Құқық

Жемқорлықты қалай жоямыз?

ff273da29b144edfba36d09fe0a82a3c

«Бүгінде жемқорлықпен күрес күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Қоғамның барлық саласында кездесетін бұл әрекет қылмыс екені айдан анық. Әсіресе,  мемлекеттік басқару құрылымдарындағы  лауазымды қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет  мүмкіндіктерін жеке бастың пайдасы мен  мүддесі  үшін пайдалануы – қауіпті. Жалпы, жемқорлық бұрын болған ба, әлем елдері онымен қалай күреседі? Осы туралы жазсаңыздар екен» деп хат жолдапты Айша есімді оқырманымыз. Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің бас сарапшысы Дәурен Дүйсебаевтың пікірін бергенді жөн көрдік.

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ТӨНГЕН ҚАУІП

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Ирак жерінде іргесі қаланған ежелгі Лагаш деп аталатын мемлекетте Урукагина есімді патша болған. Ол шенділердің жемқорлыққа бой алдыруын айыптаған ең алғашқы патша ретінде есептеледі. Урукагина қызметін теріс пайдаланған лауазымды қызметкерлерді үнемі бақылап, сынап отырған. Тіпті, халықты түрлі жолмен қорқытып, пара дәметіп келгендерді жазаға да тартқан. Яғни, мемлекетте парақорлықты азайту үшін мемлекеттік басқару процесіне түбегейлі өзгерістер енгізген.

Жалпы, қарт тарихта жемқорлыққа бой алдырғандарды түрлі жазаға тарту, парақорлықты тоқтатудың түрлі тәсілдері қолданылғандығы туралы деректер көп.

Мәселен, Иван Грозный ХVI ғасырдың ортасында парақорлыққа тыйым салған. Осы «дертке» шал­дыққандарды өлім жазасына кесуді бұйырған. Көрші мемлекет Қытайда да парақорлар өлім жазасына кесіліп отырған. Жазаның бұл қатаң түрін олар осы уақытқа дейін іс жүзінде жүзеге асырып келеді.

1787 жылы қабылданған АҚШ Конституциясына сәйкес, сыбайлас жемқорлық президентке сенімсіздік жариялануға себеп болатын екі қылмыстың бірі болып табылады.

СИНГАПУРДЕ СЫБАЙЛАСТЫҚ ЖОҚ

XX ғасырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа моделін енгізген мемлекеттердің бірі – Сингапур. Мәселен, 1965 жылы тәуелсіздігін алған Сингапурде парақорлық өршіп тұрған. Кез келген мәселе пара беру арқылы ғана шешіліп отырған. Міне, осының барлығына аталған елді бірнеше жыл басқарған Ли Куан Ю нүкте қойды. Ол елде сыбайлас жемқорлықпен күресудің жоспарын әзірлеп, оны іс жүзінде ұтымды пайдалана білді. Бірінші кезекте заңдарды қатаңдатты. Соттық жүйенің тәуелсіздігін жо­ғарылатты. Шенеуніктердің жал­а­-

қыларын өсірді және олардың іс-әрекеттері регламенттелді. Сыбайлас жемқорлықты тергеу бойынша дербес Бюро құрылды. Бастысы, шағын және орта бизнеске есік ашып, олардың дамуына кедергі болатын түрлі әкімшілік кедергілерді жойды. Аталған тынымсыз жұмыстар көп ұзамай өзінің нәтижесін берді. Қазір Сингапур әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің үздік ондығына кіреді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күресті Дания, Швеция, Канада, Финляндия, Норвегия, Исландия, Жапония, Германия, Израиль сынды мемлекеттер табысты жүргізіп келеді. Олар сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп есептейді.

Мәселен, 1995 жылы Ұлыбританияда Нолан комиссиясы жемқорлықтың алдын алатын 7 қағиданы қабылдаған. Олар: Риясыздық. Сатылмастық. Әділдік. Есептілік. Ашықтық. Арды, абыройды сақтаушылық. Басшылық. Міне, осы қағидалар арқылы бүгінгі таңда Ұлыбританияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттері өзінің жемісін бере бастаған.

ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

Біздің мемлекетіміз ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңын қабылдады. Жылдар өтті, аталған мәселеге деген талаптар күшейе түсті. Нәтижесінде аталған заңнама алдыңғы қатарлы мемлекеттердің заман талабына сәйкестендірілген тәжірибелеріне сүйене отырып қайта жаңғыртылды. Осылайша, ағымдағы жылдың басынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрестің қылмыстық-құқықтық шаралары бойынша құзыреттерді жүзеге асыру үшін Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы құрылды.

Жаңа заңнамада сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл субъек­ті­лерінің шеңбері артып отыр. Яғни, уәкілетті органнан бөлек оған квазимемлекеттік сектор, қоғамдық бірлестіктер және басқа да жеке және заңды тұлғалар жатқызылған.

Оған қоса, Заңмен жемқорлықтың алдын алудың жаңа механизмдері енгізілуде.

Жалпы, жемқорлық қайдан туады? Ол адамдар арасындағы қарым-қатынастан басталады. Қоғамда өмір сүрудің заңды жолдары сақталса, яғни заңдар басшылыққа алынса, жемқорлық болмайды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті» деп тайға таңба басқандай етіп жазылып қойылған. Заңның осы және басқа да талаптары сақталатын болса, аза­маттардың заңға деген құрметі мей­лінше арта түссе, онда жемқор­лықтың ауыздықталатыны сөзсіз.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button