Білім

Адами капитал – сапалы білімнің негізі

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова алғашқы еңбек жолын мектепте мұғалім болудан бастаған. Сондықтан білім саласының жағдайын жақсы біледі. Парламент қабырғасында осы саладағы қордаланып қалған проблемаларды ашық айтып, оларды шешуге жиі үн қосып отырады. Біз бүгін халық қалаулысымен білім саласындағы өзгерістер туралы әңгіме өрбіттік.

– Ирина Владимировна, Елбасы жақында халыққа арнаған кезекті Жолдауында білім саласына қатысты көп мәселелерді жіліктеп айтты. Әсіресе, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдану керек деді. Осы жаңа заңға қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында адам капиталының сапасын жақсартуды үнемі айтып келеді. Расында, қоғамда барлық мәселені адам шешеді. Ол үшін адамға ең керекті – білім, денсаулық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген жөн. Сондай-ақ елдің дамуын жер астындағы пайдалы қазбалармен өлшей беруге болмайды. Мәселен, Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур секілді елдерде ешқандай пайдалы қазбалар қоры болмаса да, олар сапалы адам капиталының арқасында әлемнің көшбасшы мемлекеттеріне айналды. Сондықтан адами капитал сапалы білімнің негізі саналады. Қазір қоғамда ұстаздардың беделі бұрын­ғыдай емес. Олардың әлеу­меттік жағдайлары да сын көтермейді. Педа­гогтардың жалақысы төмен болғандықтан, мектепке білікті мамандар бармайды. Балабақшаларға да тәр­биешілер тұрақтамайды. Баспана мәселесі де жиі толғандырады. Анығын айтқанда, білім саласында осындай біраз мәселелер қордаланып қалды.
Бірақ Президенттің жа­қында жарияланған Жолдауы ұстаздар қауымын бір серпілтті. Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдауды ұсынды. Енді мұғалімдер беделі қайта көтеріледі деп ойлаймын. Жаңа заңда білім саласының мамандарының құқықтары мен әлеуметтік мәселелері жан-жақты қамтылу қа­жет. Менің ойымша, ұс­таз­дардың жалақысы елі­міздегі орташа еңбек­ақыдан жоғары болса дей­мін. Жас мұғалімді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ұзақ жылғы тәжірибесінің нәтижесінде қатардағы мұғалім­нен үз­дік маманға айналған педа­гогтарға қандай да бір артықшылықтар жасалу керек. Содан кейін мұға­лімдерді 25 жылдық еңбек өтілімен зейнет­керлікке шығаруды ойластырған дұрыс. Әсіресе, ауыл мұғалімдері әлеуметтік қолдауға зәру.
Бізде мұғалімдер жұ­мыс­та­рын тексеретін мем­лекеттік мекемелердің де саны едәуір. Осы меке­­мелердің қызметін оңтай­ландыру қажет. Өйткені олардың арасында мектеп пен ұстаздарға шын жаны ашитындары аз. Көбісі жоғарыдан тапсырма беріп, орындатуды біледі. Қысқасы, педагогтардың жұмысын тексеруді азайтып, оларға шығармашылықтарын дамытуға мүмкіндік беру керек.
Еліміздегі жекеменшік білім ордаларына да жеңілдіктер жасалса артық болмайды. Үш ауы­сымдық мектептердің мәселесін осы білім ұя­лары арқылы шешсек, арзанға түседі деп ойлаймын. Дегенмен жаңа заңға енетін өзгерістерге ата-аналардың, педагогтардың, оқушылардың пікірлері ескерілгені жөн.


– Сіз Парламент Мәжі­лісінде білім саласына байланыс­ты біраз мәселе көтердіңіз. Қорытындысы қалай болды?
– Иә, ол рас. Үкімет­ке мұғалім­дер мен тәрбие­шілердің әлеу­меттік жағ­дайы, оларға міндет­телген артық жүктемелер жайында онға жуық сауал жолдадым. Алғашқы кезде Үкіметтен ұсыныстарыма «қаржы жоқ, күтіңіз» деген мардымсыз жауаптар келді. Бірақ кейінгі жылдары жіберген сауалдарыма келген жауаптар мені үміттендіре бас­тады. Қалай дегенмен де, қазір алға жылжу бар. Мұғалімдердің жалақысын көтеруді қолға алды. Олардан сабақтан тыс уақыттағы артық жүк­темелері алынып тас­талды. Президент өз Жолдауында бұл мәселелерге кеңірек тоқталды.
– Бүгінде қашықтықтан оқыту жүйесі қолға алына бастады. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігі педагогтардың білік­тілігін көтеру барысында мұға­лімдерді өн­дірістен, яғни мектеп пен оқушыдан үзбей қа­шық­тықтан оқытуды барынша белсенді пайдалануды қолға алды. Бұл ұстаздың біліктілігін арттырудағы жауапкершілігін күшей­теді. Қазір бұл оқыту жүйесі кең тарап барады. Кей­бір ата-аналар балаларын қашық­тықтан оқыту арқылы шетелден білім алады.
– Қоғамда бала тәр­биесі де өте өзек­ті мәселеге айналды. Сіз бір сауалыңызда бала­лардың болашағына қауіп төндіретін интернет сайттарын бұғаттау туралы айттыңыз. Бұл мәселе шешімін тапты ма?
– Қазір ғаламтор өмірі­міздің бір бөлігіне айналып үлгерді. Енді одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Және бұл мүмкін де емес. Елімізде балаларды қажетсіз ақпараттан қорғау туралы заң қа­был­данды. Мемлекет шы­ғаратын немесе мемлекетке әкелінетін әрбір кон­тенттің жас мөлшерлік белгісі болатындығы да анықталды. Ақпаратты сүзгіден өткізетін, «ақ» ғаламтор болады және оны балалардың қолжетімді ресурсы ретінде орнатамыз деп айтылып жүр. Бірақ балаларымызға жарамайтын нәрседен оларды қорғай алмайтын тәріздіміз. Сондықтан жеткіншектерді ақпаратпен жұмыс істеуге, талдауға және сүзгіден өткізуге үйретуіміз қажет. Бұл жерде түйеқұстай басымызды құмға тықпай, баламен немесе оқушымен қа­рым-қатынас жасап, оларға кез­десетін кедергілер мен қауіп-қатерлер жайлы айтып отыру керек. Бүгінгі балалардың бойынан шектен шыққан тәрбиесіздік пен әдепсіздікті бай­қа­мадым. Керісінше, қазіргі жеткіншектер бай­қампаз, ақылды, мейірімді болып өсіп келеді.
– Соңғы жылдары ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігі білім саласында біраз реформалар жүргізуде. Сіз осы жаңа жобаларды қолдайсыз ба?
– Бұл жайында Прези­дентіміз қазанда жария­лаған Жолдауында таратып айтты. Сонда Елбасы білім саласындағы бітпейтін реформаларды тоқтатып, оларды жұмыс істету туралы ұсыныс жасады. Шындығында, елімізде білім саласындағы реформалар жиырма жыл­дан беріп дамылсыз жүріп келеді. Әрине, оны бұрынғы білім жүйесімен салыстыра алмайсыз. Заман ауысқаннан кейін заң да ауысады. Алайда бұрынғы білім жүйесінің жақсы жақтары болды. Оны да айтқан дұрыс. Кей­біреулер кеңестік білімнің тәжірибемен байланысы болмады деп айтады. Мен бұған келіспеймін. Есіңізде болса, мектептегі оқу барысында практикалық сабақтар болды. Әсіресе, физика, химия, биология, география, технология пәндеріндегі тәжірибелік сабақтар қызықты өтетін. Мәселен, география пәнін­дегі практикалық сабақта экскурсияға шығып, әлем картасымен жұмыс істеуді үйрендік. Технология пәні­нен іс тігу, тоқу, ас дайындауды меңгердік. Қалай болғанда да сол кездегі білім жүйесін жоққа шығаруға болмайды.
Қазіргі уақыт – басқа. Отан­дық білім саласына көптеген өзгерістер ен­гізіліп жатқаны рас. Оның оқушылардың білім сапасына да тиіп жатқан әсері мол. Бұл өзгерістермен ата-аналар да кей жағдайда келісе бермейді. Олар ба­лаларының білімін то­лықтыру үшін ақылы түр­лі курстарға, дайындық сыныптарына апарады, мұғалімдер жалдайды.
Оқулықтардың сапасы туралы да түрлі пікір бар. Кейбір оқулықтардың қателері түзетіліп, қайта шығарылды. Оның бәрі – қаншама шығын. Бүгінде көпшілік арасында электронды күнделік көп тал­қылануда. Бұған да қар­сы пікірлер жетеді. ҚР Білім және ғылым ми­нис­­тр­лігінің білім саласына енгізген өзгерістерімен көпшілік онша таныс емес. Содан түрлі пікірлер туындайды. Алдымен аталған министрлік ол реформаларды мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Анығын айтқанда, халыққа толық ақпарат жетпейді.

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button