Жаңалықтар

АЯЗ САЛДАРЫНАН ТОҚТАТЫЛҒАН ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ОРНЫН ҚАЛАЙ ТОЛТЫРАМЫЗ?

Ботагөз ЖҮНІСОВА,
Астана қаласы Білім басқармасы орта және мектепке дейінгі білім беру бөлімінің бастығы:

– Желтоқсанның екінші жартысында ауа температура­сының 40 градусқа дейін төмендеуі халықты біраз әбігерге салғаны рас. Алайда, Арқада аяздың бұлайша күрт көтерілуі – қалыпты жағдай. Мұндай аязда сабақтың тоқтатылуы да үйреншікті жәйт. Білім басқармасында аяз күшейген кезде сабақтың болмайтындығы туралы ата-аналарға алдын ала хабарлап отыратын арнайы бөлім жұмыс істейді. Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты айдың екінші онкүндігінде Астана мектептерінде сабақ уақытша тоқтатылған болатын. Нақтырақ айтсақ, 10 желтоқсан күні тек 1-4 сынып оқушылары, 11-13-і аралығында – 1-9 сынып оқушылары, ал, 14-інен бастап барлық ауысымда оқитын балалар мен колледждің 1-2 курс студенттері сабаққа жіберілген жоқ. 20 желтоқсан күні бірінші ауысымдағы –1-9 сынып, екінші ауысымдағы 1-4 сынып оқушыларының сабағы тоқтатылды. Ал, кеше барлық мектеп өз жұмысын бастады. Кейбір ата-аналар балаларының оқу бағдарламасынан қалып қоюына алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бірақ, оған ешқандай негіз жоқ дер едім. Өйткені, біз оның бәрін алдын ала ескереміз. Аязды күндері тоқтатылған оқу бағдарламасын күнделікті өтетін сабаққа жүктеме етіп бекітеміз. Яғни, бір сабақта екі тақырыпты қамтуға тырысамыз. Қалып қойған оқу бағдарламасын қуып жетудің ең тиімді тәсілі де – осы.

Гүлнәр АМАНҒҰЛОВА,
Астана қаласының тұрғыны:

– 4, 6-сыныптарда оқитын екі балам бар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жыл сайын кемінде 15-20 күн сабақтан қалады. Оқу бағдарламасынан қалып қою балаларға да, мұғалімдерге де оңай соқпасы анық. Сондықтан, мұндай сабақтарды меңгерудің екі жаққа да тиімді тәсілін қарастырған жөн. Кей ата-аналар аяз салдарынан өтпей қалған сабақты оқушылардың жазғы демалысын қысқарту есебінен толықтыру керек деген пікір айтып жүр. Өз басым бұған қарсымын. Оқушылардың демалысын жаз мезгіліне орайластыру медициналық тұрғыдан тиімді екендігі дәлелденген. Демалыс мезгілінің қысқаруы балаларға физиологиялық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да кері әсерін тигізеді. Өтілмеген сабақтың орнын сенбі-жексенбі күннің есебінен толықтыру да дұрыс емес. Баланың ағзасына, ойлау жүйесіне тым артық салмақ салуы мүмкін. Демек, қалып қойған тақырыптарды күнделікті өтетін сабақпен қатар игерген жөн.

Шынар ДОСАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button