Басты ақпарат

Астананың ардақты айымдары

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай биылғы наурыз айында «25 пайдалы іс» республикалық акциясы бас­тау алды. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйытқы болған акция аясында отбасылық құндылықтар мен саламатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу, түрлі мақсаттағы қайырымдылық шараларын өткізу көзделді.

SONY DSC

Бұл акциядан Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті де тыс қалып отырған жоқ. Ағымдағы апта басында 11 мыңға жуық студентті оқытып жатқан оқу орнында тәлім-тәрбиелік мәні зор кездесу ұйымдастырылды. Жастар іскерлігін танытып, ел арасында абыройға кенелген, тәуел­сіздігіміздің туы биікте желбіреуіне үлес қосқан әйелдер қауымымен жүздесті.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситеті» АҚ басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев жүргізген кездесуге кешегі Ақмоланың, бүгінгі Астананың өркендеуіне еңбек сіңірген айымдар қа­тысты. Солардың бірі – қоғам және мем­лекет қайраткері Светлана Жалмағамбетова.

«Еліміз азаттық алған 25 жылдық кезеңде мен үш жерде жұмыс істеппін. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Тоқсаныншы жыл­дардағы ел басына түскен қиын­дықтар әлі есімде. Екінші жағы­нан, ұлттық сананың оянуының куәгерімін. Сол кезде Целиноград қаласын Ақмола атауына ауыстыру, шаһарда қазақ театры мен мешітті ашу мәселелері көтерілді. Әрине, қарсылықтар да болмай қоймады. Әсіресе, Тәуелсіздік декларациясы қа­был­данғанда көптеген пікір­та­ластар орын алды. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Халық ауыр әлеуметтік жағдайды да бастан өткерді. Соның бәрінен абыроймен шыға білдік» деді Светлана Жақияқызы. Мәртебелі қонақ Астана Арқа төсіне көшкен жылдарды, сондағы елеулі уақиғаларды да еске алды.

Тіл жанашыры ретінде көп­шілікке танымал, бүгіндері де осы жолдан таймай Ш.Шаях­метов атындағы Тілдерді дамы­тудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының кеңесшісі болып отырған Оразкүл Асанғазықызы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. V шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

«Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Светлана Жақияқызы және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған мен 1994 жылдың шілде айында АҚШ-та оқуда болдық. Астана ауысатыны жөніндегі хабар бізге сол жаққа жетті. Біз келгенге дейін Ақмолада 14 пайыз қазақ қана тұрған екен. Қалада орыс тілі үстемдік құрды. Елбасының көреген саясатының арқасында бүгін, Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығында Астана қаласы тұр­­ғын­дарының 75 пайызы – қазақ­пыз. Мектеп оқушы­лары­ның 85 пайызы – қазақ. Қазір елордада балабақша жет­пей жатыр деп ренжіп жатады. Мен, керісінше, оған қуа­намын. Бұл елге ел қо­сылып отыр­­ғандығының, бала туу көр­сеткіші өскендігінің бел­гісі» деді О.Асанғазықызы.

Оның Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары болып таға­йындалғандағы алғашқы ісі – Сәкен Сейфуллиннің туған күнін тиісті дәрежеде атап өту болды. Қаладағы көшелердің қазақылануына да Оразкүл Асан­ғазының үлкен үлесі барын ел біледі. «Карл Маркс көшесін Кенесары атына ауыстырдық. Сол уақытта бұған қарсы болғандар орыстілді газетке «Кто такой Кенесары?» деген мақала да жариялады. Кенесарының кім екенін танытайық деп Алматыдан ғалымдарды, жазушыларды шақырып, Кенесары көшесінің мерекесін өткіздік. Бастапқыда 27 көше өзгертілді. Солардың бәрінің мерекесін ұйымдастырдық. Біз келгенде 1 ғана қазақ мектебі болатын. Қазір 10 ғана орыс мектебі қалды, 80 мектептің барлығында қазақ сыныптары бар» деді тіл жанашыры.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің мақтанышы, осы оқу орнының экономика факуль­тетін тәмамдаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне Есіл ауданы әкімі қызметінен ауысқан Сәбила Мұстафина кезінде Астана қаласы әкімінің орынбасары болды. Қала тарихына оның аты тұңғыш әйел орынбасар ретінде жазылды. Сәбила Сапарқызы мен Орталық сайлау комиссиясының тағы бір мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлейменова, ІV-V шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Светлана Ферхо ғибратты әңгімелерді қозғады. Соңында студенттер қонақтарға сұрақтарды қойып, өнерлерін көрсетті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button