Ресми бет

Ақырын жүріп, анық басқан…

Ғасырлар алмасып жатқан тұста ел газеті – «Егемен Қазақстан» жаңа елордаға алғашқылардың қатарында көш түзеуге қамданып жатты. Алдымен осында бөлімше құрылды да, көп ұзамай бұрын аудандық әкімдік орналасқан екі қабатты ескі ғимаратты редакцияға бөлген соң соны жөндеп, жасқаудың қамына кірісіп кеттік.

Осы сәтте «Егемен Қазақстанның» тізгінін Ержұман Смайыл ұстаған еді. Мен бас редактордың бірінші орынбасары ретінде шұғыл түрде Ақмолаға қоныс аудардым. Бір жарым ғасырдай бұрын менің бабам Кенесары сарбаздарымен бірге ілесіп, осы өңірден Сырдария жағалауына кеткен екен, жаңа астана іргесі қаланып жатқан тұста тағдыр мені қайтадан Ақмолаға әкелді. Жасыл желекке оранып, асқар тауларға сүйенген Алматыдан кейін қала сұрқай, кейіпсіз, шағын, көңілсіз көрінгенмен, еңсе биік, көңіліміз шат болатын. Міне, осы кезеңде тағдыр бізді Жүкең – Жүнісбек Сұлтанмұратов ағамызбен жолықтырды. Бұрын атын сырттай естігенбіз. КазГУ-дың журфак-ын үздік бітірген. «СҚ»-да қызмет еткен әрі қарай кіші, үлкен ЦК-ға ауысқан, баспасөзбен тығыз байланыста.

Кең пішілген, нартұлғалы Жүкең бұл кездері Үкіметтің баспасөз қызметінде. Алғашқы таныстықтан-ақ жылы шыраймен бауырына тарта сөйледі. Бұл маған ғана жасалған ишара емес, ол кісінің туабітті қасиеті екен, бұған кейін араласа келе көзіміз жетті. Жаңа астана, күнде шара, күнде жиын, «Егеменнің» елордадағы он шақты қызметкері шаһар шежіресін қаттауға бел шеше кірісіп кеткенбіз. Жүнісбек Қабыкейұлы тапсырма береді, тақырыптар ұсынады. Үлкен үйде отырмын демейді, дауысында зіл жоқ, жылылық есіп тұрады, ғұмыр бойы жаныңда жүргендей қамқор бауырына тартады. Бұл өзі лауазымға жеткендердің бәрінің бойынан табыла бермейтін қасиет. Маңызды кеңседе көп отырғандардың көпшілігі қарым-қатынаста қасаңдыққа, жасандылыққа ұрынатын сияқты көбінесе. Әсіресе, әжептәуір лауазымды қызметі болса, дауыс ырғағы да, жүріс-тұрысы да, сәлемі де өзгере қалатыны өтірік емес. Мен білетін Жүкең талай үлкен лауазымды қызметтер атқарды, бірақ адами қалпы сол баяғы ғасырлар тоғысында елорданың елең-алаңында алғашқы танысқан сәттен алшақтаған жоқ.

– Оңтүстіктің азаматтарына ризамын, жағдай сұрап іші-бауырыңа кіріп тұрады, біз, солтүстік қазақтары, салқынқандымыз ғой, ақ аюлар сияқты алыстан бас изесіп қана өтеміз, – деп жиі айтып отыратын еді, жарықтық.

Үкімет басшысы елімізді аралағанда, шетелге іссапарға шыққанда «Егемен» атынан қосылушы едік әрдайым. Өзге де әріптестер қарасы қалың болады. Осылардың бәріне Жүкең жасы, қызметі үлкен болса да жекімей, зекімей, ағалық қамқорлық танытып жүруші еді. Әйтпесе мұндай сапарларда еркіндеу журналист қауымның тәртіпке бағына қоюы да қиын ғой.

Осылайша қызмет барысында қоян-қолтық араласып, кейде тасшар соғып, дастарқандас болып жүргенде тағдыр бізді Жүкеңмен құдайы көрші етті. «Самал» мөлтекауданында бір үйде тұрдық едәуір уақыт. Ақын әулетінен шыққан, КазГУ-дың түлегі, құдай қосқан қосағы – Ботагөз жеңгейді қалай қадірлеп бағалайтынына куә болдық сол жылдар. Ботагөз жеңгей Алматы мен екі ортада жүреді көбіне, қарт енесі, балалар қамымен. Жүз жасқа таяп бақилық болған анасына деген қамқорлығына да куә болдық Жүкеңнің. Ананы қадірлеудің үлгісі осындай болса керек. Жалғыз перзент болғанмен, он ұлға татитын мейірім мен шуағына бөлегендей тоғыз сәбиінен шақалақ күйінде айырылған анасынан.

Нағашым – қазақтың арқалы ақыны – Ғафу Қайырбековтің құдай қосқан қосағы 93 жасында бақилық болған, Кеңсайға сүйікті жарының жанына жайғасқан Бәдеш апа сонау жылдары туған жері – Қостанайға бара жатып, Астанада бір аптадай аялдауды дәстүрге айналдырған еді. Елорда төріндегі Ғафу ақын атындағы мектепке, сондағы өзі құрған мұражайға соғып, шалымен сырласпай, құрыс-тұрысы жазылмайды. Көпті көрген, талай тектілер әулетімен дәм-тұздас болған қасиетті кейуана келген сайын мерейіміз өсіп, мәре-сәре болып қалатынбыз. Біздің шаңырақтағы сондай бір қызықты, мағыналы басқосуға көршіміз Жүнісбек аға тап келді. Бәдеш апамен әңгімелесіп, көңілін аулады, арғы-бергіден сыр шертілді.

– Ойпырмай, осындай да керемет болады екен-ау, менің ұлым Бақытпен бір жылда, бір күнде туыпсыңдар, ол да ұлдан жалғыз, – деп апа ағынан жарылды.

– Тәуба, осындай кең жаратылған, кішіпейіл, қазақи жігіттер бар екен ғой Үкімет жағында, ұзағынан сүйіндірсін! – деп Бәдеш апа шүкіршілік етті Жүкең көршіміз кеткен соң.

Жұртты жатырқамай, бәрін бауырындай көретін, ақырын жүріп, анық басқан Жүкеңмен етене араласқан күндерде әр салада белеске жеткен талай марғасқа, бірегей тұлғалармен таныстық, тәлімін тыңдадық, өнегесін көрдік. Ашық-жарқын Жүкеңнің айналасы әрдайым алқа-қотан топтан босамайтын, қазақы қалжың, ән-күй төгіліп жатушы еді.

Арқаның байырғы басылымы – «Орталық Қазақстан» газетінің мерейтойына Жүкеңмен бірге аттанатын болдық. Әрқайсымыз өз ұжымымыз атынан әріптес­терімізді құттықтап қайтпақпыз. Көлік – «Егемендікі», тізгінді Қанат деген бұл жолды бес саусағындай білетін кәнігі жүргізуші ұстаған. Қанат қаладан шыға бере газды басты келіп.

– Оу, бауырым, жайырақ жүр, алпыстан асырма, – дейді Жүкең.

– Аға, мына жолда 90-ға дейінгі жылдамдық рұқсат етілген, – дейді шыдамсыз жүргізушіміз.

– Алпыстан асырма, одан да әңгіме айт асықпай, жол қысқарсын, – дейді Жүкең.

Жүкеңнің байыппен, баппен айтқан әңгімесін тыңдап отырып Қарағандыға өгізаяңмен төрт сағаттан астам жол жүріп әзер жеттік-ау. Қайтарда тағы да сол өгізаяң…

Кейіннен бір шай үстінде сырын ашты Жүкең. Әкесі де, ол кісінің інісі де көлік апатына ұшырап қаза тапқан екен. Өзі де достары-әріптестерімен бірге жол апатына түсіп, емделіп аман қалған. Асықпайық дейтіні содан екен.

Жүнісбек ағамыз көлікке отырғанда ғана емес, өмірде де асығып-аптықпайтын. Асығып, әбіржіп, шыжбайланып, ашуланып жүру ол кісінің кең пішілген денесіне, бекзат болмысына сәйкес келмеуші еді. Иә, біз қанша асықпайық дегенімізбен, шын дүние – ақырет әлемі құшағын ашып, қол бұлғап, өзіне тартуды қоймайды ғой. Жақсы адамдарды ертелеу алып кететіні несі екен… Әйтпесе Жүкең бұл күндері жетпіс жылдығын думандата атап өтер еді-ау… Дүние ғапыл деген осы да…

Еркін ҚЫДЫР, Қазақстан

Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button