Астана-20

Миллионыншы тұрғын екі жасқа толды

Осыдан екі жыл бұрын 4 шілде күні елорда тұрғындарының саны айтулы межеге жетіп, Астана миллионер-қалаға айналған еді. Миллионыншы тұрғын атану бақыты бұйырған кішкентай сәбиге атасы мен әжесі Саида деп ат қойған.

Саида Мұхамедияр – бірі Қостанайдан, бірі Павлодардан арман арқалап Астанаға келіп, тағдыр тоғыстырған Арайлым мен Олжастың тұңғышы. Статистикалық көрсеткішке елеулі өзгеріс әкелгені үшін сәбидің ата-анасына Астана әкімі Әсет Исекешев екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, осылайша жас отбасы үлкен шаттыққа кенелген.
Несібесі тасып туған Саида, міне, биыл екі жасқа толып отыр. Ол өскен сайын қала тұрғындарының саны да қалмай артып келеді. Бар қазақ туыс екенін ескерсек, елордада дүниеге келіп жатқан ендігі сәбилердің бірі Саидаға іні, бірі сіңлісі іспетті.
Арайлымның айтуынша, қа­зақтың дархан пейілі бұл балаға да дарымай қалмаған сияқты. Ол ешкімді жатырқамайды, кез келген жерде айналасындағылармен ойнап, тәтті қылықтарымен үйіріп ала жөнеледі. Өзіндік мінезі де жоқ емес – бірдемеге ұмтылса, қол жеткізбей қоймайды.
Кейде Саида өкшесін көтеріп, аяғының ұшымен жүріп, балериналар секілді билейді екен. Жасампаздық пен шы­ғар­машылық өнердің биік дең­ге­йін­де салынып, бой түзеп келе жатқан қаламыздың миллионыншы тұрғыны кейін миллиондарды аузына қаратқан өнер иесі болар, кім білсін?!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button