Мәдениет

Алматы театры Астанада

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сәуір айының 29-30  күндері Астана қаласындағы  М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Жастар театрына гастрольдік сапармен келеді.

Саф өнерімен жастардың жүрегін жаулап, балалардың бабын тауып, ересектерді естен кетпес әсерге бөлеп жүрген театр алматылықтардың ғана емес, ел көрермендерінің көзайымына айналып, қошеметіне бөленіп жүр. Қазақстанның қалаларын аралауды мақсат тұтқан театр көктемнің көрікті күндерінде еліміздің басқа қалаларына гастрольдік сапарын бастады.

Алматылық театр ұжымы өткен маусымда «Сезім сапары» атты спектакль-тур аясында «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымының бірнеше көрсетілімі Астанада аншлагпен өткені мәлім. Араға бір жыл салып, жаңа маусымда астаналық көрерменнің сұрауымен екінші мәрте қазақ әдебиетінің жауһар жазушылары, қарымды қаламгерлері Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», М.Әуезовтың «Қарагөз», әлем әдебиетінен Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» шығармаларын астаналық сахнада көрерменге паш етпек. Өнер ұжымы сондай-ақ қарағандылық көрерменнің ыстық ықыласы мен сансыз сұрауын ескеріп, репертуардағы таңдаулы туындылармен қатар кішкентай көрермендерге арналған А.Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзаданың оралуы» ертегісін ұсынады.

Сан жылдар бойы көрерменнің сүйікті мекеніне айнала білген тұғырлы театр сұлу  өнерді сүйетін өңірге қазақ әдебиеті мен әлем классикасының озық үлгілерін ұсынады. 29-30 сәуір күні М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында сағат 10:00, 11:00, 12:00-де «Кішкентай ханзаданың оралуы» ертегісі сахналанса, 29 сәуір күні 18:30-да «Қарагөз», 30 сәуір күні 18:30-да «Бернарда Альбаның үйі» қойылымдары көрерменмен қауышатын болады. 29 сәуірде Жастар театрының сахнасында сағат 15:00 және 19:00-де «Махаббат, қызық мол жылдар», 30 сәуірде сағат 12:00 және 17:00 де «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымдары көпшілік назарына ұсынылады. Адам жанының нәзік иірімдерін, шынайы сезімдерін көрсететін қойылымдарға билеттер М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Жастар театрының ТИКЕТОН сайтынан алуға болады, бағасы да қолжетімді.

Жас өркенді өнерге қанаттандырып, өмірге құштарлығын арттыра түсетін тәрбие құралы – театр десек, алматылық хас өнер шеберлерінің қойылымдарын барып көрген дұрыс.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button