Қоғам

«ТҰТҚЫН» CӘБИ

Қазір жұртты таңғалдыру қиын. Оғаш нәрсенің өзіне «е-е-е» деседі де қояды. Өндірушілерге де керегі сол, небір сұмдық дүниелерді үсті-үстіне үйіп-төгуде. Жақында ғана тосын жаңалықты естідім. Бразилиялықтар баланы матап тастайтын көйлек ойлап тауыпты. «Ойлап тауыпты» дегенім өтірік шығар, бұл жейде бұрыннан бар негізі. Тек оны… жындыханадағылар ғана киетін. Екі қолды шандып тастайтын арнайы киім ертеректе психологиялық ауытқуы бар жандар үшін тігілген. Ал соны сәбилерге сәйкестендіріп жасаған санасыздардың мақсаты не болды екен?!

бала

«Control Toys» корпорациясы мұндай өнімдерді тұтас серия қылып шығарған. Жиынтық үш заттан тұрады. Біріншісі – жаңағы көйлек. Қоңыр қон­жықтардың суреті бар бұл жейденің жеңі ұзын. Оны белден айналдыра орап қоятын көрінеді. Содан соң бау арқылы екі қолды матайды. Бітті, баланың қоз­ғалмақ түгілі, саусағының ұшын да қимылдатуға шамасы жоқ. Келесісі – «тәртіп үстелі». Үстелдің үстіңгі және астыңғы жағындағы төрт бау баланың қол-аяғын тырп еткізбейді. Ол аздай, арқаны орындыққа жапсыра байлап тастайтын тағы бір жіп бар. «Құрсауланған» сәбидің халін айтып жатудың өзі артық. Жетіліп келе жатқан жас санаға бұдан асқан қандай соққы болуы мүмкін?! Сұмдық мұнымен бітпейді. «Сontrol Toys» фирмасының үшінші өнімі – тастан жасалған ауыр доп. Доп дегенің жеңіл болмау­шы ма еді?! Жоқ, онымыз – ойнау үшін. Ал мынау шармен ұзаққа бармайсың. Зіл батпан «ойыншық» темір шынжырға бекітілген. Шынжырдың бір ұшы баланың аяғына байланады. Ежелгі дәуірлерде зындандағы тұтқын қашып кетпес үшін дәл осындай жаза қолданылатын болған. Мынау – соның заманауи көшірмесі.

Publicis жарнама агенттігінің арт-директоры Антонио Корреа былай дейді: «Әйгілі «Supernanny» телешоуын көрген соң, «Control Toys» жиынтығын шығару идеясы ойыма келді. Әке-шешеге бағынбайтын тентек балаларды тек осындай жолмен ғана тәртіпке шақыруға болады». Кешіріңіз, Антонио мырза! Сіздің әдісіңіз тәртіптен гөрі азап пен мазаққа көбірек келіңкірейді екен.

Қиын балалар бар, әлбетте. Олардың да тілін табу керек. Бөбек үш жасқа келгенде, психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Бұл шақ – оның өзіндік «мені» қалыптасатын кез. Бала енді тәуелсіз болуға тырысады. Сонысын байқатқысы келіп, айналасындағыларға ашу-ызасын көрсете бастайды. Агрессия пайда болады. Бөбектің бұл мінезін күшпен тыям деудің өзі әбестік. Ас­танадағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейтін Жанар Айтқазиеваның айтуынша, мәселеге басқа жақтан келген жөн. «Мұндайда алдарына қағаз бен қарындаш беремін. Бала өзіндегі барлық жағымсыз энергияны сурет салу арқылы сыртқа шығарады. Боямақтың да пайдасы бар. Ешқашан ұрсып-зекіп, күш көрсеткен емеспін» дейді ол. Сәбидің сәл нәрсеге ашуланшақ, қит етсе қырсыға қалатын қылығы ата-анаға да көп байланысты. «Мынаны істесең, кәмпит алып беремін» деп алдау­сырата салмай, баламен үлкен адамдарша әңгімелескен дұрыс. Сонда ол да өзіне біреудің сенетінін түсініп, кәдім­гідей жауапкершілікті сезінеді.

Тәрбиеге келгенде барды аямаған халық емеспіз бе?! Бөтеннің батпағынан сақта­найықшы. Бала біздікі ғой.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button