Руханият

Әр әйел бақытқа лайықты

 (Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романын оқығаннан кейінгі ой)

 «Махаббат, қызық мол жылдар» – қазақ әдебиетінің жауһары, асылы. Бұл бір шығармаға бірнеше адамның тағдырын арқау етіп, әр оқырманның жүрегіне шынайы махаббат сезімнің сәулесін құя білген теңдесі жоқ еңбек.
Әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың нағыз шеберлігі мен қаламгерлік қуаты айқын көрініс тапқан шығарманың көтерген мәселесі мен бүгінгі қоғамның арасында қандай байланыс бар деген сұрақ туындайды.. Әлбетте, байланыс бар. Әйел затының адалдығына табыну былай тұрсын, нәзік жандарды мазақтау мен қорлау бұрын да болған еді, қазір де азайғанның орнына көбейіп барады. Неге бұлай? Осы сауалға өзімше жауап іздеп көрейін. 1970 жылы жарыққа шыққан бұл романды қазіргі жастар да қызығып оқиды. Өз басым бұл кітапты жүрегімнің қалауымен екінші мәрте оқуға кірістім. Екі жастың махаббат сезімі бейнеленген шығарманы алғаш қолыма алғанымда ақ парақтарында қайғыға толы махаббаттың жасырылғанынан бейхабар едім.
Романдағы тартысқа толы оқиғалар, шиеленіске түскен тағдырлар қатты қызықтырып әкетті. Ондағы оқиғалардың соңы жақсылықпен аяқталса екен деп үміттендім. Бірақ бас кейіпкерлер – ақылды да сұлу Меңтайдың бес күн жалғанда көрген қорлығы, ел мен жерді жаудан қорғап келген Ерболдың өз сүйіктісін қорғау жолындағы шарасыздығы қалың мұңға көміп тастады. Келешегінен зор үміт күткен жас қыздың өтіріктің құрбаны болып, ағасының майдандасы, арсыз Тұмажанға еріксіз берілуі, аппақ денесіне еркектің қолы тимеген жанның ақадал ар-намысының тапталуы жан-жүрегімді жабырқатып жіберді. Шым-шытырық шиленісті сәттерде Тұмажанды Меңтайға ертіп апарған Ерболдың қылығын да түсінбей дал болдым. «Қызды қызық үшін жаратқан» деген тоғышарлық деңгейде қалып қойған Тұмажанды көрсем бетіне былш еткізіп бірақ түкіретін едім…
Сонау Ақбілек, Ұлпандар заманынан бар әлсіз әйелді мазақ ету, қорлау адамзаттың санасы мен ойы қарыштап дамыған 21 ғасырда да жойылмағаны өкінішті. Ол аз десеңіз, өркениетті заманда қыз алып қашу, жас арудың пәктігін таптау, күңше ұрып-соғу, ауыр жұмысқа жегу, тіпті оп-оңай өлтіре салу үйреншікті нәрсеге айналды. Қазақша айтқанда, сондай сорақылыққа етіміз өліп кетті. Алысқа бармай-ақ, өзінің күйеуі қорлап өлтірген марқұм Салтанат Нүкенованың оқиғасы біздің қоғамды дүр сілкіндірді.Салтанат танымал адамның жары болған соң, бұл сұмдықты күллі ел естіп-білді.Ол маған Дулат Исабековтың «Гаухартас» шығармасындағы Салтанатты еске салады. Екі заманның Салтанаты… Екі түрлі тағдырдың бір арнаға тоғысуы. Оқиғалардың байланысып тұрғаны соншалық, әртүрлі уақытта болғанына қарамастан ащы шындықты анық дәлелдеуде. Сол бір замандағы өзімшіл Ыбыш пен бүгінгі замандағы былыққа батқан Бишімбаевтың мойнына бір емес, екі адамның өмірі жазылды. Бірі – қадіріне жете алмаған аяулы жары болса, екіншісі өміріне мән берер соңғы үміті – сәбиі.
Салтанат танымал адамның жары болған соң, бұл сұмдықты күллі ел естіп-білді. Ал елге жария болмаған, зорлықшыл қанышерлердің қолынан мерт болып жатқан қазақ қыздары мен әйелдері қаншама?!. Біреудің қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген перзентіне адам есебінде қарамай, қорлап-зорлайтын, күң қылатын еркектердің бұ қоғамда өмір сүруі бәрімізді ойландыруы тиіс. Бүгінгі заманда барлық салада даму, өркендеу бар. Бірақ… әйел затын қорғауға келгенде керісінше құлдырауға ұрындық. Өйткені, рухани құндылықтар шайылып, адам баласы материалдық құндылықтарға басымдық беруде. Осы кітапты оқығаннан кейін бір түсінгенім, әйел еркектен бір саты төмен тұруы керек дегенді кейбір адамдар керісінше қабылдайды. Тоғышарлық сананың шырмауынан шыға алмағандар әлі де көп. «Махаббат, қызық мол жылдар» – ақ пен қараның, әділдік пен әділетсіздіктің бітіспес күресі жүріп жатқанын көрсететін шығарма. Меніңше, бұл кітапты әрбір қазақ оқып, ой түйіп, жолы жіңішке қыз балаға ұлттық сана биігінен қарауы қажет. Себебі, ұлттың ұяты да, болашағы да – әр қазақ қызының ар-намысында, абырой-пәктігінде жатыр. Оны құрметтеп, көздің қарашығындай сақтай алмасақ, ұлт ретінде өсіп-өркендемейміз.
Әр әйел заты бақытқа, бақытты болуға лайықты. Әйел бақытты болса, ұрпақ та бақытты ғұмыр кешеді. Ал әйелді жылатсақ, обалына қалсақ, шынайы махаббатты қорласақ, алға баспаймыз. Шығарманың негізгі түйінді айтатын ойы – осы. Болашақта журналист болып, қолыма қалам ұстасам, әйел бақыты деген тақырыпты терең зерттеп, қоғамды оятатын, көптеген адамдардың ой-пікірін өзгертететін өткір, тұшымды дүниелер жазамын деген арман-мұратым бар. Әлем әйелмен әдемі, ал әлем әйелге әділетті болуы тиіс.
Аружан ЕСЕНГЕЛДІ, Астана қаласындағы №8 мектептің оқушысы.
Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button