Басты ақпаратЖаңалықтар

Ассамблея үміткерлеріне дауыс берілді

Наурыздың 21 күні Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлерді сайлау болып өтті. Сол күні таңғы сағат 7.00-де Астана қаласының қалалық сайлау комиссиясы Бейбітшілік және келісім сарайында Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау пункітін арнайы ашты. Содан соң күн тәртібіне орай, Қазақстан xалқы Ассамблеясының кезектен тыс XXIII сессиясы өз жұмысын бастады.

7c2dd480b9ec460c461d5039fc319394

Сессияны Ассамблея төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов ашып, қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, бүгінгі саяси оқиғаның маңызына тоқталды. Одан соң сөз кезегін Мелекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға берілді.

–Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған уақыттан бері қоғамдық тұрақтылықты қалыптастыруда үлкен еңбек сіңіріп келеді. Еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің кепіліне айналды. Сол себептен, мұндай салмағы үлкен саяси институттың үміткерлерін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына сайлау да – ел үшін маңызды оқиға. Осы айтулы саяси оқиға биыл жыл басы наурыз мерекесімен тұспа тұс келіп отыр. Сол себептен бәріңізді Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деді ол.

Сессияда Астана қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Игілік Жалбыров сайлаудың тәртібі мен заңдылықтарын тағы бір тиянақтап түсіндіргеннен кейін сайлау басталды. Сессия жұмысына елдің барлық өңірлерінен, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер өкілдерінен құралған ассамблея мүшелері мен қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымнан тұратын делегациялар және халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдері де қатысты.

Дауыс беруге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та келді. Елбасы дауыс бергеннен кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшелерімен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Сайлаудың қорытындысы бүгін сағат 13.30-да ресми түрде жарияланады.

Бүгін сайлауға түскен кандидаттар:

Сауытбек Әбдірахманов – «Егемен Қазақстан» Республикалық газетi» АҚ президентi, ҚХА мүшесі.

Владимир Божко – ҚР Iшкi iстер министрiнiң орынбасары, ҚХА мүшесі.

Наталья Жұмаділдаева – Қызылорда облысы ҚХА Аналар кеңесiнiң төрайымы, ҚХА мүшесі.

Роман Ким – ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаты, ҚХА мүшесі.

Наринэ Микаелян – Армян этномәдени бiрлестiгiнiң төрағасы, ҚХА мүшесі.

Ахмед Мурадов – ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаты, ҚХА кеңесінің мүшесі.

Шаймардан Нурумов – Республикалық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА кеңесінің мүшесі.

Юрий Тимощенко – ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаты, ҚХА мүшесі.

Шакир Хахазов – Дүнген этномәдени орталықтары қауымдастығының басқарма мүшесi, ҚХА кеңесінің мүшесі.

Парламент Мәжілісі 107 депутаттан тұрады, олардың 98-і партиялық тізімнен, ал қалған тоғызын ҚХА ұсынды.

Фото: tengrinews.kz

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button