Басты ақпаратМәдениет

«Арғымақтағы» аламан

Республика күні мерекесі аясында елордада «Арғымақ» атпен сауықтыру спорт кешені ашылды. Жаңа нысанның ашылуына орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бәйге ұйымдастырылды. 

Бәйгенің жалпы жүлде қоры 7000000 теңге болды. Шабандоздар бәйгенің «Топ» және «Аламан» түрінен сынға түсті.

Мерекелік іс-шараға қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жұртшылықты Республика күнімен құттықтады. Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов жаңадан ашылған «Арғымақ» спорт кешені елордамызда ат спортын дамытуға, сонымен қатар бұқаралық спортты жандандыруға айтарлықтай үлес қосатынын атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа шыққан 70-ке жуық шабандоздың арасынан суырылып шыққандары жанкүйерлердің құрметіне бөленіп қана қоймай, қомақты қаржылай сыйлыққа кенелді. Атап айт­қанда, сайыстың «Балалар» санатында Амира Қабажанова (сайыс аты «Шах») мәре сызығын бірінші болып кесті. «Ғайсақ» атты арғымағын тізгіндеген Дарина Дүржібаева екінші болып келді. Ал үшінші орын Лаура Алдабергеноваға («Күрең» атымен) бұйырды.

«Жас жылқылар» санатында Азамат Заменив («Red River») бірінші орыннан көрінсе, «Маригольд» атымен Олег Соколенко екінші орынға ие болды. Ал Виктория Котина («Сайгон») үздік үштікті түгендеді.

«Ашық сынып» бойынша са­йысқа түскен қатысушылардың ішінен Ержан Мағжаев («Джафар») топ жарды. Екінші орынды Олег Соколенко («Күрең») иеленсе, «Каприя» атымен Ника Сим үшінші орыннан көрінді.

Жарыс жеңімпаздарына 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Барлық жүлдегерлерге Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы атынан тағайындалған дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Іс-шара аясында Республика күнін мерекелеп жүрген жұртшылық үшін киіз үй тігіліп, көркемөнерпаздар ән шырқап, күй күмбірлетті. Сондай-ақ көрермендер арасында ұтыс лотереясы ойнатылып, көптеген елордалық түрлі сыйлық ұтып алды. Осылайша, Астана төрінде ұлттық спортымызды ұлықтайтын тағы бір тамаша кешен іске қосылды.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button