Басты ақпарат

Үміт пен сенімнің 100 күні

 19 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми түрде Мемлекет басшысы қызметіне кіріскеніне 100 күн толды. Тәуелсіз Қазақстанның екінші Президенті осы уақыт ішінде халықтың сенімі мен үмітін оята алды ма? Халықтың сұранысына жауап беретін, қоғамдық пікірге құлақ асатын мемлекет қандай болу керек? Біз бүгін сарапшылар қауымдас­тығының Қасым-Жомарт Тоқаевтың 100 күндік қызметіне баға берген пікірлерін жариялап отырмыз.

Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Еуразиялық интеграция институтының ұйым­дастыруымен «Қ.Тоқаевтың президенттігі: алғашқы 100 күн – мақсаттар, қадамдар, тактика» атты дөңгелек үстел өтті. Ресейлік және отандық сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың 100 күндік қызметіне талдау жасап, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.
Басқосуға саяси ғылымдар кандидаты Эдуард Соловьев (Ресей Федерациясы), әлеу­меттану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шаукенова, саяси ғылымдар кандидаты Андрей Чеботарев, саясаттанушы Марат Шибұтов, саяси ғылымдар докторы, профессор Наталья Калашникова, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов, сая­саттанушы Талғат Қалиев, саяси ғылымдар докторы, профессор Роза Нұртазина және т.б. танымал сарапшы-мамандар қатыс­ты. Осы жиында айтылған пікір-пайым, ой-көзқарас­тарға талдау жасадық.

Президенттің ерік-жігері анық байқалды

Модератор қыз­метін атқарған, саяси ғылымдар кандидаты, белгілі саясаттанушы Ерлан Саировтың пікірінше, Қ.Тоқаевтың президенттігінің 100 күнінде еліміздегі саяси жүйе эволюциялық тұрғыда басқа бір сапалы деңгейге көшуге қабілеттілігін көрсетті. Ерлан Биахметұлы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың әлеуметтің «қызуы» үдеп, халық әділеттілікті ашық талап еткен кезінде билікке келгеніне екпін түсірді.
Бұқара да, билік те әлеу­меттік сауығуға мүдделі болды. Халыққа үміт сыйлайтын шақ туды. Мұндай кезде бірінші басшының Президент, шенеу­нік емес, халықпен тең құқылы азамат ретінде ел алдына шығу міндеті тұрды. Адал, әділ диалогқа негізделген жаңа формат қалыптастыру қажеттілігі туындады. Екінші Президент осындай үдеден шыға білді. Меніңше, қоғамдық сананың тұрақталуына көп жағдайда Қасым-Жомарт Кемелұлының ерік-жігерінің ықпалы зор болды. Ең бастысы, билік халықтың сұранысы мен қажеттіліктеріне құлақ асты. Демек, 100 күн ішінде бұқара мен биліктің арасында дұрыс диалог кезеңі, барлық тараптардың мүддесін ескеруге негізделген диалогтың жаңа векторы қалыптасып үлгерді, – деп сөзін түйіндеді Е.Саиров.

Елмен тіл табыса білетін саясаткер

Ресейлік сарапшы Эдуард Соловьев Қ.Тоқаевтың 100 күндік президенттік қызметіндегі саяси тактикасын жаһандық көлемде талдады. Әлемдік саясаттағы түйткілді мәселенің бірі – саяси коммуникацияға толық түсінік берді.
Бұл – әлемдік саясатта күн тәртібінде тұрған проблема. Демократиясы дамыған, тұрақтылық орнаған батыс елдерінің өзінде халықтың наразылығы өршіп барады. Ағылшын тілді саясаттанушы И.Крастовтың «Үкіметті ауыстыруға болғанымен, саясатты өзгерту мүмкін емес» деген сөзі бар. Соңғы жылдары кейбір елдердегі халықтың жиналып қалған ашу-ызасы саяси коммуникация дағдарысын туғызды. Мысалы, Франциядағы «сары жейде» кигендер наразылықтың символы емес. Бұл – билікке қордаланған проблемаларды жеткізу, өйткені «сары жейде» дегеннің өзі жаманшылықты білдіретін ұғым. Францияда адамдар жол апатына ұшырағанда «сары жейде» киеді. Бұдан не байқаймыз? Қарапайым адамдардың билікке өзінің үнін жеткізгісі келетінін көреміз, – деді саясаттанушы.
Эдуард Геннадьевичтің пайымдауынша, осы тұрғыда Қ.Тоқаев әлемдік беталыстарды да, өзі басқаратын мемлекеттің алдында тұрған түйткілді мәселелерді толық түсінетін үлкен саясаткер екенін дәлелдеді. Елдің қоғамдық-саяси өміріне өзгеріс енгізбей, алдағы уақытта табысты экономикалық реформалар жүргізу мүмкін еместігін өзіне бағдар етіп алды. Қ.Тоқаевтың тактикасының негізгі өзегі – осы. Ең бастысы, ел басқаруда екі негізгі бағытты темірқазық етті. Бірі – елдегі саяси жүйені жетілдіру. Яғни, көппартиялықты, саяси бәсекелестікті, пікір алуандығын дамытуда нақты логика бар. Екіншісі – халықпен тиімді қарым-қатынас орнату, бұл – бүкіләлемдік үрдіс.

Тоқаевтың трендтері

 Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры, профессор Зарема Шаукенова Президенттің 100 күн ішіндегі қызметіне талдау жасай келе негізгі саяси трендтерін анықтап берді. Халықтың сөзіне құлақ асатын биліктің екі белгісі бар: бірі – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, екіншісі – Президенттің виртуалды қабылдауы. Айтпақшы, 100 күнде Қасым-Жомарт Кемелұлы Твиттердегі парақшасында 400-ден астам, Инс­таграмда 16 жазба жариялаған.
Сарапшы Қ.Тоқаевтың ел басқару стилінде мынадай трендтердің анықталғанын тізбелеп берді: мәмілегер, реформатор, сенімге лайықты басшы, коммуникатор, әділдік жолындағы күрескер. Біріншіден, Президент – қиын жағдайларда тез шешім қабылдай білетін және елдің алдында жүретін тиімді дағдарыс менеджері. Бұған Арыстағы апат кезінде бүкіл қазақстандықтардың көзі жетті. Екіншіден, Президенттің бастамалары мен тапсырмалары оның мемлекеттік саясаттағы жағымды өзгерістерге дайын екенін көрсетеді. Үшінші қасиеті – саяси тәжірибесінің молдығы, ғылыми-сараптамалық қабілетінің болуы жұрттың Мемлекет басшысына деген сенімін арттыра түседі. Төртінші қасиеті – қоғамның ой-пікіріне үнемі ашық, қолжетімді көшбасшы. Мысалы, әлеуметтік желілер арқылы Президент халықты ел өміріндегі айтулы жаңалықтармен жедел хабардар етіп отырады. Бесіншіден, азаматтардың мүдделерінің теңгерімін сақтай білетін, ұлттық байлығымыздың әділ бөлінуіне жақтасатын төреші.

Халықтың сөзіне құлақ асатын мемлекет

Саясаттанушы Талғат Қалиев өз сөзінде қарапайым халықтың сөзіне құлақ асатын мемлекеттің тұжырымдамасы бүгінгі таңдағы әлеуметтік сауалдарға толық жауап беретініне тоқталды. Бұған дейінгі көптеген әлеуметтік дағдарыстардың билік пен бұқараның арасындағы ашық байланыстың жоқтығынан, шенеуніктердің өз халқының сөзіне құлақ аспауынан болғанын жасырмады. Бүгінгі билік халықтың тарапынан жасалатын көңіл толмаушылыққа ғана емес, айтылған мәселенің себептерін де анықтап, шешу жолдарын табуға ұмтылып отыр. Мәселен, Президент Әкімшілігіндегі жұрттың сауалдарын қабылдайтын бөлімге 4 мың арыз-шағым түсіпті. Демек, халықтың Президентке деген сенімі мен үміті бәрінен де маңыз­ды, құнды.
Талғат Қалиев бұған дейін болып келген ғаламтордағы қолжетімділік мәселесінің оң шешілгенін мысалға келтірді. «Шенеуніктер бұрынғыдай баспасөзден қашпай, өзекті мәселелер бойынша жедел түсіндіретін жағдайға жеттік. Өйткені Президенттің өзі әлеуметтік желілерде ерекше белсенділік танытып, шенеуніктерден де соны талап етуде. Жолдаудағы жергілікті билікке деген халықтың көзқарасын зерттеу жобасы көңілден шықты. Бұлардың бәрі – Президенттің халықшылдығын, оның саясатының әділдігін көрсетеді» деді сарапшы.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button