Таным

ҰЛТТЫҚ ТАРИХ ПАТРИОТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Ел ертеңі – жастар. Олар өз Отанына шын берілген, елін, жерін сүйетін тұлға болып қалыптасса, мемлекетіміздің алдында ашылмайтын­ есік, алынбайтын қамал болмайды. Сондықтан осы бастан жастарымыздың бойына отаншылдық рухын себуіміз қажет. Соның бірден-бір жолы – ұлт тарихы негізінде жастарға патриоттық тәрбие беру. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­ та өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап өткен болатын. 
Бүгінгі таңда билік партиясы «Нұр Отан» ХДП алдында осындай міндет тұр. Осыған байланысты кеше партияның Қоғамдық саясат институты мен Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен «Қазақстан жастарын жаңа патриоттық рухта тәрбиелеуде ұлттық тарихтың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Өзекті мәселеге арналған отырысқа белгілі тарихшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Шараны «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ашты. «Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жақында ұлттық тарихты зерделеу жөнінде отырыс өткізді. Ұлттық тарихты дамыту жолында біздің партияның негізгі мақсаты – жастарды біріктіріп, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктерін паш ету. Патриоттық сезімді қалыптастыру жолында біз үлкен жұмыс атқаратын боламыз» деді ол. Сондай-ақ, ұрпақтар сабақтастығы, білім беру, тәрбие мәселелері, тарихи кітаптар, деректі, көркем фильмдер, ақпараттық – танымдық бағдарламалар туралы пікірін білдірді. Тарихи жобаларды ғаламторға енгізудің пайдасын сөз етті. Партияның жаңа Доктринасының жобасы дайындалғандығын, 18 қазанда «Нұр Отан» ХДП ХV cъезі өтетіндігін жеткізді.
Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған тәуелсіздіктің жетістіктерін дәріптеудегі жас ғалымдардың рөлі туралы сөйледі. «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев тарихи фильмдер ұлттық патриоттықты қалыптастыратынын айтты. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов тарихи тұлғаларымыздың өмірі мен қызметін насихаттау арқылы жастардың тәрбиесіне оң әсерін тигізуге болатыны жөнінде баяндама жасады. Публицист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ұлттық тәрбие берудегі БАҚ-тың рөліне тоқталды. Оның сөзін осы ауандағы пікір білдірген саясаттанушы Айдос Сарым жалғады. Отырыс соңы тақырыпты талқылауға ұласты.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button