Таным

Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі

Ұлттық тарихты жан-жақты зерделеу бағдарламасының және қазақтардың этногенезі аясында осы күндері еліміздің Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында археологиялық қазба, Павлодар, Маңғыстау, Атырау және басқа облыстарда  ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Шығыс Қазақстан облысында «Халық тарих толқынында» бағдарламасы қалай іске асырылуда? Ол жөнінде кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында баяндалды.

Елімізде осы күнге дейін алты «Алтын адам» табылса, соның үшеуі Шығыс Қазақстан облысының аумағынан қазып алынған. Оны ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жиналғандардың есіне салып, 26-27 тамыз күндері аймақта «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумы өтетіндігін жеткізді. Оның мақсаты – түркітілдес халықтардың рухани мұрасын сақтау, насихаттау және дамыту болып отыр. «Ғалымдар айтады, «Алтай тек қана түркітілдес халықтардың емес, бүкіл адамзаттың бесігі» деп. Алтай, шынымен де, бүгінгі қазба жұмыстарына қарап, бүгінгі тарихшылардың сөзіне құлақ асып, ғылымның бүгінгі жетістіктерін зерделейтін болсақ, бүкіл адамзаттың алтын бесігі» деді Ж. Омар.
Осындай атаумен алғашқы форум 2011 жылы өткен болатын. Екінші форумға Ресей, Жапония, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан, Әзербайжан секілді, жалпы алғанда 20 елдің өкілдері шақырылған. Сонымен бірге, құрметті қонақтар арасында Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының хатшысы Дүйсен Қасейінов болмақ. Осынау үлкен шараның аясында ғылыми-практикалық конференция, көл өнер шеберлерінің көрмесі, қымыз, бал, жаңғақ мерекесі және Қатонқарағай ауданында түркі халықтарының дәстүрлі орындаушыларының фестивалі өтпек.
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ бірінші проректоры Бауыржан Ердембеков форумның елге берері жөнінде сөйледі. Осы оқу орнының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Советхан Игібаев «Халық тарих толқынында» бағдарламасы тарихымызға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік бергенін айтты. «Назарбаев Орталығы» ММ қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубаев Шығыс Қазақстан облысының бай тарихына тоқталды.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button