Басты ақпарат

Ардақ тұтар алыптар

Жақында «2022 – Балалар жылы» деп жариялануына байланысты Ұлттық академиялық кітапханада «Менің сүйікті кітаптарым» атты балаларға арналған кітап көрмесі ашылды.

[smartslider3 slider=1781]

Көрме төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде балаларға арналған классик жазушылардың кітаптары, екіншісінде қазақ ертегілері, қазақ ауыз әдебиеті үлгілері, батырлар жырлары топтастырылған. Үшінші бөлім «Балауса балғын кез» аталады. Онда 3-5 жас аралығындағы балдырғандарға арналған ертегілер мен суретті кітапшалар жинақталған. Ал соңғы бөлімі 2021 жылы мемлекеттік бюджет қаржысына шығарылған кітаптарды таныстырады.

Былтыр Балалар әдебиеті жылы болғаны белгілі. Көрмеде соның аясында өткен шаралар туралы айтылып, өткен жылы жарық көрген шығармалар мен кітап авторлары туралы мәліметтер ұсынылды. Соның ішінде балалар жазушылары Сәуле Досжан, Дәрия Жұмагелдинова, Зира Наурызбаева, Баянғали Әлімжанов, Толымбек Әбдірайым, т.б. авторлар.

Ұлттық академиялық кітапхана осы жыл бойы жас оқыр­мандармен бірге кітап оқу, авторлармен кездесулерді ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Аталмыш кітап ордасында «Мәңгілік ел құндылықтары. Ардақ тұтар алыптары» атты кітап көрмесі жұмысын бастады. Бұл көрме де бірнеше бөлімнен тұрады.

«Ұлттың ұлы ұстазы» атты бөлімде Алаш ардақтысы, ақын, ғалым, әдебиет зерттеуші, түрколог Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай деректер берілді.

«Қазақ әдебиетінің алыптары» атты бөлімде классик қаламгерлер Мұхтар Әуезовтің 125, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің 120 жылдық мерейтойларына материалдар жинақталған.

«Мәңгілік елдің кемеңгер тұлғалары» бөлімінде белгілі майдангер жазушылар мен ғалымдар Әди Шәріповтің, Жұмағали Саинның және Зейін Шашкиннің 110, Әзілхан Нұршайықов пен Сырбай Мәуленовтің 100 жылдық мерейтойларына орай, қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымдар Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, ­Тұрсынбек Кәкішевтің 95 жылдық, Мырзатай Жолдасбековтің 85, Александр Гаркавецтің 75 жас мерейтойларына арналған кітаптар және олардың әдебиет тарихына қосқан еңбектері жайындағы мәліметтер қойылды.

«Есімін ерлікпен жазған қаһармандар» бөлімінде қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Хиуаз Доспанованың, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың, авиация генерал майоры, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтің 100 жылдық мерейтойларына орай халық қаһармандарының ерліктері жайында мәліметтер ұсынылды.

«Ән әлемінің падишасы» атты бөлімде ЮНЕСКО шеңберінде атап өтетін мерейтойлар тізіміне кірген Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуына орай ән өнерінің хас шебері жайында әдебиеттер көрмесі және «Қазақтың бұлбұлы – Күләш Байсейітова» бөлімінде КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Байсейітованың туғанына 110 жыл толуына орай қазақ ән өнеріне қатысты ноталар мен фотосуреттер қамтылды.

«Рәміздер – елдігіміздің еңсесі, теңдігіміздің тірегі» атты бөлімде Мемлекеттік рәміздер – Елтаңба, Ту мен Әнұранның қабылданғанына 30 жыл және «Ел жүрегі – елорда» бөлімінде астананың Ақмолаға көшірілуіне 25 жыл толуына орай мемлеттік нышандар мен елорда тарихы туралы әдебиет­тер мен еңбектер қойылды.

Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button