Жаңалықтар

«Алтын белгі» табыстады

Кеше «Қазақ елі» монументі алаңында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында өз білімдерін дәлелдей алған 71 елордалық түлекке салтанатты түрде «Алтын белгі» табыс етті.

Бұл мерейлі күн – ата-аналар мен ұстаздардың талай жылғы еңбегінің жемісі. Көңілдері алып-ұшып тұрған түлектердің балалықпен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басатын сәті. Талабы мен таланты, білімі мен білігі тең түскен, бағы мен бабы қатар шапқан үздіктердің тоғыз жолдың торабында тұрып, өз бағыттарын таңдайтын айшықты мезет. Сондықтан да елорда басшылығы тарапынан «Алтын белгі» иегерлерімен өз қуанышын бөлісіп, оларға ақ жол тілейтін құрметті меймандар аз жиналған жоқ.

«Білім беру – қашан да ата-ананың бала алдындағы қастерлі қарызы, тұтас қоғамның ұрпақ алдындағы қасиетті парызы. Ал, білім алу – ертеңінің еңселі болғанын қалайтын қай жанның да жүрекке түйген борышы. Десе де, бұл өмірде білімді де жалынды жасты биікке жетелейтін ұлы құдырет бар. Ол – арман. Армансыз адам жоқ. Біздердің – ұстаздар мен ата-аналардың арманы – ұл-қыздарымыздың азамат атанып, туған елдің абыройы ғана емес, күллі адамзаттың ақыл-ойы болғанын көру. Сіздердің – жас түлектердің арманы – берекелі де баянды бақ, мазмұнды да мағыналы болашақ. Оның өзі – тұзы жеңілге емес, тұғыры биік, талабы кеңге, білімі терең, еңбегі көпке ғана бұйыратын дүние. Ол үшін ілім мен білім жолындағы тынымсыз талпыныс пен үздіксіз ізденіс қажет. Бұл біздің бүгінгідей жаңалығы желмен жарысқан, ой-өрісі ғарышпен таласқан заңғар заманның басты әрі бірегей талабы» деді Иманғали Нұрғалиұлы.
Шара соңында ҰБТ-дан 123 балл жинап, алдыңғы орынға шыққан елордалық №46 мектеп-лицей оқушысы Александра Шалагаева мен №54 мектеп-лицей оқушысы Лаура Жауханова бастаған үздік оқушылар қала басшысымен естелік суретке түсті. Одан кейін түлектердің дәстүрлі вальсі басталып, арты концерттік бағдарламаға ұласты.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button