Қоғам

АЙФОННЫҢ ӘУРЕСІ

айфон

– Маған айфон керек!
Тоқтар үйге томсарып кірді.
– Айфоны несі, құлыным-ау? Теле­фоның бар емес пе?
Анасы әп-сәтте абдырап қалды.
– Нокиа ма? Ұстағым келмейді оны. Сыныптағылардың бәрі айфон мен гэлэкси алған!
– Сенікінің қай жері кем? Қажет қызметтердің бәрі онда да бар ғой, – деп әкесі әңгімеге араласты.
– Білмеймін…
Тоқтар аз-кем тұрды да, мұрнының астынан міңгір етті:
– Айфон деген аты күшті…

Ал керек болса! «Күшті атына» бола әке-шешесінен смартфон сұрайтын талай оқушыны көз көріп жүр. Заты қызықтырмайды, тек аты ғана. Apple-дің өнімін кім ұстаса, сол – «крутой»! «Крутой» болғысы келетіндер қыңқылдап жүріп, ата-аналарына айфон алдыртады. Бала дегенде олардың да шығар жаны бөлек. Қарызданып-қауғаланып жүріп, сұрағанын әпереді.

Жақында ғана Ebates.com сайты қызық зерттеу жүргізіпті. Сауалнамаға 12 мен 17 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысқан. «Туған күніңе қандай сыйлық қалайсың?» деген сұраққа респонденттердің 51 пайызы «тістелген алмасы бар» гаджеттерді атапты. Яғни, олардың 27 пайызы – айфон, 24 пайызы айпадты армандайды екен.

Арман дегеннен шығады. Бұдан екі жыл бұрын Сяо Чжэн есімді 10-сыныпта оқитын қытайлық бозбала айпад үшін бір бүйрегін сатып жіберген. Планшетті қатты армандаған ол үй ішінің жағдайы жоғын ескеріп, ғаламтор арқылы әлдекімдермен ке­ліскен. Бүйрек саудасы 22 мың юаньға бағаланыпты. Ота Хунань про­вин­ция­сында жасалған. «Естімеген елде көп» деген осы!

– Шәкірттердің көбі заманауи смартфондарды құр мақтан үшін ұстап жүр, – дейді астаналық ұстаз Балжан Тоқтамысова. – Ағылшын тілінің мұғалімімін. Сабақ үстінде шәкірттерім онлайн-сөздікті пайдаланады. Кітап парақтап жатқандары сирек. Қымбат телефоны жоқтар ондайда аналарға қызыға қарап отырады…

Ойды ой қозғап, бір күні он үш жасар жиенімнің айфонына үңілдім. Таңнан кешке дейін бас алмайтынын көріп, қандай керемет бар екен деп ойлайтынмын. Экранға саусағымды сүйкеп, «парақтап» жатырмын: Вконтакте, Instagram, Whats App, Angry birds, Retrica, InstaSize, Snapseed… Бары осы! Онда да жоғарыдағылардың жартысы – сурет өңдеуге арналған қосымшалар. Екі-үшеуі – ойын, қалғаны – әлеуметтік желінің бағдарламалары. Марқұм Стив Джобс әйгілі брендін мұндай жеңіл-желпі дүниелер үшін ойлап таппаған шығар…

Apple тұтынушыларына арналған AppStore дүкенінде оқушыларға арналған пайдалы қызметтер жетіп артылады. Кітап оқығың келсе, iBooks көмекке келеді. Іздеген әдебиетіңді тап та, жүктеп ал. Биологияны зерттегің келсе, TED-ті аш. Адам психологиясынан бастап қарапайым жасушаның құрылысына дейін тәптіштеп тұрып, бейнематериал түрінде түсіндіріп береді. Ал LinguaLeo барда ағылшыншам нашар деудің өзі ұят. Бағдарламадағы «ақылды арыстан» – саған тіл үйретер жап-жақсы ұстаз. Айта берсең, шынымен де пайдасы бар дүниелер өте көп. Тек соларды қажетіне жаратар жеткіншек тым аз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button