Астана-20

Бас қаланың құрдастары

Астананың мерейтойы қарсаңында бас қала­ның құрдас­тары бас қосты. Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінде өткен шарада жастар өздерінің жеткен жетістіктері мен табыстары туралы баяндап берді.

Білім ордаларында оқып жатқан елордалықтар 1998 жылы туған. Мәселен, Аида Беисова Астананың көшіп келген күні – 10 желтоқсанда дүниеге келген. Шығармашылыққа жақын бойжеткен сұлулық байқауына қатысып, 2005 жылы «Астананың кішкентай сұлуы» атанды. Ал Fiestalonia – Kazakhstan халықаралық ән конкурсының эстрада вокалы аталымында жеңіске жетті.
Түрлі өнер байқауларынан жүлделі оралатын Аида неміс және ағылшын тілдерін меңгерген. Одан бөлек, нақты ғылымдарға да қызығушылығы бар. Бүгінде ол С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде есеп және аудит мамандығы бойынша 3-курсты тәмамдады. Алдағы жоспарың қандай деген сұраққа ол «Шет тілдерін жетік меңгеріп, магистратураға түсуді қалаймын. Елге оралған соң, талмай еңбек еткім келеді. Болашақта өзімді іске мығым, мықты маман әрі отбасының ошақ иесі ретінде көремін. Елордада тұрып, өркендегім келеді» деп жауап берді.
Ал Назарбаев университетінің студенті Азамат Әбдіғалиев өзі білім алып жатқан оқу ордасы мен Астананың ортақ қасиеттерін сипаттап берді.
– Назарбаев университеті мен Астананы сапа мен білім, даму көкжиегі байланыстырады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған біздің университет қазіргі таңда ТМД аумағындағы бәсекелес оқу орнының біріне айналды. Біздің елорда да, университет те бір орнында тұрған жоқ, дамып келеді. Қазіргі таңда біздің оқу орнында жаңа мамандықтар ашылып жатыр, әлемнің ең мықты ғалымдары мұнда сабақ береді. Университет түлектері әлемнің ең озық АҚШ және Еуропа университеттерінде оқуын жалғастырып, жетекші компанияларда жұмыс істейді. Бұл – біз үшін мақтаныш, – деді Азамат Әбдіғалиев.
Астаналық «Қар барысы» жастар командасының хоккейшісі Ян Калиновский «Бұл қалада менің атажұртым – Ұлы Отан соғысының ардагерлері туып-өсті. Сондықтан менің шежірем – елорданың бір бөлшегі» дейді. Астананың түйдей құрдасы Ян хоккеймен айналысып жүрген аралықта елорданың заманауи орталықтары, спорттық кешендері бой көтергенін еске алды.
Елордамен бірге өскен Елбарыс Сейіт­жағап­пар болса «Астана – біздің ортақ мақтанышымыз. Бұл қалада білім алып, жұмыс істеп, өмір сүру – үлкен бақыт» деп есептейді.
Астана – болашақтың қаласы, жалындап тұрған жастардың қаласы. «Астана ақшамы» редакциясы жиырмаға толған жас­тардың жолы әрқашан ашық болсын деп тілейді.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button