Жаңалықтар

Ақтөбедегі ахуал тұрақты

Астанада Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымов xалыққа есеп берді.

брифинг1

Министр  5-6 маусым күндері Ақтөбеде болған террорлық әрекетке ерекше тоқталды. Қанды оқиғаға бастапқыда 45 адам дайындалған, бірақ кейін жартысына жуығы бас тартқанын мәлім етті.

– Лаңкестердің барлығы бір пәтерге жиналған. Ешқайсысы бүлік барысында туыстарына хабарласа алмауы үшін әдейі ұялы телефондарын сол үйде қалдырып кеткен. Жиһад жариялап, сыртқа шыққан 45 адамның көбісі ойларынан айныған. Біз оларды анықтап, тергеу жүргізудеміз. Бейнекамера арқылы дүкенге 25 адамның кіргенін көрдік. Қарулы қақтығыс ұйымдастырғандардың 7-еуі бұрын сотталған, – деді Қалмұxанбет Қасымов.

Осы орайда министр мемлекеттегі бүкіл ғимарат, дүкен, мейрамхана, жанармай құю бекеті иелеріне бейнекамералар орнатуды міндеттеу керектігін айтты.

Бүгінде Ақтөбедегі жағдай тұрақты. Қалада белгіленген террорлық қауіптің қызыл деңгейі сарыға ауыстырылды. Барлық мекемелер бұрынғыша қызметіне кіріскен. Ал қылмыстық істі Бас Прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесі бірлесіп жүргізуде.

Мас жүргізушілер қамалды

Бұдан соң министр Қазақстандағы жол апаттары жайлы баяндады. Ресми деректер бойынша, жыл басынан бері көлікті мас күйінде жүргізген 11700 жүргізуші ұсталған.

– Біздің заңда жол ережесін бұзу, әсіресе, жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, қарсы жолаққа шығу фактілері қатаң жазаланады. Бұған қарамастан, жол қозғалысының қатысушылары арасында көліктік тәртіп төмен. Биыл көлікті мас күйінде айдаған 11700 жүргізушінің 1600-і қамауға алынды. Ал 16 мың азамат жүргізуші куәлігінен айырылды, – деді ол.

Алайда соңғы уақытта жол қауіпсіздігі саласындағы ситуация әлдеқайда реттелген. Мәселен, өткен жылы жол апаттарының саны 7 пайызға, қаза тапқандар саны 5 пайызға, жарақаттанғандар саны 7 пайызға кеміген. Ал осы жылы жол-көлік ережесін бұзу көрсеткіші 3,3 пайызға, қаза тапқандар саны 6,9 пайызға, жарақаттанғандар саны 3,5 пайызға төмендеген, – деген министр Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен орнатылып жатқан фото және бейнетіркегіштердің бұл құбылысқа оң әсері барын жеткізді.

Ұялы телефон ұрлау өршіп тұр

Қазақстанда жиі жасалатын қылмыстың бір түрі – ұялы телефондар ұрлығы екен. Жиын барысында Ішкі істер министрі осы мәселенің әлі күнге дейін неліктен тыйылмай тұрғанын түсіндірді.

– Елімізде жасалатын барлық қылмыстың 60-63 пайызы – ұрлық. Ұрлықтың 25-27 пайызы ұялы телефондарға қатысты болып отыр.  Көптеген дамыған мемлекеттерде телефон ұрланатын болса, бұғаттап тастайды. Демек, оны ұрлаудың өзі қисынсыз. Сондықтан оларда ұялы телефон ұрлығы мүлдем жоқ десе де болады. Неге біз де солай істей алмаймыз?! Өйткені, біздің елге контрафактілік телефондар өте көп еніп кетті. Сол себепті ұялы телефон ұрланған кезде полицейлер оның IMEI-коды арқылы бұғаттаса, контрафактілік жолмен келген 50-100 телефон бұғатталып қалады, – деп атап өткен Қалмұханбет Қасымов проблеманы шешу үшін ұялы телефондар нарығын ретке келтіру тиістігін шегеледі.

– Ұрлықпен тиімді күресу үшін ұялы телефондардың елге заңсыз келуін доғару қажет. Мобильді операторлар оларға қызмет көрсетуден бас тартсын. АҚШ-тағы сияқты ұялы телефондардың барлығы жеке тұлғаға тіркелуі керек. Контрафактілік телефондарды анықтау мақсатында біз әр телефонға 4 цифрдан тұратын ЖСН береміз. Біздің арнайы қызмет ұялы телефондарды жеке тұлғаның атына тіркеуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button