Қала тіршілігі

Ақылды шамдар үнемді

Қалалық мәслихатта «Астана – ақылды қала» смарт-жобасын іске асыру мәселесі қаралды.

Елордада «Астана – ақылды қала» смарт-жобасын іске асыру мықтап қолға алын­ған. Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту бас­қармасының басшы­сы Әлішер Әбдіқадыров­тың айтуынша, Астанадағы тың жобалар әлемдегі ақылды қалалардың тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асырылады.
– Елбасы өзінің Жолдауында айтқандай, ақылды қала өмір сүруге жайлы әрі қауіпсіз болуы керек. Бұл тұрғыда іске асыр­ған жобаның нәтижелі болып жатқанын айтып өткен жөн. Мысалы, «Сергек» камераларының биылғы 9 айдағы көрсеткішін өткен жылмен салыстырсақ, жол-көлік оқиғасынан көз жұмғандар саны екі есеге, жарақаттанғандар 20 пайызға азайған. Алдағы уақытта көшелерді ақылды шам­дармен жарықтандыру жобасы жүзеге асырылатын болады. Мұндағы электр шығыны бұрынғымен салыстыр­ғанда 50-60 пайызға үнемделеді деп көзделуде, – деген Әлішер Әбді­қадыров барлық жобалардың мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асырылатындығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ баяндамашылардың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда білім, медицина салаларында электронды форматта қызмет көрсету жағы ілгері басып келе жатқанмен, бұл жағы архив ісінде әлі де бәсең көрінеді. Дегенмен, бұл тұрғыда жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтады Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп.
– Қазіргі таңда Астана қаласы мемлекеттік мұрағатының қорында 50 миллионнан аса құжат парағы сақталған. Оның ішінде 353 мың сақтау бірлігі бар. Архив қоймасындағы құжаттардың негізгі бөлігі – қағаз. Биыл жыл басынан бүгінгі күнге дейін архив ісі бойынша келіп түскен өтініштер саны 8 мыңға жуықтайды. Ақпараттық жүйе­нің болмауына байланысты барлық өтініштерді архив қызметкерлері құжаттарды қолмен көтеріп, каталогты өздері жасап, осылай ақпарат беруге мәжбүр. Қазіргі уақытта мекеменің балансында 1 сервер, 48 компьютер бар. Бірақ олардың көбісі ескірген. Осыған байланысты Астана қаласы мемлекеттік мұрағатын жақсарту бойынша 2019-2021 жылдарға арналған даму Стратегиясының жобасы әзірленді. Егер бұл жоба қабылданса, 50 миллион құжаттың барлығы сканерленіп, 2021 жылы архивтегі құжаттарды цифр­ландыру жоспарда тұр. Ал жыл соңына дейін 70 мың құжатты сканерлеу көзделіп отыр. Сонымен қатар архивке жаңа ғимарат беріледі деп күтілуде. Нәжімеденов пен Қалдаяқов көшелерінің бойында орналасқан екі ғимаратта жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде, – дейді ол.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button