Sport

«Астана – Дуатлон 2016»: ЖҰЛДЫЗДАРМЕН БІРГЕ ЖҮГІР!

Астана күні қарсаңында өтетін дәстүрлі «Астана –Дуатлон 2016» бұқаралық-спорт шарасы 26 маусым күні «Астана-Бәйтерек» монументі алаңында бастау алмақшы. Ел Тәуел­сіздігінің 25 жыл­ды­ғына және Астана кү­ніне арналған мерекелік жарысқа қатысушылар 25 шақырым жол жүреді. Яғни, велосипедпен 15 шақырым қашықтықты бағындырса, жартылай марафонда 10 шақырымға дейін жүгіретін болады.
Жарыстың ұйымдас­ты­рушысы – Астана қала­сының әкімдігі.

SUL_0956

– Жарыс жеңімпаздары Life Fitness Astana элиталық фитнес клубының арнаулы жүлделерімен марапатталады, – дейді жарысты ұйымдастыру комитетінің мүшесі Шыңғысхан Нүркенов.
Жалпы, бұқаралық шара биыл екінші мәрте өткізілмек. Былтыр тамыз айында алғаш рет ұйымдастырылған жарыс жоғары деңгейде өтіп, астаналықтар мен қала қонақтарының осы спортқа деген қызығушылығын арттырған.
– Былтырғы тәжірибемізді ескере отырып, биыл 500-ге жуық кісі қатысады деп жоспарладық. Дуатлон жарысына 16 жастан асқан барлық адам қатыса алады. Бірақ, жасы 18-ге толмағандар ата-анасының жазбаша түрдегі рұқсатымен келуі керек. Өзі­мен бірге жеке велосипеді, қорғаныш бас киімі және жеке куәлігі міндетті түрде болғаны жөн, – дейді Шыңғысхан Нүркенов.

new_DG_1_kz
Айта кету керек, «Астана-Дуатлон 2016» шарасы 3 этап бойынша өткізіледі. Алдымен қатысушылар 5 ша­қырым қа­шықтықта жүгіреді. Одан кейін велосипедпен 15 шақырым жүріп, қайтадан 5 шақырым жолды жаяу ба­ғындырады. Жарысқа қатысушыларды тіркеу сағат 07.00-ден 09.00-ге дейін жүргізіледі.

SUL_1260
Тіркелген әрбір қатысушыға тіркеу нөмірі, велосипедке арналған жапсырма және әр сайыскердің жүріп өткен уақытын көрсететін дербес чип салынған пакет беріледі.
Мерекелік жарысқа қатысушылар «Астана-Бәйтерек» монументі ала­ңынан шығып, Дінмұхамед Қонаев көшесі бо­йымен жүгіріп бастайды. Жүгіру және веложарыстың әрі қарайғы толық бағыты «Астана ақшамы» газетінің жақындағы сандарында жа­рия­ланады. Жарыстың сөресі мен мәресі белгіленген транзиттік зона «Астана-Бәйтерек» монументі ала­ңында орналасады.
Осылайша, жалпы қашықтық 25 шақырымды құрайды. Мерекелік шара кезінде қатысушылардың қауіпсіздігі сақталып, жолдар уақытша жабылатын болады. Сондай-ақ, қатысушылардың денсаулығын бірнеше жедел-жәрдем каретасы бақылауларына алмақ.

image-14-06-16-03-49-5
«Велосипед демекші, жарысқа кез келгені жарай береді. Ең соңғы қаты­су­шы мәре сызығын кесіп өткеннен кейін ғана, арнаулы жабдықтың және әрбір қатысушыға берілген дербес чиптің көмегімен жарыс қорытындысын анықтайтын боламыз. «Астана – Дуатлон 2016» мерекелік шарасының абсолютті чемпионын анықтауда жас категория­сы маңызды емес. Сонымен қатар, жасына байланысты әйелдер мен ерлер арасындағы чемпиондар жеке-жеке анықталады. Яғни, 16 жас­тан 30-ға дейін, 31 жастан 40-қа дейін, 41 жастан 50-ге дейін және 51 жастан асқандар. Игілікті шараға танымал спорт­шылар, қоғам қайраткерлері, эстрада жұл­дыздары, Пекин және Лондон Олимпиадасының қатысушылары да шығады деп күтілуде» дейді Шыңғысхан Нүркенов.
«Астана – Дуатлон 2016» жары­сы­ның жеңімпаздары мен қатысу­шы­лары салтанатты түрде марапатталатын болады. Сонымен қатар, жарысқа қаты­сушылар мен жанкүйерлер үшін тағы бір тамаша тарту болмақ. Қазақстанның эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт болады.
«Астана –Дуатлон 2016» жарысы ауа-райын талғамайды. Олай болса, жарыс жолына шығыңыз!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button