Саясат

Алаңдап алаңға шыққан Армения

Армения жарты айдан астам уақыттан бері ауыздығымен алысқан аттың үстіне жайдақ қонғандай елірмеге епсекті күй кешіп келеді. Ел байтағы – Ереваннан бастап, барлық дерлік ірі қалаларын қамтыған қарсылық қозғалысы соңғы күндері билік өкілдерімен арада жүргізілген келісім нәтижесінде біршама саябыр тапқандай болып еді, бірақ мамырдың 1-інде өткен премьер-министр сайлауында «көше көтерілісінің көсемі» Никол Пашинян парламент депутаттары тарапынан тиісті мөлшерде дауыс ала алмай қалғасын, дау-далаба қайтадан өршіп кететінге ұқсап тұр.

Бәрі 13 сәуірде басталды. Сол уақытта оппозиция серкелері бастаған халық қозғалысының төтеннен туып кетуіне бұрынғы президенттің премьер-министр болғалы жатқаны туралы қауесет тарауы себепші болды. Жұрт Серж Саргсянның енді үкімет басшысы ретінде елдің тізгінін ұстағалы тұрғанына әр жерде келіспеушілік танытты. Бірақ парламент алған бетінен қайтқан жоқ, ол 17 сәуір күні өткен арнайы мәжілісінде 2008 жылдан бері бес жылдық екі президенттік мерзімді өткерген Серж Саргсянды бір ауыздан бекітті де жіберді. Сөйтіп, биліктің 2015 жылы жариялаған елді парламенттік басқару формасына көшіру кезеңі басталды. Мұның алдындағы наурыз айында Арменияның билеуші Республикалық партиясының атынан дауысқа түскен Ұлыбританиядағы бұрынғы елшісі Армен Саркисянды бұдан былай уәкілдік өкілеттіктерге ғана ие болатын президент етіп сайлаған еді.
Осыдан кейін парламенттегі «Елк» («Нәтиже») оппозициялық фракциясының лидері Никол Пашинянның шақыруымен әлденеше мыңдаған шеруші көшеге шығып, Ереванның орталығын түгел жауып тастады. Бірқатар мемлекеттік мекемелер жұмыс орнындағы ереуілдерге ерік берді. Олар қарсылық ретінде кеңселерінің айналасын тікенекті сымдарға қоршап алды. Сол күннің кешінде акцияға қатысушылар полициямен бетпе-бет келіп, соңы қақтығысқа ұласты. Нәтижесінде бірнеше ондаған белсенді, – ішінде Пашинян да бар, – ұсталды. Бірақ көп ұзамай оларды босатуға тура келді. Бұлардан бөлек, тағы 46 адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.
Пашинян келесі, 18 сәуір күні кешке барқыт революциясы комитеті құрылғанын жариялады. Ол осыған орай 19 сәуірде Еревандағы барлық мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына баратын жолдар мен негізгі көшелердің бәрінің жабылатынын, тек билік өкілдері үшін өткізу бекеттері қойылатынын мәлімдеді. Осы күндері шерушілер қатарына бір топ әскери қызметкер мен священниктердің қосылып кеткені де белгілі болды. Бұл екі арада қарсылық қозғалысына қатысушылардың талабы бойынша Пашинян мен Саргсян өзара келіссөз жүргізуге кірісіп еді, ол премьер-министрдің әрекетімен басталмай жатып аяқталып қалды. Алайда, бұл кездесу ізсіз кетпеді. Мұның ақыры сәуірдің 23-і күні Серж Саргсянның «қан төгіліп кетпеуі үшін» отставкаға кетуімен аяқталды.
Сонымен, жаңа премьер сайлауын өткізу қажеттігі туды. Оған дейінгі аралықта үкіметті уақытша басқару Саргсянның алдында премьер-министрдің бірінші орынбасары болған Карен Карапетянға тапсырылды. Ал сайлау­да жалғыз Никол Пашинян ғана дауысқа түсетін болды. Билеуші Республикалық партияның фракциясы бұл жолы үміткер ұсынбауға ұйғарым жасады. Алайда, ұлттық жиналыстың (парламент) арнайы мәжілісінде жалғыз өзінің аты-жөні тіркелген кандидат діттеген орнына бара алмай қалды. Себебі, ол қажетті 53 дауысты ала алмады. Оны жақтаған өзінің «Елк» фракциясы мен «Царукян» және «Дашнакцутюн» блоктары үшеуіне тиесілі 47 дауыстың 45-ін жинап берді. Сөйтіп, парламенттегі 105 орынның 58-ін иемденіп отырған республикашылардың қолдау көрсетпеуі салдарынан оппозиция серкесі сайлауда омақаса құлады.
Енді елдің конституциясына сәйкес, жеті күннен кейін жаңа сайлау өтуге тиіс. Осы екінші турда кандидатты жекелеген фракциялар емес, жалпы депутаттар санының үштен бірі ұсынуы керек. Егер осы жолы тағы да үкімет басшысы сайланбай қалатын болса, бұл Ұлттық жиналыстың өзінен өзі тарап кетуіне апарып соқтырады.
Ал бұрнағы күні Никол Пашинянның премьер-министр болып бекітілмей қалғаны айғақталғаннан кейін оны жақтау­шылар Ереванда «ақырғы же­ңіске жеткенге дейін» шеру өткізетіндерін мәлімдеді. Бірақ сосын оның неге апаратыны белгісіз. Бір нәрсе айқын, Ереванда билік елдің тізгінін күш көрсету арқылы келушілерге бергісі келіп отырған жоқ. Осы орайда үкіметті уақытша басқарушы Карен Карапетян қандай жағдай болса да, премьердің өз орнына заң жолымен келуі керектігін баса айтты. «Біз көшеде көтерілгендердің ырқымен кете алмаймыз, – деді ол. – Олай етсек, тағы бірқатар уақыттан кейін үкіметке тағы бір наразылар шығып, өз адамын ұсынуы мүмкін. Егер біз солардың еркімен кете берсек, ел болудан қаламыз».
Енді Никол Пашинянды таныстыра кетудің реті келіп тұр. Ол 1975 жылғы 1 маусымда Иджеванда туған. 1991 жылы Ереван университеті филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түскен. Бірақ 1995 жылы оқу орнын бітіру емтиханы басталуына екі апта қалғанда, университет пен елдің басшылары туралы сын мақалалар жазғаны үшін, бес жыл бойы үздік оқығанына қарамастан, оқудан шығарылады. Оқып жүрген кезінде-ақ өзінің журналистік қызметін бастап кеткен Пашинян 1998 жылдан бастап өзінің жеке басылымдарын шығара бастайды. Келесі жылы «Айкакан жаманак» атты оппозициялық газеттің негізін қалайды. Қазір сол басылымды әйелі Анна Акопян басқарады. Николдың өзі 2009 жылы көшеде тәртіпсіздік қозғалысын ұйымдастырды деген айыппен жеті жылға сотталып кетті. Бірақ 2011 жылы рақымшылық жолымен түрмеден босап шықты. Ал 2012 жылы Ұлттық жиналыстың депутаты болып сайланды.
Дегенмен әу бастан билікке оппозициялық бағыт ұстанған Никол Пашинян мен оны қолдаған халықтың бұл дүмпуінің себептері де жоқ емес. Олар ең алдымен билік тізгінін ұстаған он жылы ішінде Серж Саргсян бастаған жоғары лауазымды шенеуніктердің елдің жағдайын жақсартуға мүмкіндігін туғызбағанына наразы. Ыңыршағы айналған Армения қазір жоқшылықтың азабын қатты тартып отыр. Елдің билігі осыған орай ойдан да, қырдан да ақша қарастырып әлек. Бірақ бірқатар сарапшылар олардың қаржыны басқа жақтан емес, өз қоржындарынан іздеулері керек екенін айтады. Бұлай дейтіні, Айастан бүгінде әлемдегі жемқорлық пен криминал жайлаған мемлекеттің біріне айналған сыңайлы.
Сарапшылардың болжамынша, соңғы 10-12 жылдың көлемінде Армениядан заңсыз жолмен 7,5 млрд доллар ақша сыртқа шығарып әкетілген. Бұдан бөлек, елдің ішінде Серж Саргсян туысқандарының тонаушылық тірліктері мен зорлық-зомбылық әрекеттерінен халық әбден зәрезеп болған. Әсіресе, бұрынғы президенттің кезінде Таулы Қарабақта көлік жүргізуші және сантехник болып істеген туған інісі Александр Саргсянның жүгенсіз қылықтары шектен шығып кеткен. Өзіне ұнаған кез келген кәсіпорын акциясының жартысын тартып алатын ол елдің ішіндегі де, сыртындағы да жұртқа сондықтан «Сашик 50 процент» лақап атымен танымал болған. Оның осындай қылмыс жолымен жинаған капиталы Арменияның жылдық бюджетінен асып түседі. Президенттің Ереван университетінде кафедра басқарып отырған тағы бір інісі – Левон елдегі бүкіл элиталық құрылыс жүйесіне бақылау жасайды.
Арменияның алғы күнге армандарын жетелеген алдыңғы қатарлы азаматтары қазіргі таңда шынында да елде қалыптасып отырған бұл жағдайға қатты алаңдап отыр.

Серік ПІРНАЗАР

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button