Жаңалықтар

АЛҒАШҚЫ ҚАДА СӘУІРДЕ ҚАҒЫЛАДЫ

d3b9fd27f791084ad041fa6d52c08fc7

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астанаға жұмыс сапарымен келген Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес еліміздің «ЭКСПО-2017»-ге дайындық жұмыстарына ризашылығын білдіріп, осы қарқын бәсеңдемесе,  Қазақ елі үлкен жетістіктерге жететінін мәлімдеді.

«ЭКСПО» мамандандырылған көрмесін өткізу арқылы Қазақ елі өзінің ұлт ретіндегі ерекшелігі мен қол жеткізген табыстарын әлем алдында айшықтауға үлкен мүмкіндік алып отырғанын айтқан Лоссерталес мырза бұл айтулы шара мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң әсер ететінін жеткізді. Көрмені өткізген көп елдердің әлем алдындағы абырой-беделі асқақтап қана қоймай, мемлекеттік маңызды жобаларға инвестицияны көптеп тартуға мүмкіндік алған. Демек, бұл халықаралық шара қазақ еліне де толайым табыстар әкелетініне Бас хатшы сенім білдірді. Бүгінде ақпарат кеңістігінде «Жас мемлекеттің жаһандық көрмені өткізуге қауқары жете ме?» деген күдікті пікірлер гуілдеп тұр.  Бұған да Висенте Лоссерталес өз жауабын берді: «Қазақстанның «ЭКСПО» көрмесін жоғары деңгейде алып шығуына толық жағдайы бар. Бұған дейін талай халықаралық шараларды абыроймен атқарып жүрген Қазақ еліне біз кәміл сенеміз. Керек кезінде қол ұшын беруге әзірміз. Ал бұған күдікпен қарайтындар – Қазақстанды
жете тани қоймағандар».

«ЭКСПО»-ға байланысты атқарылып жатқан дайындық шараларымен бастан-аяқ танысып шыққанын айта келе Бас хатшы 2017 жылы өтетін көрменің архитектуралық жоспарына өзгеріс енгізу қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, «ЭКСПО» – бір күндік шара емес. Ол – бүкіл бір елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін беретін әрі сол елмен бірге мәңгілік қалатын іргелі дүние. Сондықтан архитектуралық шешімнің әрқайсысы әбден зерделеніп барып қабылдануы керек. Бекітілген талаптар мен шеберлік жоспарына жан-жақты сай болуы тиіс.

Бұдан кейін сөз алған «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев  «ЭКСПО» қалашығының алғашқы қадасы биылғы сәуір айында қағылатынын айтты. 174 га аумақты алатын алып кешенді салуға бірнеше құрылыс компаниясы жұмылатын болады. Бас мердігер әзірше анықталған жоқ. Бірақ іріктеу жүріп жатыр екен. Талғат Амангелдіұлы қалашықтың төрінде этноауыл бой көтеретінін, мұнда қазақ халқының мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін көріністер бейнеленетінін тілге тиек етті.

Сонымен, биылғы 11 маусым – еліміз үшін маңызды күн. Осы күні 2017 жылғы көрме Астанада өтетіні Халықаралық көрме бюросының Бас ассамблеясында ресми түрде мо­йындалып, «ЭКСПО» Туы салтанатты түрде Қазақ еліне тапсырылады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button