Sport

Бәлелі жерге енді биатлоншылар түсті

Қазақта «Бәлелі жерге бармағыңды тықпа, басың бәлеге қалады» деген сөз бар. Бұл жолы сондай былқылдақ жерге биатлоншыларымыз барып қалыпты. Мұны бұрнағы күні Халықаралық биатлоншылар одағы анықтап, біздің құраманың 9 мүшесін енді басталғалы тұрған Әлем кубогының кезеңдік жарыстарынан шығарып тастады.

Бұрын болса, мұны халық­аралық ұйымның республика спортшыларына қырын қараған бір сәтіне сайып, өзімізді-өзіміз қорғаштап шыға келер едік. Бірақ ауыр атлеттеріміздің бірнеше жылға созылған дисквалификациясы мен олардың соңғы ірі жарыстағы нәтижелерінен ке­йін бұлай деуге аузымыз бармай отыр. Демек, шөптің басы бекер қозғалмаған шығар.
Шөптің басының бекер қозғалмағанын осы мәселеге себеп болып отырған Әлем кубогының 2017 жылғы қаңтарда Италия­ның Антерсельва қаласында өткен кезекті кезеңі кезінде біздің құрама пайдаланған заттар арасынан осыған нақты айғақ табылғаны байқатып отыр. Жергілікті бір тұрғын алдымен бірнеше авто­бустан далаға лақтырып тасталған картон қораптарға полиция назарын аударады. Ал оның ішінен шприцтер, түрлі инъекция ампулалары, сондай-ақ допинг қолданылғаны ықтимал екенін білдіретін жазба қағаздар шығады. Тексере келгенде, бұл қораптардың қазақстандық спортшылардан қалғаны анықталады. Кейін осыған байланысты Австрия және Италия жерінде тексеру жұмыстары жүргізіледі. Оның қорытындысымен Қазақстан құрамасы биатлоншыларына жарыс кезінде тыйым салынған препараттар пайдаланған деген күдік таңылады.
Допингке қатысты дүрбелеңге Галина Вишневская, Алина Райкова, Дарья Климина-Усанова, Ольга Полторанина, Ян Савицкий, Максим Браун, Анна Кистанова, Антон Пантов және Василий Поткорытов есімді биатлоншыларымыз түсіп отыр. Енді олар осыған байланысты Халық­аралық биатлоншылар одағына түсініктеме беруге тиіс. Одақ содан кейін олардың санкциялары мөлшерін анықтайтын болады.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button