Білім

Балабақшаға смартфонмен де кезекке тұруға болады

Елордада балаларды балабақшаға кезекке қою және жолдама алу қызметтері енді ұялы телефон арқылы жүргізіледі. Бұл туралы әкімдікте өткен брифингте Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеді.

Бас қала бойынша балабақшаға кезекке тұру және жолдама алу қызметтерін атқаратын www.e.astana.kz электронды жүйесі жаңартылып, оған толықтырулар енгізілді. Автоматтандырылған бұл жүйе арқылы екі жыл ішінде 70 мыңнан аса ата-анаға қызмет көрсетілген. Оның жаңартылуына ата-аналар тарапынан келіп түскен ұсыныстар мен сыни пікірлер себеп болыпты.
– Бұрын жүйеге кіру үшін міндетті түрде электронды цифрлы қолтаңба талап етілетін. Бұл ата-аналар тарапынан көп наразылық тудырды. Енді жүйеге кіру үшін ЭЦҚ да, компьютер де қажет емес, барлық қызметтерді алу тек смартфон жеткілікті. Екіншіден, жүйеде әрбір балабақша бойынша толық ақпарат қамтылған. Мәселен, мекеменің паспорты, орналасқан жері, бос орындар саны, суреттері және басқа да мәліметтер. Үшінші жаңашылдық, әр ата-ана өзінің тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнына жақын балабақшаны таңдап, ол туралы ақпаратты электрондық пошта арқылы да ала алады. Яғни таңдаған балабақшада бос орын пайда болған кезде поштаңызға хабарлама келеді. Сондықтан ата-аналарға енді тәулік бойы компьютерге көз тігіп отырудың қажеті болмайды. Хабарлама келген кезде ғана жүйеге кірсеңіз болады, – деді Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
Жаңартылған жүйе орын бөлу бойынша алдағы 10 маусымынан бастап іске қосылады. Сол уақытта 17 мың бос орын енгізіледі. Бос орындарды енгізу тәртібі баланың туған жылына байланысты жарияланады. Мәселен, орындар 10 маусым күні 2016-2017 жылғы балаларға, 14 маусым күні 2015 жылғы балаларға, ал 19 маусым күні 2013-2014 жылғы балаларға қарастырылады.
Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында 375 мектепке дейінгі білім беру мекемесі (94 мемлекеттік мекеме) жұмыс істейді. Онда 50 мыңнан аса бүлдіршін тәрбиеленуде. Жалпы, балабақшаға кезекте тұрған 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың саны 16 мыңнан асады.
Сондай-ақ брифингте балабақшалардағы қауіпсіздік мәселесі де сөз болды. Білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Ләззат Разбекованың айтуынша, қазіргі уақытта барлық балабақшада бейнебақылау құрылғылары орнатылуда. Егер бүлдіршінге зәбір көрсету дерегі расталса, тиісінше қатаң шара қолданылады. Мұндай жағдайда тәрбиеші ғана емес, ең алдымен меңгерушінің өзі жұмыстан босатылатынын айтады бөлім басшысы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button