Құқық

АЛАЯҚҚА АЛДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ

Астанада басты мәселе – баспана мен жер. Елордаға көшіп келушілердің осы «жанды» жерін алаяқтар да жақсы біліп алған. Соңғы бес жылда бас қалада алаяқтық жолмен азаматтардың сенімін пайдаланып, пайдақорлық ниетін жүзеге асыр­ғандар және бөтеннің мүлкін жымқыру  сынды қылмыстар көбейген.  

Астана қаласы №2 Алматы аудандық сотының судьясы Убайдулла Қошановтың айтуынша, биылғы жылдың 6 айының деректеріне сай, Алматы аудандық сотына 19 адамға қатысты 17 қылмыстық іс түскен. 8 адамға қатысты 7 қылмыстық іс үкім шығарумен аяқталған. 10 адам сотталса, оның ішінде 2 адамның бас бостандығы шектелген. Мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жаза 10 адамға тағайындалса, 2 азаматқа белгілі бір қызметпен айналысу құқынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.

– Сотталған азаматтардың дені – «үй алып беремін, жер телімін алуға көмектесемін» деп жұртшылықты алдап, ақшасын жымқырып кеткендер. Сондықтан астаналықтарды абай болуға шақырамыз. Кез келген жылжымайтын мүлікті алу және беру тек заң аясында жүзеге асырылатынын әркім естен шығармауы тиіс, – дейді судья Убайдулла Қошанов.

Сот өндірісінде қаралып жатқан алаяқтық түрмен бөтеннің мүлкін иемдену үшін жасалған қылмыстар сан алуан. Соның бір мысалын келтіре кетейік. Астана қаласының тұрғыны Рүстем атты азамат «жеке үй салу үшін жер телімін алып беремін» деп уәде беріп, құрығына түсірген адамдардың әрқайсысынан 25 мыңнан 30 мың АҚШ долларына дейін ақша бопсалаған. Ол өзгенің сеніміне кіріп алып, 9 жәбірленушіге алаяқтық жолмен жалпы құны 58209530 теңгеге материалдық залал келтірген. Бұдан соң алған ақшаларды жәбірленушілерге қайтармай, оларға тиесілі болған 16,2008 гектар жер телімін бөтен азаматпен келісімшартқа отырып, жердің бәрін 28 пәтерге ауыстырып жіберген. Онымен қоймай, пәтерлерді өз меншігіне жекешелендіріп алған.

Сот үкімімен алаяқ азамат Қылмыстық Кодекстің 177-бабының «Б» тармағымен айыпты деп танылып, оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал оның қылмыстық жолмен тапқан жеке меншігіндегі мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленді.

Қазіргі таңда сот үкімін орындау мақ­сатында сотталушының жеке меншігінде тәркіленген мүлкі сот орындаушылар арқылы сатылып, жәбірленушілерге келтірген материалдық шығындар қайтарылу үстінде.

Сондықтан мамандар жекеменшікке пәтер, жер телімін сатып аларда сатушы тараптың бүкіл құжаттарын түгел тексеріп, мемлекет органдардан тиісті анықтамалар алуға кеңес береді.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button