Жаңалықтар

ЕЛОРДАЛЫҚ БІЛІМ ЕЛДІК ҰҒЫМҒА ҰЛАСҚАН КҮН

Астанадағы Конгресс-Холл сарайында «Сапалы білім мен тәрбие – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» тақырыбын арқау еткен білім саласы қыметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі аясында қалалық пленарлық отырыс өтті. Жиынға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалымова, қалалық Білім басқармасының басшысы Әсима Бимендина, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің және Астана қаласы мәслихатының депутаттары, елорда аудандарының әкімдері, ЖОО басшылары, ардагер ұстаздар, тағы басқа да лауазым иелері келіп қатысты.

Көрсетері көп көрме

Басқосу барысында алдымен Конгресс-Холл фоесінде елордалық білім кеңістігіне инновациялық-ақпараттық технологияларды енгізу, оқытудың сапасын жетілдіру жолында тәжірибе алмасу, дарынды балалардың халықаралық және республикалық деңгейдегі жеңістерін көрсету мақсатында қалалық Білім басқармасы мен «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының бастамасы бойынша үлкен көрме ұйымдастырылды. Ондағы материалдар екі бөлімнен тұрады. Теория­лық бөлімінде «Астана қаласы пе­дагогтары кәсіби құзірет­тілігінің жаңа моделі», «Білім берудің қос жүйесі», «Халықаралық қатынас: «Еуропалық сапа», «Ерте жастан – сапалы білім», «Серіктес мектептер болашағы», «Дарынды балалар – ұлт байлығы», «Білім берудегі онлайн жүйесі», «Бағдарлы білім беру жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолдары», «Көптілділік – шет тілін ерте меңгерудің кепілі», «Шығармашыл тұлғаны оқыту мен тәрбиелеудегі құзіреттілік» бағыттары көрсетілген. Ал, тәжі­рибелік бөлімі астаналық білім беру жүйесі жетістіктерінің бірне­ше галереясынан тұрады. Оның ішінде «Шығармашылық әлемі» галереясы мектептердегі білім және тәрбие, психологиялық қыз­мет көрсету және медиабілім жүйе­сінің нәтижелерін қамтыған. «Жұл­дызды жол-2013» фотогалерея­сы қалалық интеллектуалдық байқау­дың жеңімпаздары мен жүлде­герлерін паш етті. Ал, «7 керемет» галереясында халықаралық, рес­публикалық олимпиадалар, ғы­лыми байқаулар, музыкалық және спорттық сайыстарда елімізді әлемге танытқан жеңімпаздармен кездесу мүмкіндігі қарастырылған. Өзгелері де өзіміз бағындырған асулардан бір-бір үзік сыр шертеді.
Ұлттық интерактивтік паркі мүм­кіндіктерінің тұсаукесері де сонда өткізілді. Сонымен қатар, қаладағы білім беру мекемелерінің 2012-2013 оқу жылындағы оқу-тәрбие үдерісінің нәтижелері бойынша ең үздік 10 көшбасшы мектептің жұмыстары таныстырылды.
Осы көрменің дайындық жұмыс­тары мен өтуіне белсене қатысқан 68 білім беру мекемелеріне Астана қалалық Білім басқармасының арнайы сертификаттары мен алғыс хаттары тапсырылды.

Жан-жақты жағдай жасалған

Жалпы, әр жаңа оқу жылы бар­лық педагогикалық ұжымның өмі­ріндегі бір-бір жаңа кезең деуге лайық. Мына дәстүрлі кеңес те еліміздегі мұғалімдердің өзара пікір алмасып, алдағы оқу жылының бағыт-бағдарын анықтап алатын маңызды басқосу болып табылады. Сондықтан білім сапасын арттыру мақсатында жеке ұсыныстар, тың идеялар, инновациялық технологияларды оқу үдерісінде пайдалану жолдарын ескере отырып, мектеп саласына нақты бағдарламалар енгізу жобалары болса, ой бөлісе отыру артықтық етпейді. Сол үшін айтулы шараны ашқан Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Әсима Бимендина: «Біз атқарылған жұмыстарды қорытындылап қана қоймай, алдағы уақыттағы маңызды мақсат-міндеттерді бекітеміз. Соңғы жылдары елордада білім беру меке­мелерінің саны едәуір өскен. Бүгінде олардың қатары 280-ге жетіп отыр» деп бастады өз сөзін. Ол атап өткен нақтылы нысандардың 139-ы – мектепке дейінгі мекеме, 83-і – жалпы білім беру мектебі, 35-і – колледж, 13-і – қосымша және 10-ы – арнайы білім беру мекемесі. Осы орайда, Астанадағы барлық мектептерге (жаңаларын қоспағанда) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін де айта кеткен жөн.
Басқарма басшысының айтуынша, соңғы 15 жыл ішінде Астанада білім саласының дамуы үшін көпте­ген игі шаралар қабылданған. Қазір қалалық білім беру жүйесінде 11 мың 142 педагог жұмыс істейді екен. Үш деңгейлі сыннан өтіп, біліктілігін арттырған көптеген ұстаздардың жалақысы да біршама өскен.
Одан кейін астанадағы білім са­ласының даму бағыты таныстырылды. Атап айтқанда, 2000 жылы елордада мектепке дейінгі мекемеге 8 мың бала барса, биылғы жарты жылдықта олардың саны 32 мың 575-ті құрапты. Ендігі жаңа оқу жылында 12 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа баратын болды. Қазіргі уақытта 11 мың 163 адамнан өтініш келіп түскен. Оларға қыркүйектің 1-інде Астанада орналасқан 70 мем­лекеттік және 12 жекеменшік мек­теп есігін айқара ашады.
Бұдан басқа, биыл Астанада жалпы білім беретін 52 мектептің жанынан ашылған «Балдырған мектебінің» 28-і қазақ тілінде және 24-і орыс тілінде сабақ береді. Онда әзірге бір мыңнан астам бала оқып жүр. Анығында, «Бал­дырған мектебі» мектепке дейінгі және бастапқы мектеп дайын­дығы арасындағы оқытудың бірізділігін жүзеге асырып, педагогтар мен ата-аналарға балаларды мектепке бейімдеуге көмектеседі; бала­лардың оқуға деген ынтасын оятып, өз-өзіне деген сенімін қалып­­тастырады. Ол үшін кестеге бүлдір­шіндердің жеке жас әлеуетін барынша ашуға септігін тигізетін сабақтар енгізілген. Мектепке дейінгі дайындық сыныбы туралы ақпаратты баланың тіркелген жері бойынша орналасқан мектептен білуге болады.
Биыл Халықаралық білім күні дәл жексенбіге келіп тұр. Дегенмен, елорданың барлық мектебінде оқушылар мен мұғалімдердің қа­тысуымен салтанатты жиындар, мерекелік іс-шаралар ұйымдас­ты­рылмақ. Оның ішінде «Патриотизм сабақтары» да бар.
Астанада жыл өткен сайын білім беру саласына бөлінетін қаражат айтар­­лықтай өсіп отыр. Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, 2013 жылы бұл салаға 19 миллиард 858 миллион теңге бөлінген. Бұл – 2007 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артық (7 миллиард 200 миллион) көрсеткіш.
Сонымен қатар, жоғары санатты ұстаздардың жалақылары да бірте-бірте артып келеді. Биыл үш есеге дейін көтерілген. Біздіңше, оған қала әкімінің грантын иеленген 50 мұғалімге жалақының 50 пайызы көлемінде үстемақы төленетіндігін қоса айтқан абзал.
Астаналық түлектердің қазіргі ҰБТ көрсеткіштері де жаман емес. 2012 жылы ол бойынша орташа балл 78 болса, биыл 81-ге көтерілді.

Сапа – сауаттылық кепілі

«Жаңа оқу жылы қарсаңында сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Тамыз кеңесі білім жүйесіндегі ең өзекті мәселелер талқыланатын жақсы диалог алаңы болып отыр. Бірақ, біздің ой-пікір­леріміз, талқылауларымыз, мәсе­лелерді шешу жолдары қазақ­стандық білім жүйесінің шеңберінде шектеліп қалуда. Дүние­жүзілік білім кеңістігі туралы өте сирек айтамыз. Ал, ауқымды тәжірибеге қазіргі күнгі әлемнің даму үрдістерін ескере отырып назар аударсақ, мүлдем өзгеше көзқараста болар едік» дейді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Оның пікірінше, жаңа технологиялық дәуірде білім жүйесін қайта құру қажет.
Сондай-ақ, елорда әкімі ұстаз­дарға оқушылармен үй тапсырмасын әлеуметтік желілерде орындауды ұсынды. Тартымды тапсырманы талқылау үшін қазіргі заманғы тех­нологиялық жетістіктерді пайда­лану тиімділігін түсіндірді. Осы тұрғыда, «Технологиялар неге үйрете алады деген сұраққа тоқталайық. Презентация жасауға үйрете ме? Жоқ. Ақпаратты жақсы түсіну үшін оны құрылымдауға үйретеді. Блог жүргізуге ме? Жоқ. Коммуникацияны жақсартуға сеп­теседі. Әлеуметтік желілерде ара­ласуға үйрете ме? Жоқ. Пікірлес адам, серіктес табуға көмектеседі. Мұның барлығының бізге еш қатысы жоқ деп ойласақ, қатты қа­те­лесеміз!» деп толықтырды өз сөзін. Шынымен де, қазір көпте­ген балалардың әлеуметтік желі­лерде отыратыны жасырын емес. Вир­туалдық кеңістікте олар түрлі мектеп ұсынатын дүниеден мүлдем бөлек қызығушылық, жеке мүдде бойынша бірігіп жүр. Ал, бұл де­геніңіз – ұстаздар үшін модератор
болуға үлкен мүмкіндік! Үй тап­сырмаларынан бастап, белгілі та­қырыпқа дискуссия ұйым­дас­тыруға дейін түрлі амалдар жа­сауға болады. Осындай орынды ойларды қорыта келе, «Бүгінде бірде-бір педагогтың әлеуметтік желіні пайдалана отырып, сабақ өткізбегеніне сенімдімін» деді Иманғали Нұрғалиұлы. Сөз түйіні уақыт талабына толық сай келетін білім жүйесіне қол жеткізу үшін жаппай ізденіп, жаңашылдыққа ұмтылу қажет дегенге сайды.
Ал, Білім және ғылым министр­лігінің жауапты хатшысы Әлия Ға­лы­мова халықаралық қатынас ті­лін меңгеру мәселесінің өз ше­шімін тауып келе жатқандығын «Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдар­ла­масы сәтті жүргізіліп жатыр. Биыл қыр­күйек айында ағылшын тілі Астанада бірінші сыныптан бастап негізгі мектеп бағдарламасына енгізіледі. Сол бойынша пилоттық жоба қолға алынатын болды» деп мәлімдеді.
Шара соңында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 10 мұғалімге пәтер кілтін табыс етті. Сондай-ақ, алты ұстаз Білім және ғылым министрлігі тарапынан төсбелгімен марапатталды.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button