Мінездес. Пенде болған соң базбіреулер айтпай ма: «Ореке, алпыс деген не тәйірі, екеу болатын жөнің бар» деп. Орекең бүй дейді: «Бейсенкүл әлемде біреу­-ақ. Ондай жан енді жоқ». Махаб­батқа адалдық!
Екеуінен шұрқырап өсіп жатқан немерелер баршылық. Ынтымағы жарасқан, өзара сыйластықтың жұпар иісі аңқыған отбасының перзенттері – мектепті қазақша бітіріп, мемлекеттің «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білімін тереңдетіп келген ұлы Мақсат – қазір мемлекеттік жауапты қызметте. Қызы Құралай – әке жолын қуған журналист.
Курстастардан Меккеде салынған киелі ғибадат үйіне қажылық жасауға бірінші болып барған да осы Орекең. Қаршадайынан ауырлыққа төзіп үйренген ол ұлық сапардың өзіне тән қиыншылықтары мен сынақтарына жалғыз бүйрекпен жүргеніне қарамай сабырын төседі. Әрбір пендені тура жолға бастайтын сол парызды өтеп қайтуы айналасына жүзінен иман нұры төгіліп тұратын қасиетін тереңдете, байыта түскені де ақиқат.
Ғұмырлы бол, Орынбек дос!

Жеңіс БАҺАДҮР,
жазушы-журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button