SportБасты ақпарат

Бәрекелді, қазақ боксшылары!

Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан кезекті әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бұл – алдағы жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындары қарсаңындағы сындарлы жарыс болғаны сөзсіз. Байрақты бәсекеде сынға түскен Қазақстан құрамасы бұл жолы да әлемдегі мықтылардың бірі екенін дәлелдеп қайтты.

«Екатеринбург ЭКСПО» кешенінде керілген шаршы алаңға әлемнің 100-ге жуық елінен боксшылар шықты. Биылғы жарыстың бір айтарлық ерекшелігі, чемпионат бағдарламасы олимпиадалық бағдарламаға сәйкес 8 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Жүлде саны осылайша қысқартылғанына қарай, әр жекпе-жектің маңызы арта түсті.
Чемпионаттың алғашқы он күнінде іріктеу жекпе-жектері өтіп, жартылай финалға кіл мықтылар іріктеліп шықты. Өкінішке қарай, 63 келі салмақта өнер көрсеткен Закир Сафиуллин мен 57 келі салмақта өнер көрсеткен 2017 жылы Гамбургте әлем чемпионы атанған Қайрат Ералиев ширек финалдан өте алмай қалды. Алғашқысы осыған дейін екі дүркін, сондай-ақ Екатеринбургте де әлем чемпионы атанған кубалық Энди Гомеске жол берсе, қазақстандық әлем чемпионы осы біріншіліктің жеңімпазы болған өзбек боксшысы Мирзазибек Мирзахалиловпен айқаста қабағын жарып алып, техникалық жеңіліске ұшырады. Ал қалған 6 боксшымыз аман-есен, айқын сенімділікпен жартылай финалға өтіп, ұлттық құраманың қоржынына 6 медальды салып қойған.
Ал негізгі қарсыластарымыздан, атап айтқанда, Куба құрамасынан – 3, Англия құрамасынан – 3, Ресей құрамасынан – 4, Өзбекстан құрамасынан 5 боксшы бас жүлдеге үміткерлердің қатарына толықтырды.
Ширек финалдан кейін бокстан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Абдрахманов алдағы шешуші кездесулер жайында өз пікірін былайша білдірді: «Біздің боксшылардың әзірге көрсеткіші жаман емес. 8 салмақта 6 боксшымыз – жүлдегерлер қатарында. Ендігі мақсат, сол медальдардың сапасында болмақ. Сыралғы қарсыластарымыз да қалып жатқан жоқ. Сондықтан жігіттерімізді барынша қайрап, жеңіске жігерлендіреміз. Қысқаша айтқанда, ең шешуші айқастар алдымызда».
Айтқандай-ақ, нағыз жан алысып, жан беріскен айқастар жартылай финалдан басталды. Бірінші жекпе-жекке шыққан Сәкен Бибосынов Үндістан боксшысынан айласын асыра алмады. Одан кейінгі Абылайхан Жүсіпов те (69 келі) қанша тырысқанымен, ресейлік құраманың капитаны 33 жасар Андрей Замковойға есе жіберіп алды. 75 келіде сынға түскен Тұрсынбай Құлахмет те филиппин боксшысына жол беріп қойды. Ал Василий Левиттің жеңетініне кәдімгідей сенімді болған едік. Бірақ төрешілер жағы Филиппин боксшысы жеңді деп шешті. Сөйтіп бірінен соң бірі төрт боксшымыз жеңіліс тапқаннан кейін еңсеміз түсіп кеткен еді. Келесі шығатын Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) ширек финалдағы қарсыласын нокдаунмен ұтып, көңілімізді едәуір көтеріп тастаған еді. Алайда оның жартылай финалдағы қарсыласы әлемнің 4 дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Ла Крус екенін білгенде бұл салмақта да қоланы қанағат тұтамыз-ау деген ойдың тұңғиығына түсіп кеткенімізді несіне жасырайық. Алайда Бекзатымыз айды аспаннан бір-ақ шығарды! «Таяқ жемейтін» тактикасын ұстанатын кубалық қабылан бұл жолы қазақ баласының қарқынды шабуылына төтеп бере алмады. Екінші раундта Ла Крус шықшытына дөп тиген соққыны көтере алмай құлады, абырой болғанда шаршы алаңның арқаны құтқарып қалды, әйтпегенде кубалықтың аяғы аспаннан келер ме еді… Сөйтіп Бекзат үшінші раундта да басымдығын дәлелдеп, бесінші рет әлем чемпионы атанамын деп жүрген боксшының арманын күл-парша етті. Ал ең ауыр салмақтағы, құраманың капитаны Қамшыбек Қонқабаев жартылай финалда Австралия боксшысы Жюстин Хуниді қиналмай ұтты. Дәл осы жекпе-жектен кейін өзбектің алып боксшысы Жалолов АҚШ боксшысын есін тандырған. Жедел клиникаға жеткізілген Торрестің екі сағаттан кейін ғана есін жиғаны туралы хабар естідік.
Сонымен төрт қоланы қанжығаға байлап қойып, ақтық айқастарға келдік. Атақты Ла Крусты тізе бүктірген Бекзаттың қарсыласы өзбек боксшысы Дилшотбек Рузматов – нағыз қара күштің иесі. Әр жекпе-жегіне шыға сала ұрып құлатуға ұмтылады. Ал біздің Бекзаттың да соққысы да осал емес. Сөйтіп, екі мықтының арасында алапат айқас басталып кетті. Дегеніміздей болды, өзбек боксшысы бірден алға өңмендей берді. Бекзат болса, жекпе-жекті әдеттегідей байыппен бастады. Бірінші раунд екі жақты «барлаумен» өтті. Екінші раундта біздің жігіт өңмендеген өзбекті бірнеше рет қарсы соққымен қарсы алды. Сірә, соққының салмағын сезінді ме, екпіні басыла берді. Осыны аңғарған Бекзат тағы бір-екі рет шықшыттан шақ-шақ еткізді. Әрине, Рузматов та қарап қалып жатқан жоқ, жеңістің қолынан сусап бара жатқанын білген сайын жанталаса сермейді. Алайда бір басында қайраты да, намысы да қайнап жатқан қазақтың жас боксшысы үшінші раундта да әдемі төбелесіп шықты. Сөйтіп Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионы атанды. Қамшыбек Қонқабаев та ерлікке тән өнер көрсетті. Бұған дейінгі қарсыластарының бәрін айқын басымдылықпен ұтып келген өзбек боксшысы Баходир Жалоловпен қасық қаны қалғанша шайқасты. Бірақ төрешілер шешімі Қамшыбектің күміс жүлдегер болғанын білдірді.
Сонымен, Екатеринбургтегі әлем чемпионатынан Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен оралды. Осылайша қазақ боксшылары әлемдегі үздік құрамалардың бірі екенін, сонымен қатар бокстың өз елімізде ұлттық мақтанышқа айналып отырғанын тағы бір дәлелдеп қайтты.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша командалық есепте Өзбекстан құрамасы бірінші (3 алтын, 2 күміс), Ресей құрамасы екінші (3 алтын, 1 қола), Қазақстан құрамасы үшінші (1 алтын, 1 күміс, 4 қола) орыннан көрінді. Куба құрамасы (1 алтын, 1 күміс, 1 қола) төртінші орынға табан тіреді.

Нұр-Сұлтан – Екатеринбург – Нұр-Сұлтан

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button