ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Айлап айлық алмаған

Жайлы өмір, жарқын болашақ үшін астанаға ағылған жұртшылық әуелі өзінің маңдай тер, адал еңбегіне үміт артатыны анық. Алайда елордадағы еңбек даулары, адал жалақысын аларға жалынышты болған жұмысшының арызы еміс-еміс елеңдетіп отыр.  Жыл басынан бері қалалық еңбек инспекциясына 3208 арыз келіп түскен.

[smartslider3 slider=222]

Жалпы, елордада 55 820 кәсіпорын тіркелген. Оларда 220 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған. Еңбек инспекциясының қарауына келіп түскен шағымдардың басым бөлігі уақытылы жалақы төлемеуге қатысты. Биыл бұл бағытта жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша 267,9 миллион теңгеден астам жалақы берешегі өтелді. Осылайша 1981 жұмысшының еңбек және конституциялық құқығы қорғалды. Айлап айлығын ала алмаған қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғау мақсатында Еңбек инспекциясы жанынан тұрақты жұмыс тобы және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия құрылған.  Мамандардың айтуы бойынша, еңбек заңнамасын елемеген жұмыс берушілер көбіне, мерзімді жұмыстар мен құрылыс саласында жиі ұшырасады. Бұған басты себеп – еңбек келісімшартын жасамау. Әуелде заңды түрде рәсімделмеген еңбек қатынасы, кейін пайдакүнем ортаңқол жұмыс берушінің қоян бұлтаққа салуына жол ашып береді. Өткен 9 айдың ішінде мемлекеттік еңбек инспекторлары заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында 179 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тиісті талаптарды толық орындамаған 97 жұмыс берушіге анықталған фактілер бойынша олқылықтарды жуық арада жою талабы қойылып, тиісті ұйғарым табысталды. Сондай-ақ 31 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы соммасы 7 млн теңге айыппұл төленді.

Еңбек қатынастарының екі тарапқа да тиімді болуын қамтамасыз ету мақсатында ұжымдық шарт жасасу қажет. Бұл еңбек ұжымының әлеуметтік талаптарын айқындауға бағытталмақ. Қазіргі таңда қалада 33 мыңнан астам мекемеде ұжымдық шарт жасалған. Қала әкімдігі жанындағы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия жыл басынан бері 10 отырыс өткізіп, жалақы берешектерін өтеу, өндіріс нысандарында жарақаттанудың алдын алу, мамандарды негізсіз жұмыстан босату мәселелері қаралды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button