Басты ақпарат

Әлемді үрей биледі

Украина жерінде әскери операция жүріп жатқанына бір апта болды. Соғыс басталмас бұрын «Киевті 72 сағатта басып аламыз» деп сес көрсеткен Ресей астананы әлі ала алмай жатыр. Осыған байланысты Ресей шабуылды үдетіп, Киевке мұздай қаруланған сайлауыт қосынын жіберді. Шығыс және оңтүстік бағыттан қатты соққыға ұшыраған Украинаның бірқатар қалалары қоршауда қалып, кей аудан орталықтары Ресей әскерлерінің бақылауына өтті. Соғыс басталғаннан кейін неше жүз мың бейбіт тұрғын Польша, Словакия, Венгрия және Молдова жеріне қарай босып, Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі аса ірі дағдарыс туды.

[smartslider3 slider=2288]

Бір аптада не өзгерді?

Кескілескен ұрыста екі жақ та орасан зор шығынға ұшырады. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, 1 наурыз­ға дейін Ресей Қарулы күштері Украинаның 1354 әскери нысанын талқандап, 250-ден аса танкісі мен 30 ұшағын жойған. Ал Украина тарапы 5300 Ресей әскері көзі жойылып, 400 сарбазы тұтқынға түсті, 10 шақты ұшағын, 100-ден аса соғыс техникасын күйреттік деп мәлімдеді. Алайда мұның анық-қанығына жету қиын, өйткені екі жақ та соғыспен қатар, ақпараттық айқас пен психикалық шабуылды да қатар жүргізіп жатыр.

Ресей билігі тек әскери нысандарға ғана шабуыл жасап жатқанын айтады. Алайда толассыз атқыланған зымырандардың халықтық нысандарға тиіп жатқан жағдайы да жоқ емес. Осының салдарынан бейбіт тұрғындар да зардап шегіп жатыр. БҰҰ есебінше, Украинада 24 ақпаннан бері кемі 163 бейбіт тұрғын қаза тапқан, опат болғандар арасында 13 бала бар.

Ресей билігі Украинадағы соғыста қанша әскериінен айырылғанын айтпай отыр. Бірақ жергілікті билік өкілдері соғыста қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төленетінін мәлімдеді. «Эхо Москвы» радиосы таратқан ақпаратқа қарағанда, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров қаза тапқан солдаттардың отбасыларына 2 млн рубль (шамамен 20 мың доллар) өтемақы берілетінін айтқан. Краснодар аймағының губернаторы Вениамин Кондратьев те осындай өтемақы төлейтінін мәлімдеді. Украина да қолына қару алып соғысқа қатысқан қарапайым халыққа ақша төлемек. Сонымен қатар украин басшысы Зеленский шетел азаматтары жасағының құрылғанын мәлімдеді.

Келісімге келетін түрі жоқ

Әлемдік қауымдастық тараптарды соғысты тоқтатып, бітімге келуге шақырып жатыр. Арасында Қазақстан да бар. 1 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Еуропадағы шайқасқа қатысты пікір білдіріп, «Біз екі мемлекетті келіссөздер үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластыққа, келісімдерге қол жеткізуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Бейбіт өмірсіз әлемде даму болмайды. Қазақстан екі ел арасына ара-ағайындық жасауға дайын» деп мәлімдеді. Түркия да екі елді мәселені келіссөзбен шешуге шақырды.

Келіссөз демекші, қан төгіскен екі елдің алғашқы келіссөзі 28 ақпан күні Беларустың Гомель облысында өтті. Бес сағатқа созылған бұл келіссөзде бастысы соғысты тоқтату мәселесі сөз болды. Алайда тараптар мәселені бейбіт жолмен шешу үшін қайта кездесуге уағдаласқаны болмаса, нақты нәтижелерге қол жеткізе алған жоқ.

Ресми Киев Кремльді халықаралық сотқа берді. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Гаагадағы халықаралық соты Украинаның Ресейге қарсы берген шағымына қатысты 7-8 наурызда тыңдау өткізеді.

Санкцияның сабауы Ресейді жүнше түтті

«Ресей Украинаға әскер кіргізсе, қатаң қадамдарға барамыз» деп айқұлақтанған Батыс елдері соғыс басталған күні-ақ Мәскеуді санкцияның астынан алды. Ресей президенті Путиннен бастап санкцияның садағына ілінді. Мұнай өңдеу, ұшақ және әуе техникасына арналған жабдықтарды Ресейге экспорттауға тыйым салынды. Шектеу бойынша авиация мен ғарыш саласында қолданылатын барлық тауар мен технологияны Ресейге сатуға тыйым салынған. Ресей коммерциялық әуе флотының төрттен бір бөлігі Еуро­одақ, Канада мен АҚШ-та жасалған. Сондай-ақ жолаушылар ұшағының 80 пайызы да сырттан келеді.

Ал АҚШ активі кемінде бір триллион доллар құрайтын ресейлік банктерге санкция салып, Ресей банктерін бұғаттады. Сонымен бірге Ресейдің доллар, евро, фунт, йенмен операция жүргізу мүмкіндігін шектеп, жоғары технология өнімдерінің импортына шектеу қойды. Іле-шала Еуропа Одағы, Ұлыбритания, Канада және АҚШ жетекшілері Ресей банктерін SWIFT жүйесінен шығарып тастау жөнінде шешім қабылдады. Сонымен қатар Ресей Орталық банкінің 630 миллиард доллар активінің 56 пайызын бұғаттады. Осыдан кейін рубль тарихта болып көрмеген деңгейде құнсызданып, бір долларға шаққандағы бағамы 110 рубльге дейін құлдырады.

Батыс елдері санкцияны әлі үсті-үстіне төпелетіп жатыр. Мәселен, жексенбі күні Bloomberg агенттігі Еуропа Одағы Путиннің айналасында жүрген Ресей шенеуніктері мен олигархтарының тағы бір тобына санкция салғанын жариялады. Еуроодақ әуе кеңістігін жауып, Ресей ұшақтарының ұшуына тыйым салды. АҚШ аспаны да енді Ресей ұшақтары үшін жабық. Бұл шектеулерге қарымта ретінде Мәскеу де өзіне шектеу салған елдерге кеңістігін жапты.

Швейцария да Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларының барлығын қолдап, банктеріндегі ресейліктердің активтерін бұғаттады. Деректерге қарағанда, 2020 жылы Ресей азаматтары Швейцария банктерінде 11 миллиард доллардан астам қаржы сақтаған.

Ресейге санкцияны ірі елдер ғана салып жатқан жоқ, әлемге әйгілі компаниялар да Ресейге шүйлігіп, өз өнімдерін Ресейге сатпайтынын, ресейлік тұтынушыларға қызмет көрсетпейтінін мәлімдеді. Әрине, Ресейге салынған бұл санкцияның әлемдік экономикаға жасайтын әсері де аз емес. Оның салқыны Қазақстанға да тиеді.

Еуроодаққа мүше бола ма?

ЕО-ға мүше болу көп жылды қажет етеді. Кейде он жылға созылады. Осыған байланысты Словакия Украинаның Одаққа кіруінің процедуралық жолын жеңілдетіп, тездету үшін арнайы комиссия құруды ұсынды. Еурокомиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен де Украинаны өз қатарында көргісі келетінін мәлімдеді. Жексенбі күні Украина президенті Зеленский аталған Одаққа мүше болу жөніндегі өтінішке ресми түрде қол қойды әрі бұл өтінішті жедел қабылдауды өтінді. Сейсенбі күні Еуропарламент арнаулы жиналыс өткізіп, Шығыс Еуропадағы шиеленіс жағдайын талқылап, Украинаны мүшелікке қабылдау мәселесін дауысқа салды. Парламент мүшелері басым дауыспен Украина Еуроодаққа мүше болуға үміткер мемлекет деген мәртебе беру жөніндегі резолюцияны қолдады. Алайда ЕО-ға мүше болу үшін белгілі бір ережелер сақталуы қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар Еуропарламент әлемдік қауымдастықты Украинаға гуманитарлық көмек көрсетіп, босқындарға қол ұшын беруге шақырады. Сондай-ақ Одаққа мүше елдер Ресейден мұнай және газ алуды шектеуді, инвестиция құюды тоқтатуды, Ресей банктерін SWIFT жүйесінен өшіруді талап етті.

Еуропа Одағы Украинаға әскери жойғыш ұшақтарын көмекке беретін болды. Бұған дейін Киев Ресейдің жердегі және әуедегі шабуылына тойтарыс беру үшін Еуропа Одағынан көмек сұраған.

Кибершабуыл да күшейді

Соғыс басталғалы әлем елдерінің жаппай қарсылығына ұшыраған Ресей хакерлердің де назарынан қағыс қалған жоқ. Атап айтқанда, Anonymous компьютерлік хакерлер тобы Ресейге кибер-соғыс ашатынын жариялады. Алдымен Ресейдің үкіметтік сайттарын бұзып кірген олар кейін елдің ақпарат құралдарына да шабуыл жасап, көп БАҚ-тың сайттары істемей қалды.

3 наурыз күні Anonymous хакерлер ұйымы Ресейдің банктеріне кибершабуыл жасап, төлем карталарының бәрін істен шығарып, халықтың ақшасын Украинаның Қарулы күштеріне аударатынын мәлімдеді.

Қысқасы, соғыс өрті барған сайын ұлғайып барады. Егер тараптар бейбіт келісімге келмесе, бұл соғыс әлемдік дағдарысқа апарып соғуы әбден мүмкін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button