Жаңалықтар

АПТА АЙНАСЫ

Апта ақжолтайы

Тау конгресі танытады

2018 жылы 25-ші Бүкіләлемдік тау конгресі  Астанада өтетін болды.
Осы аптада Монреаль қаласында өткен  Конгрестің ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысында комитет мүшелері Қазақстанның сұранымын қолдауға бірауыздан дауыс беріп, мақұлдады.  Іс-шарада еліміздің  Канададағы елшісі Константин Жигалов мемлекеттің саяси және экономикалық даму мәселелері туралы, соның ішінде, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы мен осы бағыттағы металлургиялық кешеннің рөлі туралы ақпарат берді.

Апта сауалы

ЭКСПО-2017:  Кімнің жобасы көңіліңізден шықты?

Айгерім Сейітмат,  студент:
Елбасы «Көрме» орталығында америкалық компания жасаған жобаны ұнататынын білдірді. Гордон Гил мен Адриан Смиттің эскиз- нобайы қазақтың киіз үйін арқау еткен. Барлық мәдени, географиялық ерекшеліктер ескерілген. Ұзақмерзімді және тұрақты дамудың үлгісі болатын жобаны әзірлегенде энергия үнемдеу жағына мейлінше көңіл бөлінгені көрініп-ақ тұр. Киіз үйдің айналасында күн мен жел энергиясын беретін ғимараттар қайталанбас сәулетімен көзге түседі. Жүлде қорына лайық болмаған күннің өзінде үздің «ондықтың»  қатарына кіретініне сенімім мол.
Ғалия Пірмағанбетқызы,
дизайнер:
–Көрмені екі күн бойы тамашаладым. Алған әсерім ерекше. Өкініштісі, 48 жобаның ішінен тек біреуін таңдау көзделген. Халықаралық байқау болғандықтан, сызба-жопарлар өте сапалы дайындалған, мақсаты айқын. Шетелдік мамандар  өз туындыларын Қазақстанмен байланыстырғысы келген. Мәселен, менің байқағаным Италиялық сәулетші Абеллонио  өз туындысына еліміздің көк туындағы шапағын жан-жаққа шашқан  алтын күнді бейнелеген. Баламалы энергия көздерін дамытуда, күн энергиясының орны бөлек екенін осылай көрсеткісі келген секілді. Ал, германиялық сәулетші Майердің жетекшілігімен жасалған жоба тіпті, ертегілер еліне жетелейді. Осыған дейінгі ЭКСПО  көрмесінің логотипіне ұқсас алты дөңгелегі бар биік нысан ашықтығымен ерекшеленеді.
Ғалым ТӨЛЕГЕН, сәулетші:
–Сәулетшілердің қиялында шек жоқ. Әсіресе Қытай, Корея, Нидерланды елдерінің шеберлері «жасыл экономикаға»  аса мән берген. Өзіме отандық сәулетшілердің еңбегі қатты ұнады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сәулетші Сәкен Нарыновтың жетекшілігімен жасалған жоба техникалық кеңестің көңілінен шықты деп ойлаймын. Ертіс Қамзин ұсынған жабық қала жобасында ұлттық павильон, арт-орталық, амфитеатр, киіз үй қалашығы, аттракционды кешендер, туристік қонақүйлер, ландшафты саябақ бәрі-бәрі қамтылған. Сыртқы көрінісінің өзі алтын түстес. Көрме кешенінің жоғары жағына апаратын  айналма жол арқылы ең биік нүктесіне дейін шығып, тамашалауға  болады. Мүмкіндік болып жатса, әрине жобалардың барлығы қолдауға лайық. Әзірге, 150 мың АҚШ доллары болатын қомақты жүлде кімге бұйыратынын айта алмаймын.

Апта ұсынысы

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
«Еуразия» гуманитарлық ғылыми зерттеу орталығының директоры:

Ашаршылық ақиқатын әлі де айту керек

–Ашаршылық туралы зерттегенде, әсіресе, Украин ғалымдарынан үйренеріміз көп. Олар бұл оқиғаны мемлекеттік тұрғыдан мойындап, геноцид деп таныды. Бүгінде украин зерттеушілері ашаршылықтың құрбаны болған 7 миллиондай адамның аты- жөнін анықтады. Біздің тарихшылардың міндеті – ашаршылық туралы деректерді, дәлелдерді көптеп жинап, оны Парламенттің, үкіметтің алдына шығару. Ал, осы зерттеулердің негізінде ашаршылық нәубетін мемлекеттік деңгейде геноцид деп тану-танымау биліктің саяси жігеріне, шешіміне байланысты. Сондықтан, халқымызға зор қайғы әкелген ашаршылық оқиғасын түбін қазып зерттеудің маңызы зор.

Апта «керектері»

Ерлан Қожағапанов,
Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы:
«Әлем, Азия ойындарының 75 пайыз жеңімпаздары – бұл ауылдан шыққан жастар. Сондықтан бұл үрдісті қолдап, белсенді дамытуымыз керек».
Салтанат Жұмабекова,
«Өнімділік-2020» бағдарламасы орталығының директоры:
«Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің  стратегиялық жоспарына байланысты біз жыл сайын  жиырмадан астам жобаны жаңғыртуымыз керек».

Апта жаңалығы

Зинедин Зидан келеді

Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойына әйгілі футболшы Зинедин Зидан келеді деп күтілуде.
Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар Семей қаласында 21-22-қыркүйек күндері өтетіні белгілі. Ауқымды мерейтойлық шараға мәскеулік «Спартак», алматылық «Қайрат», қазандық «Рубин», Тбилиси мен Киевтің «Динамо» командалары келеді. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру мен спорт басқармасы қазіргі таңда  әлем футболының жұлдызы Зиданмен  келіссөздер жүргізіп жатыр.

Апта оқиғасы

Террористер тұтқындалды

«Астана террористерінің» көшбасшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осы аптада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты лаңкестік топқа қатысты үкім шығарды.  Мемлекеттің жоғарғы басшыларына қастандық жасауды және елордада  террорлық іс-әрекет  ұйымдастыруды жоспарлаған лаңкестік топтың көшбасшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. ҚР Қылмыстық Кодексінің  58- бабының 3 тармағына сәйкес, С.Қошалақовқа 10 жыл, К.Шәріпов – 10 жыл, Е.Қадірсізов – 9 жыл қатаң режимді колонияда бас бостандығынан айыру жазасын алды.  Сонымен қатар, .К. Қасқабаев пен С.К.Жүнісов жалпы режимдегі колонияға 6 жылға кесілді және мүліктері тәркіленеді. Ал, К. Әбдікеров 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Астана террористеріне» қатысты сот процесі 2013 жылдың мамыр айында басталған еді.  Іс бойынша алйыпталған алты адамға жарылғыш заттарды пайдалана отырып, жарылысты және өзге де әрекеттерді жасау мақсатында сөз байласу, террористік топты құру, қару жарақ пен оқ-дәрілерді жымқыру және басқа да ауыр қылмыстар бойынша айыптар тағылып отыр.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу және халықты қорқыту мақсатында Қошалақовтың басшылығындағы террористік топ Бейбітшілік және келісім сарайын жаруды, Астаналық ҰҚД ғимаратына шабуылды, сонымен қатар еліміздің жоғарғы лауазымды тұлғаларына қастандық жасауды ұйымдастыруды жоспарлаған. Осы мақсатта А. Шәріпов өзінің кәмелетке толмаған мұсылман зайыбы Нұрғалиеваға  жоғарғы лауазымды тұлғалардың қатысуымен өтетін жаңа  Опера және балет театрының ашылуы кезінде өзін-өзі жару арқылы оны шахид ретінде террористік топқа кіруге дайындай бастаған. Террористерге  қатысты іс процесі жабық есік жағдайында өтті.

Аптаның атаулы күні

15 тамыз – Археологтар күні

Археология – тарих ғылымының көне дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамы дамуының заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін саласы.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button