Мәдениет

Әндері халық жүрегіне ұялаған…

«Cенің де, Нұрғисаның да әндерінде өмір бар». Дінмұхамед Қонаев қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовпен кез­дес­кенде композиторға осылай депті. Бұл туралы жазушы, журналист Оразбек Бодықов Шәмші жайлы естелігінде жазып кеткен. Шәмшіні бірінші хатшының қабылдауына Нұрғисаның алып кіргендігі жөнінде де әңгіме бар. Қос классик композитор арасында үлкен достық болған. Әндері де ұлтымызға мәңгілік мұра болып қалды. Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы «Астана» концерт залында «Ұмытылмас әндер» атты концерт өткізді.

Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың «Мен Шәмші мен Нұрғисаның жекеменшік әншісі едім» де­гені бар. Арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлы:
Шәмшінің жаратқанда Жаппар Ие
Бір дыбыс тәніне оның сыймай қапты…
Біз – таспыз – Алла көктен нұр құйса да,
Айнала алмайтұғын жыр-хиссаға.
Шәмшіге сыймай қалғансиқырыңды
Берген ол соны сезіп – Нұрғисаға, – деп жырлайды.
Қос композитордың шығарма­шылығында ел мен жер туралы әндер жетіп артылады. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен география сабағын өткізуге болады деген қалжың болса да, ақиқаттан алыс емес сөз жұрт арасында жиі айтылады. Расымен, Шәмшінің әндерінде қамтылмаған байтақ Қазақстандағы жер жоқ шығар. Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», «Саржайлау», т.б. осы сынды әндерін ел біледі.
Шәмші мен Нұрғисада жүрек­тің қылын шертетін, әсем сазы тербейтін туындылар да баршылық. Композиторларға арналған кештің бір ерекшелігі, шырқалған әндердің басым көпшілігі жанды дауыста, фи­лар­монияның симфониялық оркестрінің сүйемелдеумен шырқалды. Тамылжыта орын­далған сондай әндердің бірі Шәмшінің «Арыс жағасында» туындысы болды.
Бұған қоса, «Сағынышым менің», «Бақыт құшағында», «Шығыстың Шолпаны», «Ана туралы жыр», «Туған жер», «Сағындым ғой» сынды халыққа танымал һәм сүйікті әндер айтылды.
Концертке Қазақстан және Татарстанның халық әр­тісі Нұржамал Үсенбаева, Қа­зақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Алтынай Жорабаева, Қайыржан Бер­ді­бай, Мәдениет саласының үз­дігі Нұрғали Тұрлыбеков, ха­лықаралық және респуб­ли­калық байқаулардың лауреаттары Арайлым Рахымқызы, Шахризада Тыныштық, Алтынбек Әбілда, Дәстүр Асылхан, Мұратбек Хайролда, Дихан Ілияшев қатысты.
Бұл кешке халық көп жиналды. Өздерінің сүйікті әндерін тың­даған жұрт концерттен кө­ңілденіп қайтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button