Әлеумет

Әкімнің телефоны…

Былтыр жазда Шымкент қаласы әкімінің қарапа­йым халықпен бірге автобусқа мінген популистік қадамын үлкен жаңалық көріп, жарияға жар салдық. Биыл Астана аудандарының әкімдері қала тұрғындарына телефон нөмірлерін берді деп тағы таңғалып, бас шайқап жатырмыз. Бұл нені білдіреді? Әкім мен халықтың арасының алшақтау екенінің көрінісі, әрине. Шын мәні­сінде, халықпен бірге, әр адамның пікіріне құлақ асуы тиіс басшыны қашан өзімізден бөліп алдық?

Өзінің жан қайғысын «Болыс болдым, мінекиіне…» сыйғызған Абайдың кейіпкерлері біздің қоғамда да қаптады. Отырған орындығы ойландырмайтын, шыққан биігінен төменге көзінің қиығымен қарай бермейтін басшылардың бар екенін ақпараттар нөпірінен аңғарасыз. Бір қарағанда, жұмыс жүріп жатыр. Бірақ әкім мен халықтың арасында жанды байланыс кем. Жоғарыдағыдай жаңалықтардың сирек құбылыстай көрінуі сондықтан. Біздің қоғамда қай әкімнің немесе ірі лауазым иесінің қабылдауына кіру – үлкен мәселе. Олар да, өз кезегінде, халыққа жақындауды мақсат тұта бермейтіндей. Шынына келсек, қай әкім де халықпен бірге, солардың ортасында жүруі керек емес пе? Базарға жиі барып бағаны білсе, асханадан түс­тенсе, аялдамаға аялдап, қоғамдық көлікке отырса, әрбір адамның мұңына құлақ түріп, телефонымен тілдесе беретіндей жағдайға жетсе, жұмыс жүйесі, тіпті қоғам өзгерер еді. Орынбасарлары мен көмекшілерінің көмегі немесе электронды құралдар арқылы ғана байланысып, халықтың қалың көшінен өзі сирек көрінетін әкімдер туралы басқа не айтуға болады? Осы тұрғыдан келгенде, өткен айда астаналық аудан әкімдерінің халықпен байланысын, есеп беру жиналыстарын өзге аймақтарға үлгі етіп таратуға болады.
Бұл есептер барысында «бата бергіш» ақсақалдар мен көңілжықпас көлгірсігендерді көре алмадық. «Көпшік қою» үшін кезекке тұратындар да кезікпеді. Өткір сұрақтар қойылды, қиын мәселелер ортаға салынды. Қаланың бүкіл тыныс-тіршілігінің шынайы суреттері көрініс берді деп айта аламыз. Ауыл, аудан, қала, облыс әкімдерінің ел алдында бір жылда бір беретін есебінде ебін тауып, «ерен еңбектерін» паш ететін баяндамалары мен кезекке тұрып ода айтушылар ғана емес, күнделікті әр адамның басында кездесетін мәселелерге мән берілгені абзал-ау. «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген қанатты сөзді осы есеп кезінде үнемі қағида етіп ұстасақ…

Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button