Әдебиет әлемі

Балалықпен бүтіндей ауырады ұлт

Жақында ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлының «Ішке жұтқан көз жасым» атты жаңа жинағы жарық көрді. Осы кітабы үшін оған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Кітаптың алғысөзін көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы жазды.

«…Бұл жігітті сыртынан қарап жүруші едім, әдебиетке деген көзсіз адалдығы ұнаған. Жас жазарманның көбісі бізге өз өлеңін ғана оқып, мақтау дәметіп, онысы ойынан шықпаса, ағаларын «атажау» көріп алады ғой! Мына жігіттің жөні олардан мүлде бөлек, сарнап, Өтежан мен Есенқұлын оқиды да отырады… Оның қолжазбасын сыдыра оқып шыққан соң, осы Дәурен Берікқажыұлын жанымдай жақсы көріп кеттім… Ибраһим Құнанбайұлы Азия – Анасының ғана емес, сонымен қоса Еуропаның да емшегін тел еміп, Абай болып кетіп еді! Мына жігіт те сол Абай жолымен келе жатыр. Кеудесінде – Абай зары, көкірегінде – Абай шері! Меніңше, қазақ поэзиясы ғана емес, исі қазақ қайда барса да осы Абай жолымен жүруі керек-ті» деп жазады атақты Ақсұңқарұлы. Ендеше, жаңа кітаптан бір топ өлеңді оқи отырыңыздар. 

[smartslider3 slider=1793]

 

Есі жоқ, жүрген кісі есігінде,

Менен жаман адам жоқ осы күнде.

Мен өлтіріп кеткендей әкелерін

Өлсе-дағы болмайтын кешіруге.

 

Бәрін көрді дейтұғын ағам да ұлық

Мырс етеді мен десе сараң күліп.

Зорлықшылды тыңдайтын зорлап өзін

Ешкімде жоқ бар онда табандылық!

 

Бар сияқты алынбай кеткен кегі

Бәрі әйтеуір үндемей жек көреді.

Шырылдап кітап жазған болдық сосын

Бұл күнде бес тиынға жоқ керегі.

 

Ісі мен қабыспайтын сөзі мүлде

Кімдерге қор болмадым көзі күлген.

Өлтірген сайын өмір сүрем деген

Тастай екен өзімнің төзімім де!

 

Обалы не, тас та бір жарылады.

Уақыт орнына қояды бәрін әлі.

Тек сол кезде жақсы адам демей мені

Үндемей-ақ қойса екен бәрі… бәрі!

 ***

Кімге не айтқандайсың…

Сұр шаһарды бояумен байытқан маусым

Көрсетпейді қайырым қайыңдарға,

Естіртпейді қаздардың қайтқан даусын.

 

Аспанға да алдаған күліп мана,

Терезеден қарайсың сұлық қана.

Баяғыдай құшпайды ешкім сені,

Баяғыдай ұшпайды бұлт ана.

 

Сәтін санап жүргендей өлетұғын,

Мағынасыз келеді, кетеді күн.

Сайтан санап өзді-өзін сарқылады

Адамдарды пайғамбар көретін ұл.

 

Айналаңа телміріп түгесілген,

Айырылғандай боласың үлесіңнен.

Күн кешесің бағынып ережеге,

Терезеде жасанды гүл өсірген.

 

Қанатымен ақ күміс арбап елді,

Қазан, шіркін, басталмай қар да келді.

Қарды көрсе бұрындар қуанатын

Күрсініп ап бір міскін «Алла» деді.

 

Бүгін тегі жаумаса болмайтындай,

Аппақ ұлпа төгілді қоймай, тынбай.

Қазан ұрмай, қар жаумай қалтаңдаған

Осы елді біреулер ойлайтындай.

 

Кебін киіп жапырақ жасыл өңді,

Көз алдымда көкөрім ғасыр өлді.

Күзді қойшы…

бәрінен қызды аяймын

Көрсетпейтін ешкімге жасын енді.

 ***

Жапандағы жылатып аз ғаріпті,

Көзді ашып-жұмғанша жаз да бітті!

Кімге екенін білмеймін, неге екенін,

Өткен жаздан көңілде наз қалыпты.

Құлазыған ермендей жотадағы,

Жүрегіме бірдеңе батады әлі.

Жас шықпайтын көзінен қатыбездей

Бұл жаз да сүйкімсіз жаз атанады.

 

Мейірімге баладай өскен қанбай,

Жапыраққа қараймын өшкен жанбай.

Ала жаздай жаз емес, аласұрам

Аласапыран майданды кешкен жандай.

 

Жапандағы жылатып аз ғаріпті,

Көзді ашып-жұмғанша жаз да бітті…

Бұл қыркүйек қайтерін құдай білсін,

Тозған дала, жазған ұл, азған ұлтты.

 ***

Ұшам десе ұшады,

қонам десе қонады –

Оған мемлекеттік тілді білмеуге болады!

Шатынап шығатын шиқ етер даусы бар,

Осы елдің қит етсе қағынған қонағы.

 

Қағынан жеріген-

Өз-өзін ақылды санайды ол бәрінен.

Тілімен турайды ол жанымды күн сайын

Зорлықшыл империяның уланған зәрімен.

 

Ана бір көсемдей –

Қазақ боп туғаны өзіне тап бір кеселдей,

Осы ел үшін жер бола тағы қалады,

«Жындысың» десе мәз болатұғын есердей.

 

Құрт жеп қойған өзегін –

Алағайлы күндер алдыңда әлі, сеземін.

Құлын құтыртып, ұлын тұқыртқан отыз жыл

Қайран да менің өз елім..!

 ***

Дүниенің бәрін өртеп кеп

Данышпан болып отыратын мұнда

 «еркек» көп.

Бұларға сенің тағдыр-тәлейің бес тиын,

Бұларға сенің мемлекетің де ермек тек.

 

Туғалы бәрін жұтып үйренген жайындай

«Жем» болса болды, ақ пен қарасын айырмай,

Тарпа бас салып түтуге әзір барлығын,

Бетіне шыбын қонып көрмеген бай ұлдай.

 

Атып бір кеткен көрген де сайын қылық көп,

Ертеңгі күннен ешқандай менде үміт жоқ.

Қайыр тілеген кейуана сынды көшеде

Көзім бақырайып отыра берем тынып тек.

 ***

Шегірткенің шырылына тұнған кеш

Ойладым мен өтіп кеткен жылдарды еш.

Бітсе-дағы бар өмірін талқандап,

Өлең жазып қоймай қойған бір жарымес.

 

Сексеуілдей жалғыз қалған жаз құмда,

Мен өлеңді жазамын деп жаздым ба?

Отыз күнім опынумен өтті тек,

Отыз жылым қор болғандай азғынға.

 

Жанын жалдап жүргендей бір жат елде,

Таба алмай-ақ кетті көңіл шат емге.

Өмір қалды қоқсық болып қырықта,

Өлең қалды өксік болып пәтерде.

 

Жын көргендей тұра қашып дос-бауыр,

Көз алдымнан сағым болып көшті ауыл.

Кім-көрінген тілдеп қала беретін,

Айхай, менің тағдырым-ай тасбауыр!

 ***

Тентіресем таппай бір тұрақ өңге,

Мен өлең деп қарадым мына әлемге.

Бірақ өмір өлең боп жарытпады,

Мен оны сүйемін деп жылағанмен.

 

Қиындатып құдайдың берген күнін,

Адам біткен ақшадан өлген бүгін.

Кіл кемеңгер тұратын мемлекетте

Қайыршының күніндей көрген күнім.

 

Өзін-өзі үйренген алдап әбден,

Ит сияқты үретін қолға көнген –

Өңшең зорға зымиян қор боп кетті

Қасиетім еді зарығып зорға көрген.

 

Айта беріп қайтейін жан жарасын,

Ауық-ауық бармын деп алданасың.

Түгі қалмай қалса да, тірі жүрген

Тірмізік тағдырыңа таңқаласың.

 ***

Күміс таққанның бәрін Күн көріп,

Алтын таққанның бәрін Ай көріп,

Жаяу да жүрмей, мінбей де және жай көлік,

Бұларға менің жүргенім керек бастық боп,

Бұларға менің күлгенім керек бай болып.

 

Бес батпан бағың,

керемет сәнің болмаса,

Бұларға бәрі далбаса.

Жоқ жерден байып кеткісі келіп азар жүр,

Ғайыптан тайып байшыкеш біреу қолдаса.

 

Есіл-дерттері пайда тек,

Саудагер көрсе «мұндай болу, шіркін,

қайда?!» деп,

Дүниеге тек алу үшін келген толайым,

Адамның бәрін үйренген бұлар қойма деп,

(Біреулер құдды қарғаған сынды тойма деп!).

 

Ертеңімді ойласам түгі жоқ,

Құры кетіп бара жатқандай болам, құры кеп.

Өзі сияқты ұры санаған бар елді –

Ана бір шалдай ұлы деп

шулайтын құлы көп,

Құрып кеткенде тумағаннан кейін ұры боп

…айтпадың не, айттың не?!

 ***

Шаршаттық қой жылатып тәмәм елді,

Ештеңе айтқызбашы маған енді.

Тас боп кеткен сені ойлап жас басымен,

Көзімнен бір тамшы жас аға берді.

 

Болмашының барлығын ауыр алып,

Көз жасы боп барады сәуір ағып.

Өкпелейсің бәріне бала құсап,

Балалықпен бүтіндей ауырады ұлт!

 

Жаңбыр болып бұл ай да өтер қалың,

Тас емеспін көтере берер бәрін.

Құралайдың салқыны қауіптірек,

Отап кеткен жүрекке отамалы.

 ***

Қажет кезде өп-өтірік надан боп,

Бұл қазақты алдамаған адам жоқ.

Былш етпейтін өтірікті айтқанда

Абыз болып алды бүгін арам көп,

Аңыз болып алды бүгін сараң көп.

 

Өлең айтқан әншісі де алаяқ,

Жалпақ жұртты көрген емес сәл аяп.

Саясатты айтып сұңқылдайтын боп алды

Сайқымазақ та Астанадан сарай ап,

Күні кеше жұртта жүрген жалаяқ.

 

Байғұс халық баладай ғой, баладай,

Шапалақты ұрады кеп аямай.

(Күдігі жоқ тіпті титтей, ой Алла-ай!)

Өңшең итке қор болғаны есте жоқ,

Сорлап өткен ғұмырында аядай!

                     ***

Көретіні кіл мазақ –

Әкесі жоқ ұл сияқты бұл қазақ!

Жаутаң-жаутаң қарайтұғын сөйлесе,

Көк ат мінген әрқайсысы бір ғажап.

 

Арзан бөзге оранып,

Әруақтай сақал-шашы ағарып,

Оттан да ыстық отанында өзінің

Қайыршыдай жүреді ылғи қабарып.

 

Қағып қойып арқадан,

Тиын берсе – жұрттың бәрі мәрт оған.

Отаны жоқ опасыздың барлығы

Астанада жатыр түсіп шалқадан.

 

Бір бөлмені жалға алып,

Болар-болмас нәпақаны малданып,

Тәубе, тәубе деп қояды тағы да,

Тәуелсізбін деген сөзге алданып.

 

Көретіні кіл мазақ –

Әкесі жоқ ұл сияқты бұл қазақ!

Қажып жүріп, азып жүріп ертеңнен

Ертегідей күтетұғын бір ғажап.

                                                                                                                                             Дәурен  БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ

 

 

 

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button