Қала тіршілігі

АВТОБУС ТІЗГІНДЕГЕН ГYЛШАТ

Нәзік болмысымен автобус тізгіндеген кейіп­керіміздің жүзі көп тұрғынға таныс. Он алты жыл ішінде ол Астанадағы қоғамдық көліктің бірталайын басқарды. Әсіресе, №10, №23, №25, №9 бағ­дар­­ларының тұрақты жолау­шылары оның ұқып­тылығы мен мейі­рім­ділігін сағынған шығар. 

kbb_8361

Автобус артынан жанұшыра жүгіретіндерді сабырмен күтіп, ешкімнің көңілін қалдырмай бәрін мінгестіріп алуға дайын «шопыр әйел» көрінбей кетті десеңіз, таптық. Бүгінде ол №17, 44, 60 маршруттарын жүргізеді.

«Автобус жүргізу бала кезім­дегі арманым еді» деп бастады әңгімесін Гүлшат Сибиль. Өзі үлкен, іші кең қоғамдық көлік­тің рөлінде отыру жас жет­кіншектің өмірлік мақсатына ай­налады. Жүргізушілікке сұ­ра­нып, автопарк есігін қағып тұр­ған 18 жастағы бойжеткенді көр­­генде ол жердегілер әзіл деп қабылдапты. Өйткені, 70-80 жыл­дары әйелдерге мұндай іс сеніп тапсырылмайтын еді. Арма­ны алыс та болса жақындайын деп 25 жасында кейіпкеріміз Қарағандыдағы автомектепте троллейбус жүр­гізушісінің оқуына түседі. Ал, троллейбустан автобусқа ауысқаны тіпті қызық.

– Бұрын «әйелдер 8-ден ар­тық қондырмалы орны бар көлікке ие бола алмайды» деген пікір берік қалыптасқан еді. Алайда Елбасының бастамасы­мен 1990 жылы автобус жүр­гізуге 10 әйелден тұратын экс­периментальді топ құрылды. Қатарында мен де болдым. Сөй­тіп бұл істің қолымыздан келе­тінін дәлелдедік. Содан бері автобустан түспедім, – дейді Гүлшат.

1999 жылы Астанаға көшіп келген оны №1 қалалық автопарк таңданыспен қарсы алды. Бірақ ол жерде бос орын болмай, кейіпкеріміз троллейбус жүргізіп кетеді. Екі мыңыншы жылы ғана арманына қолы жетіп, әлі күнге дейін автобус кабинасынан ажыраған емес. Саналы ғұмырын жолаушы тасуға арнаған апайдың зейнетке шығуына жарты жыл қалыпты. Бірақ заңды демалысына шығуға асықпайды. «Жұмысымды жалғастыруға күшім жеткілікті. Сүйікті ісіммен қоштасқым келмейді» дейді ол.

Жұмыс кестесі тығыз. Таңғы бес жарымда автопаркке жетіп, диспетчерден жолдамасын алады, медициналық тексеруден өтіп барып, график бойынша жұмысқа кіріседі. Ең алғашқы рейс алтыға он бес минут қал­ғанда шықса, соңғысын әдетте 7-де бастайды екен. Гүлшаттың серіктес жүргізушісі бар. Олар үш күн сайын ауысып отырады. Яғни үш күн бойы кешкі он жарымға дейін жұмыс істеп, келесі үш тәулік демалады.
Оның айтуынша, №60 авто­­­бусқа күн сайын шамамен 1200-дей адам отырады. Ал №44 маршрут тіпті 2 мыңға дейін жолаушы тасиды екен. Экипажда осыншама өмір иесін тасымалдаған соң, жүргі­зуші мойнындағы жауап­кер­шілік орасан. Гүлшат бұл жауап­кершілікті «әйел шопырлар» еркектерден күштірек сезінеді деген ойда. «Өйткені бізде инстинкт басым. Әйелдер «Үш д» ережесін қатаң ұс­тайды. Орысша айтқанда, «дай дорогу дураку». Жолымды кесіп алдыма шығып алатындарды өткізе беремін. Соларды жөніне жіберіп 30 секунд жоғалтқаным апатты жағдай тудырғаннан әлдеқайда жақсы. Ал ешкімге есе жібермеу, үнемі бірінші болу ер азаматтардың қанында бар. Олардың жүйкесі де жұқалау» дейді ол.

Гүлшат бірінші жетіп, графикті орындау үшін басқа автобустармен бір жолда жарысып жүруге де түбегейлі қарсы. Сонымен бірге, уақыты жеткілікті болса біреулер секілді аялдамада ұзақ тоқтап тұрып алмайды. Ондайда келесі аялдамаға баяу қозғалады екен. Дұрыс та шығар, әйтпесе, жолаушылардың «Соңғы аялдама емес, қаланың ортасында қақиып тұрып алды» деп шу шығарып жататыны бар ғой. Айтпақшы, бағдаршамның жасылын күтіп түрған кезде жол бойында тұрып сырттан ішке ешкімді кіргізбейді, есікті ашып ешкімді шығармайды. «Бұл – заңға бағынушылық, екіншіден, жолаушылардың қауіпсіздігі» деп түсіндіреді өзі.

«Қызметім жаныма жақын. Автобус тізгіндеген әйелдердің аздығынан ба, жолаушылар ерекше құрмет білдіріп жатады. Рақметін айтып, сәтті күн тілеп. Сондайда көңілім одан сайын көтеріледі» дейді тәжірибелі жүргізуші. Мақаламыздан кейін жанымызда жүрген жақсы жүр­гізушімен қазақша амандасуды ұмытпаңыз. Өйткені сары өңді апайымыздың анасы татар, әкесі нағыз қазақ екен.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button